Қор нарығына шолу: IPO Zeekr, АҚШ-тағы «электр көліктерінің қысы», құнсыздануға қатысты болжамдар

Жарияланды
Қор нарығына шолу/Johan Ahlander/File Photo

Америкалық қаржы нарықтары жұмыссыздыққа байланысты берілетін жәрдемақы сұраған өтінімнің көбеюі есебінен өсіп жатыр. Себебі еңбек нарығындағы ахуалдың нашарлауы биыл Федералдық резервтік жүйе (ФРЖ) мөлшерлемелерінің төмендеуі ықтималдығын арттырады. UBC талдаушылары сәуір мәліметтері АҚШ-тағы құнсызданудың төмендегенін көрсетеді деп күтіп отыр. Сонда акциялардың өсуіне тағы бір түрткі пайда болады деген ойда. Осы және басқа да тақырыптар туралы әлемдік БАҚ-қа шолудан оқыңыздар.

Dow жеті күндік «жеңіс сериясын» орнатты

Соңғы берілген І тоқсан есептерінде әртүрлі нәтиже көрсетілсе де, америкалық қор индекстері бейсенбі күні өсті. «АҚШ-тағы жұмыссыздыққа байланысты берілетін жәрдемақы сұраған өтінімдерге қатысты тың мәліметтер нарық үшін ынталандырушы қызмет атқарды, бұл – сол қалпы еңбек нарығы суып бара жатыр деген сөз» деп жазады Yahoo Finance. Жәрдемақы сұраған өтінім саны 2023 жылғы тамыздан бергі ең жоғарғы деңгейге шығып, биыл-ақ мөлшерлеменің төмендеуі ықтималдығын жоғарылатты.

Одан бөлек, Arm-нің жылдық түсімінің болжамы да ойдағыдай болмады. Бұл жасанды интеллектімен айналысатын компания акциялары өседі деген үмітке күмән келтірді.  Чип өндірушілердің акциялары, орта есеппен, 3 пайызға құлдырады. Алайда NYSE президенті Линн Мартин FoxBusiness-ке берген сұхбатында «америкалық қор нарығындағы үміт тұғыры 2024 жылдың соңына дейін құламайды» деген.

«Wolfe Research-тегі Крис Сеньек акциялар бағасы мерзімге ғана ұтымды бағада болады деп білсе, ал Leuthold сарапшысы  Дуга Рэмси S&P 500 жыл соңына дейін 10 пайызға өседі деп үміттенеді», – деп жазады Bloomberg.

22V Research жүргізген сауалнамадан белгілі болғаны, жалпы, S&P 500-дің алдағы 10 пайызға өсуіне қатысты инвесторлардың пікірі екіге жарылды. 52 пайызы эталондық индикатор құны жоғарылайды, ал  48 пайызы төмендейді деп біледі.

UBS инфляцияда  төмендеудің жаңа циклі басталады деп болжайды

«UBC сарапшылары сәуірден бастап АҚШ-тағы құнсыздану туралы мәліметтер баға өсімінің баяулауын көрсетеді деп күтіп отыр» деп жазады CNB. Ақпан мен наурыздағы есептер нарық ойлағандай үміт ұялатарлық нақышта болмағанын және инфляция қайта жоғарылайтынына нұсқағанын еске саламыз. Осы жағдай акциялар бағасына қысым жасады. Енді инфляция біршама баяулай бастайды, тұрғын үй бағасы мен тұтынушылық шығынының төмендеуі соны меңзейді.

«Біз алдағы айларда АҚШ-тағы инфляция қайта баяулай бастайды деп күтеміз, – деп атап өтті UBS өкілі Солита Марчелли. – Инвесторлар сәуірдегі тұтынушылық бағалар индексі инфляцияны баяулатуға ықпал етеді деп күтеді. Осылайша, бірінші тоқсанда үзілген үрдіс қалпына келеді. Алдағы айларда құнсыздану деңгейі ФРЖ-ның 2 пайыздық мақсаттық көрсеткішіне орала бастайды деп сенеміз».

Егер осы болжам орындалса, бұл нәрсе қор нарығының өсуіне тағы бір түрткі қызметін атқармақ.

Қытайлық Zeekr электрлік көлік өндірушісінің IPO-сы алапат сұраныс тудырды

Reuters агенттігінің хабарлауынша, қытайлық электрлік көлік өндіруші Zeekr (Geely-дің премиум бренді) Нью-Йорктегі IPO кезінде акцияларын ең жоғарғы бағамен сатты, соның нәтижесінде компания бастапқыда 441 миллион доллар жинады. Енді барлығы 21 миллион америкалық депозитарлық акция әрбірі 21 долларға сатылады, яғни компанияның жалпы құны 5,1 миллиард долларға барады.

Компанияның акцияларына деген сұраныс жоғары. Бұрын айтқанымыздай, алдын ала тапсырыс кезінде, IPO қарсаңында, ұсыныс көлемінен бағалы қағаз сатып алғысы келетіндер әлдеқайда көп болды. Ұсынысты орналастыру бойынша жетекші андеррайтер: Goldman Sachs, Morgan Stanley, Bank of America және CICC.

Zeekr-дің IPO-сына деген үлкен сұраныс Қытай нарығындағы электрлік көлік секторындағы қатал баға соғысынан пайда болды. Мұндай ахуал өндірушілерді елден тыс жерлерге кетуге мәжбүр етеді. Zeekr – Еуропаға бет бұрған BYD, SAIC және Great Wall Motor сияқты көптеген қытайлық автокөлік өндірушінің бірі. BYD және Қытай үкіметі қолдайтын Chery мұндай жобаларды бұдан бұрын-ақ жариялап үлгерген.

Zeekr листингісі – бірінші рет Қытай акцияларының ірі көлемде АҚШ-тағы қор биржаларында орналасуы. Zeekr акциялары 10 мамырда саудаланады деп күтіп отыр.

Barclays АҚШ-тың «электрлік көліктердің қысымында» қалғанын айтады

«Barclays талдаушылары АҚШ-тағы электрлік көлік нарығының дамуы баяулады деп атап өтті» деп жазады CNBC. Осы деректі ескере отырып, стратегтер америкалық General Motors компаниясының электрлік көлік шығаруына қатысты болжамдарын сиретті.

Barclays талдамашысы Дэн Леви өз жазбасында америкалықтардың бензинмен жүретін көліктен электрлік көлікке көшу қарқыны бәсеңдегенін айтты. Осылайша, қатарынан екі тоқсан Калифорнияда электрлік көліктердің нарыққа ену қарқыны баяулап тұр. Алдын ала есептеулер бойынша, бір жыл бұрынғы 9,1 пайызбен салыстырғанда, сәуір айында бұл көрсеткіш 9,3 пайызды құрады. Ал Калифорния – электрлік көлік енгізу жөнінен АҚШ-тағы жетекші өңір, елдің қалған бөлігіндегі үрдістің маңызды индикаторы.

Сонымен қатар, талдамашының пікірінше, Қытай әлі де жаһандық электр көлігі нарығында үстемдік етіп отыр, 2024 жылы сатылған барлық электр көліктерінің 58 пайызы осы елге тиесілі, ал АҚШ-қа 10 пайызы ғана бұйырған.

Сондай-ақ оқыңыз