Қазақстан неліктен Ресейден электр энергиясын қымбат бағаға сатып алады — Энергетика министрі жауап берді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстан Ресейден электр энергиясын қымбатқа сатып алып отыр / Коллаж: kursiv.media

Қазақстан жетпеген электр энергиясын Ресейден сатып алуға мәжбүр. Мұны Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.

Министрдің сөзінше, электр энергиясының тапшылығы халық көп тұтынатын уақыттарда сезіледі. Әсіресе, кешкі мезгілдерде жүктеме ең жоғары болғанда энергия көзінің өз қуаттылығы жетпей қалады. Дегенмен ведомство басшысы Қазақстан Ресейге электр энергиясы үшін артық ақша төлемейтінін жеткізді.

 «Ресейден сатып алынған электр энергиясы екі сегментке бөлінеді: жоспар бойынша сатып алынатын және жоспардан тыс шұғыл сатып алынатын электр энергиясы. Екінші жағдайда баға айтарлықтай жоғары. Біз Ресей Федерациясынан электр энергиясын сатып алуға мәжбүрміз. Жыл басынан бері 280 млн кВт/сағ сатып алынды. Түнгі уақытта арзан,  ал ең көп тұтынатын сағаттарда тиісінше қымбатырақ, сондықтан біз қымбатырақ электр энергиясын сатып алуға мәжбүрміз», – деп түсіндірді.

Министр Қазақстан мен Ресей шекарасында электр энергиясын тұтыну бойынша ауытқулар барын атап өтті.

«Бұл ауытқулар да жоғары бағамен келеді. Ауытқулар Қазақстан субъектілерінің жүктеме кестесін дұрыс жоспарламауынан туындайды. Бұл KEGOC (электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания)  жүйелік оператор есебінен реттеледі» – деді Сәтқалиев.

Министр жағдайды реттеу үшін тиісті ережелер енгізілетінін жеткізді.

«Қате жоспарлағандар үшін ішкі нарықтағы тұтыну тәртібін арттыратын қосымша тарифтер енгізіледі»,- деді министр.

Қазақстанда электр қуаты неге тапшы?

Ресейлік «Коммерсант» басылымының хабарлауынша, биыл І тоқсанда Ресей сатқан электр энергиясының жартысына жуығын Қазақстан сатып алған.

«Қытайға жеткізілімдердің төмендеуіне байланысты Қазақстан Ресей электр энергиясының негізгі сатып алушысына айналды. Қаңтар-наурызда республикаға жеткізілім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29%-ға өсіп, 977,2 млн кВт/сағ құрады. Бұл Ресей Федерациясынан электр экспортының 50%-ға жуығын құрады. Сарапшылар атталған тенденция жалғасады деп есептейді. Бұл Қазақстанда энергия тұтынудың артуы мен өндіруші қуаттардың тозуына байланысты электр қуатының тапшылығын тудырады», – деп жазады басылым.

Ресейлік электр қуатын экспорттаушы жалғыз компания – «Интер РАО» мәліметі бойынша, Ресей Федерациясы бірінші тоқсанда 2,065 млрд кВт/сағ қуат экспорттаған. Яғни Қазақстан биылғы жылы ресейлік электр энергиясының жартысына жуығын сатып алған. Көрші елден электр энергиясын жеткізудің максималды көлемі жылдың ең суық айы – қаңтарда тіркелді. Ол 354 млн кВт/сағ құрады. Ал наурызда көрсеткіш 280 млн кВт/сағ-қа дейін төмендеді.

Сондай-ақ оқыңыз