Кей адамдар бір саланы мықтап меңгеріп алады да, өмір бойы сол бағытта жұмыс істейді. Енді бірі саладан салаға тез ауысып, жаңа қызметке жылдам бейімделеді. Біле білсеңіз, мансап жолындағы мұндай икемге қатысты арнайы термин бар. Бірнеше жерде жұмыс істегенімен қоймай, бір басына бірнеше мамандықты қатар алып жүргендерді «слеш-карьеристер» деп атайды. Оның қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар? Бір адамдар неліктен слеш-карьераны құп көріп, енді бірі ұнатпайды? Сол туралы айтамыз.
Слеш-карьерист деп кімді айтамыз?
Бастапқыда слеш-карьеристер деп шығармашылықпен айналысатындарды айтқан. Бірақ кейіннен басқа салаларға да қатысты қолданылатын болып кетті. Мысалы, сіз проза жазасыз делік. Бірақ негізгі жұмысыңыз заңгер болуы мүмкін. Екеуін қатар алып, екеуінен де табыс тауып жүре бересіз. Сол сияқты күндіз ағылшыннан сабақ беріп, кешке тойға шығып, фотограф болатындар бар. Жалпы алғанда слеш-карьера жасау адамның болмысына байланысты. Өйткені мұндай адамдар еркіндікті жақсы көреді. Таңнан кешке дейін бір жұмыста жүргеннен әр түрлі салаға қатысты жобаларды алып жүргенді ұнатады. Әсіресе, 1981-1996 жылдар аралығында дүниеге келген миллиениалдарға тән.
Рененссанс дәуірінде бір бойына бірнеше талантты жиған адамдарды «полимат» деген екен. Жарқын үлгісі ретінде Леонардо да Винчиді айтсақ болады. Ол өзі инженер, жазушы, суретші, музыкант әрі өнертапқыш болған. Талант қайда жатыр десеңізші?! Леонардоға «әмбебап адам болу» оңай болды. Өйткені да Винчи әулеті бақуатты еді. Тоқтаусыз оқып, үйренуге мүмкіндігі жетерлік болған. Әрі ол кезде қоғам «өнерлінің өрісі кең» демекші, бір жерде мықты боп көрінген адам барлық жерде солай табысқа жете алады деп ойлайтын. Қазір білім жүйесі ол кездегідей әлдеқайда басқа, заман да өзгерді. Қазір бір саланың майын ішкен маман әлдеқайда бағалы саналады. Десе де, полиматтар әлі де бар екенін ұмытпауымыз керек.
Мәселен, 2020 жылы жасалған бір зерттеуде 18-35 жас аралығындағы қытайлықтардың жартысына жуығы өмірінде кемінде бір рет болсын бір уақытта бірнеше компанияда істеген екен. Ал 1980-1990 жылдар аралығында туған америкалықтардың 45 пайызында негізгі жұмысына қоса қосымша қызметі бар болып шыққан. Бұдан байқайтынымыз, кей адамдарға карьера жолындағы өсу тәсілі ұнамайды. Яғни ассистент болып келіп, бірнеше жылдан соң директорға айналу барлығының бірдей арманы емес деген сөз.
«Өскенде кім боласың?» деген сұрақты «Сен бұл өмірде бір мамандықты ғана игере аласың. Таңда» деп айтса, слешерлерде үрей пайда болады. Өйткені олар өмір бойы бір салаға байланғысы келмейді. Болмысын жан-жақты аша түсетін, қызыққа толы ғұмырында барлығын байқап көргенді ұнатады. Жазушы Нейджел Марш TED Talks-тағы сөзінде былай дейді: «work‑life balance ұстану үшін жұмысқа шығынтайтын уақытты қысқартып не ұзарту жеткіліксіз. Адам өзін интеллектуал әрі маңызды сезініп, эмоциялық та, рухани да жағынан кенде болмас үшін күнделікті әдетіне түрлі күйге түсіретін, түрлі қажетін өтейтін жұмыстарды кірістіргені жөн. Осылайша миы жақсырақ жұмыс істейді». Сонымен бірге кейде адам еріксіз слешерге айналатын кездер болады. Яғни тапқан табысы жетпегендіктен, қосымша жұмыс алуға тура келуі мүмкін. Мұндай жағдай қазір тіпті жиі кездеседі.
Слеш-карьеристердің басым тұсы
Кейінгі кездері бірнеше салада қатар істейтіндердің қарасы көбейіп келеді. Айналаға көз салсаңыз, таныстарыңыздың ішінен мұндай адам міндетті түрде табылады. Себебі ғылымға жан-тәнімен беріліп, содан нәтиже шығаратын адам қандай маңызды болса, шығармашыл, тез бейімделіп кететін маман да дәл сондай маңызды. Эмили Вапниктің «Мультипотенциалдар. Өссе де, кім болатын шешпеген адамдарға нұсқаулық» деген кітабы бар. Осы жерде слеш-карьераны құп көретін мультипотенциал адамдардың супер қабілеттері туралы жақсы жазылған.
- Идеяға бай болады. Слешерлер бірнеше концепцияны біріктіріп, тоғыстыру арқылы тың дүние ойлап таба алады. Мысалы тірі скульптура туралы естіп пе едіңіз? Ботаника мен өнерді жақсы көретін қос құрбы — Мишель Инчаррано мен Кэти Маслоу осы екі қызығушылықты қосып, флористика дүкенін ашқан. Ондағы ерекшелік — әлгінде айтқан тірі скульптурада. Яғни олар мүк, суккулента мен гүлдерді шағын, қолдан жазылған мүсіншелермен қосып, террариумдар жасайды. Міне, осы сынды идеяларды біріктіре отырып, оригинал дүние ойлап табуға болады. Сондықтан слеш-карьерист позициясы шығармашылық жұмыстармен айналысуға таптырмайды. Өйткені қиял қосылғанда түрлі саладағы машық пен білімді пайдаланып, мәселеге басқа қырынан қарауға мүмкіндік туады.
- Тез үйреніп алады. Мультипотенциал адамдар білім мен білікті тез меңгереді. Әрі бір саладағы білетінін екінші бір салаға оңай кірістіреді. Абстракт ойлай алатын қабілетті геометрия сабағынан алған болса, сол машықты ол суретші болуға қолдануы мүмкін. Ал актерлік шеберлік сабағын алған менеджер өзін жақсырақ таныстырып, көптің көзайымына оңай айналады.
- Өзгерістерге жылдам бейімделеді. Қазір экономика тұрақсыз. Даму қарқыны да қатты. Сондықтан бұл нәрсе слешерлердің оң жамбасына келеді. Жаңа саланы тез меңгеріп кетеді. Мысалы бір саладағы жұмысына сұраныс азайып кетсе, екінші бір сұранысы мол бағытқа ауысады.
- Пәнаралық концептуал ойлау қабілеті жақсы дамыған. Неше түрлі салада өзін сынап көрген адамдар жақсырақ ойланады. Көкжиегі кең болған кезде мәселенің мәнін түсіну де оңай бола түседі. Бір бағытта ғана жұмыс істейтіндер байқамайтын кей мәселені слешерлер жақсы байқап қалады. Сонымен бірге әлдебір шешімдердің нәтижесіне қатысты болжамды да жақсы жасайды. Мұнысы өзіне ғана емес, айналасына да күшті әсер етеді.
- Мамандар арасында елші бола алады. Мультипотенциалдар жан-жағын байқап жүретіндіктен мұқият тыңдаушы болып келеді. Адамдардың түсіне алатын, байланыстыра алатын елшілік қасиеті осындайда жақсы. Соның арқасында команда арасында бірлік орнатып, көпір болады. Әрине, осындай қабілеттердің арқасында мансап жолында да, жекелей де мықтырақ дамиды. Слешерлер — өзі би, өзі қожа бола алатын адамдар. Өзіне қызық бағытты таңдап, қызығушылығына сай өмір сүреді. Сол себепті өсіп кетсеңіз де, әлі күнге дейін кім болатыныңызды білмей жүрсеңіз, саспаңыз.
- Өзім — би, өзім қожа. Бірнеше қызметті қалай алып жүруді өзіңіз шешесіз. Оның ішінде жұмыс уақытын, кесте мен жүктемені де әркім ыңғайына қарай реттеп алады.
- Ақшасыз қаламын деген қорқыныш азырақ болады. Олай дейтініміз, бір жұмысыңызға қандай да бір қиындық туып, айлық кешіктірілсе не жұмыстан қысқарып қалсаңыз, басқа жұмыстардың есебінен экономикалық ахуалыңызды реттей аласыз.
- Таусылып, шашылып қалмайсыз. Өйткені әдетте бір жұмысты тоқтаусыз бірнеше жыл істегенде адамда мотивация азайып, жаңа нәрсе жасамаса шаршап қалады. Оның барлық эмоциялық жағынан таусылуға әкеліп соғуы мүмкін. Егер сізде бірнеше жұмыс болса, әрқайсысы әр түрлі бағытта болғандықтан бірінен екіншісіне оңай ауысып кете бересіз.
- Кросс-функциялы маман боласыз. Себебі басқа саладағы қызметіңіздің барысында жаңа машық үйренесіз. Сөйтіп сол меңгерген скилдер басқа салада да пайдасын тигізуі мүмкін. Айталық, менеджерлік тәжірибеңіз енді бастап жатқан аспаздың ас бөлмесіндегі процестерді жақсырақ реттеуге көмектеседі дегендей.
- Өзіңізді дамытуға мүмкіндік мол. Егер бір жұмысыңызда жетер жерге жетіп, тығырыққа тірелсеңіз, еш уайымдамай ол жерден кетіп қала аласыз. Сөйтіп басқа бағытта өзіңізді сынап көріп, ашылуыңызға болады.
Слешер болудың қандай қиын тұстары бар?
Біз әдетте бала кезден бір маман болуды армандап, сол жолда ерен еңбек еткендердің оқиғасына қанығып, қызығамыз. Осы сынды «бір бағытта өсу керек» деген ұстанымды жиі кезіктіреміз. Қатардағы қызметкер болып келіп, бастыққа дейінгі жолды еңсеруді де романтизациялайтынымыз бар. Қоғамда бала кезден бір мамандыққа бекініп, мектеп бітірген бойда кім болатыныңды нақтылауың керек деген түсінік қалыптасқан. Егер әлі бір байламға келе алмай жүрсе, оған қырын қарайтыны тағы бар. Айналадағылардың осылай «қысым» жасағаны кей адамның өз бағасын өзі түсіріп, өзін өзгелерден кемшін көруіне де әкеліп соғуы мүмкін. «Отызға келсем де, орда бұзбадым» деп уайымдап, бойдағы бүкіл әлеуетін толық аша алмай жүретіндер болады. Сөйтіп полиматтар қате шешім қабылдап, бұрыс бағыт таңдаудан қорқып уақыт өткізіп алуы ғажап емес.
Айтқандай, әзірге қоғамда слеш-карьера норма деп санала қоймады. Сондықтан ішкі ойыңыз әрдайым екіұдай болып тұратыны бар. «Бірдеңе дұрыс болмай жатқан сияқты» деген ой тұрып алып, кетпей қояды. Тіпті жақындарыңыздың өзі екінші карьераңызды онша бағаламай, «орнын таппай жүрген адамсың. Бір жерге тұрақталсаңшы» деуі мүмкін.
Одан қала берді слешерлерге жұмыс берушілер де сеніңкіремеуі мүмкін. Яғни бір уақытта бірнеше жұмыс істейтін қызметкерді алуға қарсы көзқараста болатындар табылады. «Ойы шашырап, біздің жұмысқа беріліп істемеуі мүмкін», «бірнеше жұмысы бар адамға әлдебір міндетті сеніп тапсыру қиын. Тапсырманы сапасыз орындайды», «біздің жұмыста бірнеше жерде жұмыс істеуге тыйым салатын ішкі ереже бар. Біздің жұмыс жалғыз ғана қызмет болуға тиіс» дегендей сөздер айтылса, таңғалмаңыз. Басқа жерде істейді екен деп толық штатқа емес, 0,5 пайызбен жұмысқа тұрса, берілетін әлеуметтік жеңілдіктен де ұтылуы мүмкін. Ол көбіне полимат маманның еңбек демалысына берілетін ақы не сыйақысына әсер етіп жатады. Сондықтан басшылық тарапынан үстіртін көзқарас болуы мүмкін екеніне дайын болғаныңыз абзал. Сол себепті «Екі жерде істейтін адамнан жөнді эксперт шықпайды. Нағыз мықты бүкіл ресурсын бір жерге ғана жұмсайды» деген пікірде жүретіндер болатынын естен шығармаңыз.
Слеш-карьеристке керек қасиеттер
Бірнеше жерде істегендіктен, слеш-карьеристер ресурсты әлдеқайда көбірек шығындайды. Соның ішінде жаңа саланы меңгере бастаған кезде. Мұндайда машықты меңгеру үшін қосымша курс оқуға тура келуі мүмкін. Болмаса, скил дамытып, портфолио жасап алу үшін бірнеше жұмысты тегін жасауыңыз ғажап емес.
Ендігі бір қиын тұсы — тайм-менеджментті дұрыс ұстана алмайтын болса, онда он жерден еркін жұмыс істеймін десе де, жұмыс барысында қапылып, үлгере алмай қалады. Өйткені бір уақытта бірнеше жобаны параллель алып жүру оңай дүние емес. Ол үшін темірдей тәртіп қажет-ақ. Бірінші кезекте, өзіңізге өзіңіз мықты менеджер бола алуыңыз керек. Бір жұмысыңыз екіншісіне кері әсерін тигізбесін. Таразы басын тең ұстап, барлығын бірдей қатар алып жүре алуыңыз керек.
«Мамандық таңдаудан қателеспе» деген тілекті барлық түлек еститін шығар. Қазір кез келген уақытта сала ауыстыруға болатынын ескерсек те, басынан дұрыс салаға бет бұрған, әрине, жақсы. Бірақ олай дөп түсу оңай емес. Сондықтан қателеспес үшін барынша ойланып алып шешім қабылдаған жөн. Мысалы дәрігер болу үшін он шақты жылыңызды оқуға арнауыңыз керек. Қырыққа келгенде аяқ-асты мұндай шешім қабылдап, бұрын басқа салада істеп келіп, дәрігер бола салу қиын. Дұрыс профориентация қажет. Әрі ол мектеп бітірген түлекке ғана емес, керек десеңіз, ересекке де артық етпейді. Кейінгі жылдары карьералық кеңесшілер пайда болып жатыр. Олар да осы ретте жақсы көмектесе алады.