Жаңалықтар

Apple компаниясы жаңартылған iPad Pro үлгілерін ұсынды

Apple компаниясы жаңартылған iPad Pro үлгілерін ұсынды/Фото: kursiv.media

Apple компаниясы Apple M4 бір чипті жүйесіне негізделген, Ultra Retina XDR OLED дисплейлері бар жаңартылған iPad Pro үлгілерін ұсынды.

Жаңа iPad Pro-ның корпусы жұқа және экрандарының диагоналы 11 және 13 дюйм. 11 дюймдік модельдің қалыңдығы 5,3 мм, ал 13 дюймдік модель небәрі 5,1 мм.

Apple бұл жаңа iPad Pro Apple компаниясының ең жұқа өнімі екенін атап өтеді.

11 дюймдік модельдің бағасы 999 доллардан, ал 13 дюймдік модель 1299 доллардан басталады. Келесі аптада сатылымға шығады.

Бұған дейін Еуроодақ Apple компаниясына 1,84 миллиард еуро айыппұл салды. Брюссель корпорацияны iPhone және iPad пайдаланушыларына қасақана қымбат ұсыныстарды көрсетіп, өзінің үстем жағдайын теріс пайдаланады деп айыптады.

Монополияға қарсы тергеу 2019 жылы басталды. Ол кезде Spotify швед сервисі App Store комиссиясына байланысты ай сайын жазылым құнын көтеруге мәжбүр екенін мәлімдеп шағым түсірген.

Бұл істі тексере келе Еуропалық комиссия америкалық корпорацияның пайдаланушыларға арзан балама таңдау мүмкіндігін қасақана қиындатқанын анықтаған. Әзірлеушілер жазылым бағасы қолданбадан тыс жағдайда арзанырақ екенін хабарлай алмаған. Өйткені мұнда сатып алулар тек Apple механизмдері арқылы жүзеге асырылып келген.

Бұған дейінгі Apple компаниясына қатысты жайттар

Еске сала кетсек, «Курсив» Apple компаниясы үлкен айыппұлдан құтылу үшін NFC модулін ашу туралы ұсыныс жасағаны туралы жазған еді. ЕО қысымға алған соң Apple компаниясы ЕО-ның монополияға қатысты айыптауларымен қатар айыппұл төлеуден құтылуды көздеген. Алайда компания діттеген мақсатына жете алмаған секілді.

Осыған дейін Оңтүстік Кореяның телекоммуникация секторының реттеушісі Alphabet Inc құрамына кіретін Google мен Apple Inc. компанияларына қомақты айыппұл салатыны туралы ақпарат тарады. Реттеуші бұл компанияларды нарықтық позицияны теріс пайдаланды, мобильді төлемдер саласындағы жергілікті реттеуді бұзды деп айыптаған.

Ал тамызда Ресей соты Apple компаниясына тыйым салынған ақпаратты жоймағаны үшін айыппұл салды. Онда Apple жойылатын ақпаратты жоймағаны үшін кінәлі деп танылған. Apple корпорациясына 400 мың рубль көлемінде әкімшілік айыппұл тағайындалды