Алаяқтар көбейген сайын, олардың қолданатын схемасы да өзгеріп отырады. Заманына қарай амалын қылып, адамдардың сеніміне кіріп алып, технологиялардың көмегімен құрыққа түсіреді. Кейінгі кездері «дауысты жазып алып, атымыздан кредит алады екен» деген сөз жиі айтылып жүр. Бұл рас па? Алаяққа алданып қалмас үшін не істеуге болады?
Ең алдымен, жүрегіңізді басып қояйық. Даусыңызды пайдаланып, сіздің атыңыздан банкке хабарласып, несие рәсімделуі не шоттан ақша жіберілуі екіталай. Өйткені телефон арқылы ақша аудару үшін бірнеше деңгейден тұратын идентификациядан өтуіңіз керек. Яғни дауыс жеткілікті деп айта алмаймыз. Дегенмен бұл қауіп бекер емес. Себебі алаяқтар расында өз даусыңызды өзіңізге қарсы қолдана алады. Бастысы, қақпанға түсіп қалмау үшін білуің керек бірнеше жайт бар. Соларды ескергеніңіз абзал.
Алаяқтар даусыңызды жазып алып, ақшаңызды қолды қыла ала ма?
Қазіргі банк жүйесінде технологияның түр-түрі қолданылатыны, рас. Яғни байланыс орталықтарында адамдардың даусына қарап танитын жүйе шынымен бар. Бірақ дауыстан бөлек, клиенттерді растау үшін құпиясөз сұратып, симкарта идентификаторы не түрін көрсетуді талап етеді. Мұндай технология не үшін керек? Автомат түрде тани алатындай технология жұмыс барысын жеделдетуге керек. Яғни процесті тездетіп, мәселесін шешу үшін қолданылады. Бірақ бұл жерлерде шешімді оператор қабылдайды. Мысалы, клиент банкке хабарласып, «қай жерде пәленбай банктің терминалы бар» деген сұрақ қойса, онда кім екенін анықтап жатпастан бірден жауап бере береді. Қазір тіпті операторға қосылмай-ақ, чат-бот не оператор-бот арқылы мұндай ақпаратты емін-еркін алуға болады.
Ал енді клиент банкке звондап, бұрын-соңды аудармаған бір шотқа ақша аударғысы келетінін айтса, онда оператор қосымша ақпараттар сұратады. Себебі мұндайда абай болу қажет. Дауысты жазып алатындардың сценарийі үнемі ойдағыдай іске аспауы мүмкін. Өйткені оператормен арадағы әңгіме әр кезде әрқалай өрбиді. Алаяқтың ойына келіп шықпайтын сұрақтар қойылып қалса, ол, әрине, аңтарылып қалады. Сізбен бұған дейін сөйлескенде «иә», «жақсы», «сәлеметсіз бе», «мына нөмірге ақша аударсаңыз», «қарсы емеспін» деген сөздерді жазып алса да, оператормен толыққанды сөйлесуге бұлар жеткіліксіз. Тіпті толық сөйлем түрінде «мына картаға ақша аудару керек» дегенді айтқызса да, алаяқ ақшаны ала алмайды. Олай болатын себебі — оператормен әңгіме барысын 100 пайыз болжай алмасы анық.
Дауысқа дипфейк жасап алдауы мүмкін бе?
Қазір нейрон желілерін қолданып, кез келген адамның виртуал көшірмесін екінің бірі жасап шығара алады. Ол рас. Оны «дипфейк» деп атайды. Осы терминнің ішіне көшірмесі жасалған образдың бір бөлігі — бейне не дауыс та кіреді. Ең алдымен дауысқа жасалатын дипфейк туралы айтайық. Бұл қалай жұмыс істейді? Жүйе мынадай: нейрон желілеріне аудио не бейне жазба беріледі. Яғни сіздің бірдеңе айтып жатқан бейнежазбаңызды аламыз. Бағдарлама сіздің қалай сөйлейтініңізге, қандай қылық танытатыныңызға толықтай анализ жасап шығады. Осылайша айна-қатесіз соны қайталауға тырысады. Егер сіз сөйлегенде, кекештеніп не тұтығатын болсаңыз, оны да имитация жасайды. Демек түпнұсқаға қарап, қайталайды.
Дипфейк көбіне танымал адамдарға сәтті жасалады. Өйткені олардың аудиосы мен видеосы интернетте ашық тұр. Қаншама гигабайт ақпарат бар. Неғұрлым дерек көп болса, соғұрлым жұмыс та сәтті жүреді. Бұл дегеніңіз алаяқ алдын-ала бір мәтін дайындап, кейін сол сөзді қалаған адамының аузына салып бере алады дегенді білдіреді. Желіде белгілі бизнесмен Марғұлан Сейсембайдың түрлі қаржы пирамидасына шақырып, инвестор болуға шақырған видеоларын көрген боларсыз? Міне, сол — дипфейк. Бір айта кететін жайт, дипфейк қазақша білмейтін америкалыққа қазақша сөйлетіп қоя алады.
Айтқандай, дипфейктің көкесін жұлдыздарға істеу оңай. Ал қатардағы қарапайым адамдарға жасау ондай оңай дей алмаймыз. Бірақ жасауға болады. Әсіресе, егер алаяқтар мессенжеріңізді бұзып алып, ондағы сөйлескен чаттарыңызға қол жеткізсе, халіңіз қиындай түседі. Себебі алаяқ чаттарға анализ жасап, нейрон желісін үйретсе — қалағанын жасайды. Ендеше алаяқтар банктегілерді оп-оңай алдап түсіре ала ма? Оңай емес. Өйткені банкте басқа да факторлар есепке алынады. Мысалы, клиенттің қандай құрылғыдан, қандай нөмірден хабарласып тұрғанына қарайды. Егер өз нөмірі болмаса, не жаңа құрылғы болса, онда қосымша сұрақтар қойылады. Ол сұрақтардың жауабын клиенттің өзі ғана біледі. Егер жауап бере алмаса, онда ақша аудармайды.
Видеодипфейк банк қызметкерін алдай ала ма?
Алдай алмайды. Себебі алаяқ клиенттің мессенжерін бұзып алып, оның жеке өмірі жайлы түрлі дерекке қанық болса да, ақшаңызды қолды қыла алмайды. Өйткені әдеттегі сауалдарға қоса, оператор видеобайланысқа банк қолданбасы арқылы шығуыңызды сұрап, идентификация өтуіңізді міндеттейді. Ол қалай болады? Банк қолданбасы смартфон камерасынан тікелей бағытталған бейнені ғана таниды. Егер дипфейкі бар видеоны көрсетпек болсаңыз, оны біліп қалады да, операторға сигнал жібереді. Сол арқылы банк бұдан хабардар болады. Нейрон желісі жасаған дипфейті басқа камераның экранынан көрсетіп, қолданба камерасына тақасаңыз да, одан түк шықпайды. Өйткені ондай жағдайда liveness технологиясымен жабдықталған басқа нейрон желісі мұны сезіп қояды.
Liveness деген қандай технология?
Өзін басқа адам қылып көрсеткісі келетін алаяқтар небір айла жасайды. Дауысты да ұқсатуға тырысады. Бейнемен де шатастырмақ болады. Банктегі селфи арқылы жасалатын тексерістен өту үшін құрбанының фотосы мен видеосын пайдалануға тырысады. Мұндайда қаскөйдің өтірігін әшкерелеу үшін liveness технологиясы көмекке келеді. Бұл — реал уақытта кадрда көрініп тұрған адамды мыңдаған параметр бойынша тексеріп, жүйеде бар оригиналмен салыстыратын нейрон желісі. Айталық, қолданушы камераға қарап тұрған кезде жүйе оның реакциясының жылдамдығын, мимикалық бұлшықеттерінің қозғалысын, бейне дефектілерін — бәрін-бәрін анализден өткізеді. Оның ішінде күн шағылысып тұрса, бейне бұлыңғыр болып тұрса — мұның бәрі ескеріледі. Кей қорғаныс жүйелері сыртқы алгоритмдер деректеріне қоса, адамның қимыл-әрекеттерін де бағалайды. Мысалы, қалай жымиятыны, мойнын оңға не солға қалай бұратыны, көзін жыпылықтатуы да анализден өтеді. Бұлай етудегі басты мақсат — адамның шынымен сол екеніне көз жеткізу. Сол арқылы камерада көрініп тұран бейне шын ба, әлде сурет не екіншісі экраннан қосылған бейне ме көрінеді.
Егер күдікті болып көрініп, күмәнді паттерн көбейсе, жүйе сізді кіргізбей қояды. Мысалы, басқа бір шотқа ақша аудармақ болсаңыз, онда қосымша тексеріс жасалмайынша, аударымға рұқсат бермейді дегендей. Liveness технологиясын банктер мобайл қолданбаларында, мобайл сервистерінде, рұқсатты басқару жүйелерінде қолданады. Зат сатып алғанда төлейтін, биометрия қолданылатын кез келген жерге кірістіріледі. Көбіне Liveness бірнеше тексеріс тәсілімен біріктіріледі. Мысалы, дауысын танитын және түрін танитын. Осылайша идентиафикация өте нақты болады, алаяққа тұсау қойылады.
Алаяқтар даусыңызды тағы қалай қолдануы мүмкін?
Дипфейк схемаларынан да бөлек, дауысты пайдаланып қақпанға түсіретін тәсілдер болады. Мысалы, бопсалауға қолдануы мүмкін. Өмірде болған оқиғалардан мысал келтірейік. Бірде біреуге әлеуметтік сауалнама жүргізіп жатырмыз деген желеумен алаяқтар хабарласады. Сөйтіп әңгіме барысында ол бірнеше рет «иә», «әрине», «әлбетте» деп жауап береді. Сол жауаптарын алаяқтар қиып алып, диалогқа кірістіріп, интим қызмет алмақшы болғандай қылып шығарады. Сол әңгімені желіге салмас үшін ақша сұраған екен. Осы сынды схемаларды алаяқтар түрліше қолдануы мүмкін. Яғни айтқан сөздеріңізді қиып, монтаждап әлдебір затты сатып алуға келісім білдіргендей қылуы ғажап емес.
Қалай қорғанамыз?
Егер сізді біреулер бопсалайтын болса, оған қатысты жасауға болатын түрлі әрекет болады. Соның ішіндегі ең нашары — алаяққа ақша беру. Себебі сіз бопсалағаннан кейін бір рет төлеген соң, тағы да сұрамасына кепіл жоқ. Тіпті ақшаңызды алып алса да, әлгі жазбаны достарыңызға жібере салуы мүмкін. Сондықтан сенуге болмайды. Бопсалайтын адаммен келісу мүмкін емес. Түбегейлі өшірдім дегенін де тексере алмайсыз. Сондықтан егер сізді сондай фейк нәрсе жасап, бопсаласа — онда жақындарыңызға ескертуден бастаған дұрыс. Сол арқылы қысым жасай алмайтындай қыласыз. Мәселен желідегі парақшаңызға жазба жарияласаңыз болады. «Достар, өткенде маған әлеуметтік сауалнама жасап жатырмыз деп хабарласқан. Ал бүгін сол жауаптарымды монтаждап осындай аудио жіберіп отыр. Сенбеңіздер» деген сыңайда салып қоя аласыз. Осылайша алаяқтың аузына құм құйылып, жолы кесіледі.
Әрине, боқтық сөз не беделіңізге нұқсан келтіретін нәрсені аузыңызға салып қойған видео көрсе не аудио тыңдаса, бұл достарыңызға ұнай қоймас. Бірақ қазір технология дамыған заман. Біреудің даусын алып басқаға қойып қою оп-оңай. Танымал адамдардың видеосын монтаждап, неше түрлі сөз айтқызып видео жасайтын RYTP деген бөлек жанр да бар.
Бопсалауын тоқтатпаса, онда полицияға арыз жазсаңыз болады. Арызда бопсалаушы туралы білетін ақпараттың бәрін жазыңыз. Нөмірі, шот реквизиттері, электрон поштасы, электрон әмиянын жіберсе оның идентификаторы және т.б. Сол арқылы оның ұсталуы жеңілдейді. Жалпы алғанда бейтаныс нөмірден қоңырау шалған кезде бірден есіңізді жинап, суық санамен жауап беруді үйреніңіз. Егер әлдебір күдік туындаса, онда тұтқаны қоя салыңыз. Кешірім сұрамаңыз, қоштаспаңыз. Бар болғаны қоңырауды аяқтаңыз. Сонда алаяқ сізден өзіне керек сөздерді шығара алмай дал болады. Шама келсе, нөмірді анықтайтын бағдарламаларды орнатып қойсаңыз болады. Сонда қай мекемеден хабарласып жатқанын, спам ба, жоқ па — біліп отырасыз.