Отандық бизнес өкілдері 2024 жылдан не күтеді?
Бизнес өкілдерінің ойы қашанда бір жерден шыға бермейді. Қазіргідей әлемдік экономикалық және саяси ахуал құбылып тұрған заманда экономиканың нақты картинасын пайымдау үшін бизнес өкілдерінің пікірін білу аса маңызды. PwC Kazakhstan жүргізген арнайы сауалнамаға қатысқан жеке бизнес жетекшілерінің 60 пайызының биылға бағытталған көңіл-күйі оптимистік деңгейде қалыптасқан. Олардың айтуынша, инфляцияның төмендеуі, ресурстардың қайта бөлінуі, жеткізу тізбегінің қалпына келуі және технологияның жеткілікті деңгейде дамуы осындай ойға жетелейді.
Бизнеске қатер төндіруі мүмкін басым факторлар:
- Геосаяси қақтығыстар;
- Кибертәуекелдер;
- Инфляция;
- Макроэкономикалық құбылмалылық;
Респонденттер пікірінше, Қазақстан мен Орталық Азия географиялық тұрғыдан геосаяси қақтығыстарға ұрынған ірі экономикаларға жақын орналасқан. Бұл қазақстандық бизнес үшін қауіп-қатердің осы түріне назар аударуды қажет етеді.
Технологиялық өзгерістердің бизнеске әсері зор болмақ
Сонымен бірге алдағы үш жылдағы технологиялық өзгерістер бизнес капиталы үшін басты драйвер болмақ.
Компаниялардың жұмыс істеу тәсілі мен адамдардың өмірін айтарлықтай өзгерте алатын технологияның барлық белгісі бар генеративті жасанды интеллект респонденттердің назарын аударған. Респонденттердің жартысынан көбі генеративті ЖИ алдағы 12 ай ішінде әлемде де (58 пайыз) және Қазақстанда (70 пайыз) олардың өнімдері мен қызметтерінің сапасын жақсартатынымен келіседі. Осыған қарамастан, әлем бойынша респонденттердің тек 32 пайызы және Қазақстанда 44 пайызы генеративті ЖИ енгізген болса, бизнес көшбасшыларының көпшілігі оның трансформациялық әлеуетін алдағы үш жылда көреміз деп күтеді.
Жалпы алғанда, қысқа мерзімді перспективада бизнес жетекшілері генеративті ЖИ-ден өз бизнесіне тиер оң әсерлерді күтеді. Олар ЖИ бизнес-моделді, жұмыс процесін түрлендіріп, сан алуан салаға басқаша өрнек енгізеді деген пікірде.
STADA басшысы Арминас Мацевичустің айтуынша, биыл жаһандық өсімдегі цифрлар төмен деңгейге болмақ.
«Материал мен ресурстар құнының қымбаттауы бізге тым қатты тиді. Биыл жақсы ештеңе бола қоймас. Мұны көрсетіп отырған алғашқы индустрия – логистика, ол қазір өте қатты зардап шегіп жатыр. Біздің серіктесіміз, Еуропадағы ең үлкен логистикалық компаниялардың бірі өзінің паркі мен адамдар санын 20 пайызға қысқартты. Сірә, геосаяси ахуал аздап әсер етіп жатқан секілді. Бірақ негізінен олар өндіріс пен саудаға тәуелді. Сол себепті жаһандық өсім баяу болады. Қазақстандағы жағдай басқаша. Өйткені соңғы бірнеше жылда Қазақстан Қытай мен Ресейдің көлеңкесінен шығып, әлдеқайда тартымды бола түсті. Егер Қазақстан бұрын логистикалық байланыстырушы буын болуға талпынса, қазір серіктес бола бастады. Қазақстанда 4-5 пайыз экономикалық өсім болуы мүмкін», – дейді ол.
«Ситибанк Қазақстан» жетекшісі Сәуле Жақаеваның пікірінше, геосаясат, сайлаулар және энергетикалық ресурстар жеткізілімінің қайта бағытталуымен байланысты жаһандық проблемалар өсімді төмендетпек.
«Мұның бәрі жаһандық экономика баяу өсімінің күтіліміне әсер етеді. Қазақстанда өсім қалыпты түрде төмендейді. 2023 жылы Қазақстан экономикасы 5,1 пайыздық феноменалды өсім көрсетті. Бірақ 2024 жылы іске қосылады деп күтіліп, әлі күнге тежеліп жатқан «Теңіздегі» келешек кеңею жобасына байланысты жағдай біршама өзгеріске ұшырауы ықтимал. Бюджет тапшылығы мен энергетикалық жүйеге инвестиция қажеттігін ескере отырып 2024 жылы өсім 3,6 пайыз деңгейінде болады деп күтеміз. Мұнай бағасының қатты құбылуына қарамастан, біз 2025-2026 жылдарға оптимистік көзқараспен қарап, экономика өсімі 5 пайыз болады деп ойлаймыз. Қазір экономиканы әртараптандыру жолында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр, бірақ басты табыс мұнайдан түседі», – дейді Сәуле Жақаева.
Қазақстанда экономикалық өсім болуы әбден ықтимал
Magnum Cash & Carry басшысы Азамат Османов геосаяси жағдайларға байланысты жаһан экономикасының үлкен деңгейдегі өсім көрсетеріне сенбейтінін айтады.
«Жаһанды рецессия болмайтын секілді. Бірақ «жұмсақ қону» жүзеге асуы әбден мүмкін. Бәрі рецессия болады деп күтті. Алайда қазір АҚШ-тағы инфляция деңгейі 2,1 пайыз деңгейіне дейін төмендеді, экономикалық өсім үшінші тоқсанда 4,9 пайызды құрады. Сондықтан рецессияның ауылы алыс. Мен соңғы бір жарым айымды шет елдерде өткіздім және дәл мұндай деңгейдегі экономикалық және туристік белсенділікті бұрын-соңды көрген емеспін. Сервистің барлық түріне сұраныс аса жоғары. Кез келген мейрамханаға алдын ала брондаусыз бару мүмкін емес. Қазақстан да әлемдік экономиканың бір бөлшегі және бізде де «жұмсақ қону» болады немесе тіпті экономикалық өсім болуы әбден ықтимал. Кей нарықтарда лидерлердің алмасуы, күштердің қайтадан теңесуі, ойын ережесінің өзгеруі орын алып жатыр. Жалпы нарық өсіп жатыр», – дейді Invictus Fitness басшысы Ілияс Исатаев.
Sulpak басшысы Дмитрий Провкиннің айтуынша, бизнеске төнетін қауіп оның қай салада жұмыс істеуімен тікелей байланысты.
«Біз тұтыну нарығында жұмыс істейміз, сондықтан макроэкономикалық құбылмалылыққа ұшырау ел мен халыққа не болатынына байланысты. Қандай да бір тәуекел туындаса, онда орта және ұзақ мерзімді перспектива жағдайында сұраныс көлемі міндетті түрде қысқарады. Егер курс өзгерсе онда сатылым көлемі күрт өседі. Өйткені халық техника сатып алуды инвестиция деп есептейді. Бірақ мұның ұзақ мерзімді сипаты жоқ. Бізге тікелей қатысы бар өзгерістердің барлығы өтті деуге болады. Көптеген серіктес жеткізу тізбегін өзгертті және бұл тиімділікке әсерін тигізді. Себебі жеткізу мерзімі ұлғайды, логистика құны артып кетті. Мұның бәрі 2022-2023 жылдары қарқынды жүрді және қазір ахуал тұрақталды. Қытай мен Тайвань арасында туындауы ықтимал геосаяси қақтығыс біздің салада бәрін өзгертіп жіберуге қауқарлы. Өйткені өнімдердің басым бөлігі сол жақта өндіріледі. Қандай да бір шектеулер, санкциялар, тапшылықтар болуы мүмкін – қалай боларын елестетудің өзі қиын. Әлемдік қауымдастық мұндай күрделі қақтығысқа жол бермейді деп үміттенеміз», – дейді ол.
Алдағы бір жылда бизнесте қандай өзгерістер болуы мүмкін
Сонымен қатар бизнес бір жыл перспективасында қызметкер санын айтарлықтай төмендетуді жоспарламайды. Әлем бойынша СЕО-лардың тек 22 пайызы қызметкер санын төмендетуді жоспарлайды. Қазақстанда бұл көрсеткіш 18 пайызды құрайды. Көптеген бизнесмен бизнес-процестерді оңтайландыруды жалғастырып жатыр. Бірақ өсім стратегиясына байланысты цифрлық процестерді енгізу мен оңтайландыруға қарамастан көп жағдайда қызметкер саны өзгеріссіз қалады немесе өседі. Сауалнамаға сәйкес, еліміздегі СЕО-лардың 75 пайызы (әлемде 54 пайызы) тауарлар немесе қызметтердің бағасы инфляцияға сәйкес өседі деп күтеді. Өсім күтулері әлі де жоғары, ал ешкім маржаны ұлғайтуды жоспарлап отырған жоқ.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, бизнестің барлығы дерлік өзгеріске ұшыраған нарық конъюнктурасына төтеп бере алмай қалады. Бұл парадигма аясында компания басшылары «ешқандай өзгеріс жасамаған жағдайда компания қызметі қаншалықты орнықты болмақ?» деген сауалға да жауап берген. Осы орайда респонденттердің 33 пайызының пайымынша, егер олардың бизнесі тап қазіргідей жалғаса беретін болса 10 жылдан аз өмір сүретінін айтқан (әлемде СЕО-лардың 45 пайызы солай жауап берген).
Бұл орайда көптеген компания басшы жаңа тәуекелдерге бейімделу және тұрақты трансформацияға даяр тұру міндетін күн тәртібінен түсірмейді. Сол себепті қазақстандық басшылардың 57 пайызы және әлемдік басшылардың 53 пайызы олардың компаниясының өмір сүру қабілеті 10 жылға жетпейді деп пікір білдірген.
«Біз электроника сатылымы бойынша бөлшек желі формат ретінде жалғаса береді деп есептейміз. Клиенттерде дүкенге барудың қажеттілігі бар. Онлайн-сатылымның сәнді трендіне қарамастан сатылымдардың 75 пайыздан астамы тікелей дүкендер мен сауда нүктелерінде жүзеге асырылып жатыр. Біздің абырой-беделіміз жылдар бойы қалыптасты, клиенттер бізге сенім артады, сондықтан бәрі де жақсы болады деп санаймын. Жаһандық арна құрғайды, қандай да бір консолидация болады, өйткені ойыншы-ретейлер саны меніңше, артық. Біз тиімді бизнес ретінде 10 жылдан артық өмір сүреміз деп ойлаймын. Бұл ретте трендтерге де көз жұмып қарамаймыз – онлайн-жұмыс ырғағы бойынша біздің өзіндік стратегиямыз бар. Алайда бөлшек сауда бәрібір қажет болады, өйткені онлайнға сену және ол жерде толыққанды артықшылықты қалыптастыру мүмкін емес. Бұл тіпті сатып алушылар үшін ғана емес, өндірушілер үшін де өзекті. Өйткені жаңа компанияға өз өнімін клиенттерге ұсынатын алаң қажет болады», – дейді Sulpak жетекшісі Дмитрий Провкин.
Қазақстандық бизнестегі қиындықтар қандай?
Бизнесті жаңа жағдайларға бейімдеу үшін соңғы он жыл көлемінде жетекшілер бірқатар маңызды қадам жасады. Әлемдегі және Қазақстандағы бизнес басшылары үшін маңызды факторлардың бірі де бірегейі болған факторлар: жаңа өнімдер мен қызметтердің әзірленуі, жаңа технологиялардың енгізілуі және жаңа серіктестердің қалыптасуы болды.
Меншікті технологияларды дамыту мен бағаның жаңа үлгілерін енгізуді әлемдік бизнесмендер де қолға алды. Аз дәрежеде кәсіпорындар жабылды немесе сатылды және жаһандық жеткізу үлгісінен аймақтық модельге көшу жүзеге асырылды. Алдағы 3 жылда технологиялық өзгерістер бизнесті капиталдандырудың негізгі драйверлеріне айналады (қазақстандық респонденттердің мәліметтері бойынша – 78 пайыз, әлемде – 30 пайыз). Жергілікті бизнесмендер үшін екінші маңызды фактор мемлекеттік реттеу болады – әлемде оның маңыздылығын сауалнамаға қатысушылардың 47 пайызы атап өтті.
Басшылар Қазақстанда (66 пайызы) және дүниежүзінде (49 пайызы) болашақ бизнестің өміршеңдігінің негізгі шарттарының бірі ретінде тұтынушылардың қалауларының өзгеруін атап көрсетеді. Әлемдегі де, Қазақстандағы да бизнесмендер өз компанияларын одан әрі құру, сақтау және құнын жүзеге асыру жолындағы мүмкін кедергілер ретінде ең алдымен нормативтік-құқықтық базаны көрсетеді (36 пайызы).
Қазақстандық бизнес-жетекшілер ең бірінші кезекте технологиялық мүмкіндіктердің жетіспеушілігін, инфрақұрылымға қатысты проблемаларды және шектеулі қаржылық ресурстарды атап өтеді (24 пайызы). Бұл ретте әлемде де респонденттердің 24 пайызының шектеулі қаржылық ресурстарға қатысты алаңының басым екенін айта кету керек.