Ұлттық экономика министрлігі су тасқынынан зардап шеккен шағын және орта бизнеске көмек көрсету алгоритмін жариялады. Оған сәйкес, шағын және орта бизнес субъектілерінің жоғалған немесе бүлінген мүлкі үшін өтемақы беріледі. Бұл жайлы ҰЭМ-нің баспасөз хабарламасында жазылған.
«Ұлттық экономика министрлігі Қаржы министрлігімен, «Атамекен» ҰКП-мен және зардап шеккен өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп 2024 жылғы су тасқынының салдарынан шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілеріне келтірілген мүліктік шығындарды өтеу қағидаларын әзірледі»,– делінген баспасөз хабарламасында.
Министрлік хабарлауынша, егер мүлік сақтандырылған болса, оның шығынын арнайы сақтандыру компаниялары өтейді. Ал сақтандырылмаған шағын және орта бизнес субъектілерінің жоғалған немесе бүлінген мүлік шығынын өтеуге мемлекет көмектеседі.
Өтемақы алу үшін кәсіпкерлер келтірілген шығынды бағалап, өтемақы мөлшерін анықтауы қажет. Тек содан кейін ғана өтемақы береді.
ҰЭМ хабарлауынша, өтемақы жылжымайтын мүлікке, яғни ғимараттар мен құрылыстарға және жабдықтарға төленеді. Ол үшін ұсынылған ақау жөніндегі есеп, жобалау-сметалық және сметалық құжаттама қажет.
Сонымен бірге тауарлық-материалдық құндылықтар мен негізгі құралдарға өтемақы төленеді. Ол Мемлекеттік кірістер органдарының мәліметтері негізінде кәсіпкерлік субъектісі табысының орташа айлық сомасына байланысты есептеледі.
Кәсіпкерлердің жылжымалы мүлкі де өтеуге жатады. Ол үшін мүлікті бағалау туралы есеп қажет.
Өтемақы қайдан қаржыландырылады?
Қаражат өңірлердегі мемлекеттік бюджет есебінен, сонымен бірге бюджеттен тыс қорлар есебінен жүзеге асырылады. Министрліктің хабарлауынша, бұл қағидалар агроөнеркәсіптік кешендегі кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік залалдарды өтеуге қолданылмайды. Оларға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген өтемақы төлеудің жекелеген ережелері қолданылады. Ол ережелер мынадай:
- Жоғалған тауарлық-материалдық құндылықтар үшін өтемақы жеткізушінің сатып алу бағасы бойынша жүзеге асырылады.
- Өтемақы туралы шешімді жергілікті жерлерде әкімдіктер құрған Өңірлік комиссиялар қабылдайды.
- ШОБ субъектісі өтемақы сомасымен келіспеген жағдайда, залал мөлшері сот сараптамасы негізінде айқындалады.
- Бағалау және/немесе ілеспе аудиторлық қызметтерді жүргізуге байланысты қызметтерге ақы төлеу, қалпына келтіру жұмыстарына, адвокаттардың қызметтеріне сметалар жасау және шығындарды калькуляциялау әкімдіктер есебінен жүргізіледі.
Кәсіпкерлерден өтемақыға өтініш 2024 жылдың 30 қарашасына дейін қабылданады.
Өтемақы алу үшін қайда өтініш беру керек?
Кәсіпкер өтемақы төлеуге өтініш берер алдында аудан немесе қала әкімдігіне 2024 жылғы су тасқыны салдарынан зардап шеккеніне қатысты өтінім береді. Кәсіпкер өтемақыға өтініш берер алдында бағалау және сараптама компанияларын тарта отырып, келтірілген шығындарды бағалауды жүзеге асырады. Сараптама жасайтын компаниялардың тізбесі әкімдіктердің сайттарында жарияланады.
Құжаттарды жинаған соң, кәсіпкер e-gov.kz электронды порталы арқылы немесе қағаз жеткізгіште әкімдікке залалдарды өтеу туралы өтініш жолдайды. Мүлік иесі өтінішті жеке өзі бере алмаса, сенім білдірген тұлғаға тапсыра алады.
Бұл өтінішті өңірлік комиссия 5 жұмыс күні ішінде қарап, қанағаттандыру не бас тарту туралы шешім қабылдайды. Содан кейін отырыс хаттамасына қол қойылып, 1 жұмыс күні ішінде кәсіпкерді қабылданған шешім туралы хабардар етеді. Оң шешім қабылданған жағдайда өтемақы өтініште көрсетілген шотқа 10 жұмыс күні ішінде жіберіледі.
Еске сала кетсек, Үкімет табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеу қағидаларын бекітті. Оған сәйкес, шығынға ұшыраған азаматтар ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде жергілікті атқарушы органға яғни әкімдікке материалдық залалды өтеу туралы өтініш беруі керек. Материалдық залалды өтеу туралы өтініш әкімдікке құжаттар келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қаралады.