Дижитал гигиена: сақтансаң, сақтайды

Жарияланды

Интернет қажетке айналған заманда желіде қауіпсіздік мәселелеріне мұқият болу керек. Өйткені ғаламдық желі жыл өткен сайын кең ауқым алып келеді. Әрі технологияның да түр-түрі шығып жатыр. Әрине, ашқан мүмкіндігі мол, пайдасы да көл-көсір. Бірақ жеке деректеріңізді әлдекімнің қолды қылмауына баса мән беруіңіз керек. Ол үшін дижитал гигиена талаптарын біліп, сақтаған абзал. Тіс жуу қандай маңызды болса, интернеттегі цифрлық тазалық талаптары да дәл сондай маңызды.

Дижитал гигиена дегеніміз не?/shutterstock

Байқасаңыз, пандемиядан кейін тіпті офлайн дүкенге бармайтынды шығардық. Тамақтан бастап, киім-кешекке дейін — барлығын интернет-дүкеннен тапсырыс беріп алдыра салғанды оңай көреміз. Бұл — өте қолайлы. Әлеуметтік желіде де жарыса жарнама салынып жатады. Ол да адамға әсер етеді. Клиентін тауып, бизнесін жүргізіп жатқаны жақсы-ақ. Сатып алушының да қалауын тапқаны — нұр үстіне нұр. Интернет тек дүкенмен шектелмей, білім саласына да мықтап еніп алды. Қашықтан оқу жүйесі де сіңіп үлгерді. Жұмысты да дистанстан істеу қалыпты жағдайға айналды. Электрон кітап, пошталардың күнделікті тірлікке айналғалы қашан?! Осындай жеңілдікке толы дәуірде қауіпсіздікті естен шығармаған дұрыс. 

«Интернет жаман», «онлайнның бәрі зиян» деуден аулақпыз. Бастысы, негізгі ережелерді біліп жүрсеңіз және талаптарды орындап жүрсеңіз болғаны. Әлеуметтік желіден бас тарту сынды радикал шаралар көмектесе қоймайды. Өйткені қалай десек те, өміріміз интернетпен тығыз байланысты. Балаңызды да қорғаймын деп интернетке кіргізбей қоя алмайсыз. Мұныңыз бала мен ата-ана арасында араздық туғызып, алауыздыққа әкелуі мүмкін. Сіздің бала кезіңізде интернет болмаса, ол — сіздің өмір сүрген кезіңіздің ерекшелігі. Қазіргі балаларға ондай тотал шара қолдану мүмкін емес. Олай етем деп тырыссаңыз, қайта психологиясына да зиян келтіріп, эмоциялық күйін де бүлдіріп алуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан бірінші кезекте салқынқанды ойланып, баға беріп үйренуден бастаңыз. Заманға сай қадам жасаңыз.

Дижитал гигиена ұғымы

Гигиена — тазалық. Мысалы біздің ойымызға «гигиена» дегенде ең алдымен сабын мен су келуі мүмкін. Яғни таза жүру, кір болып қалса жуып тастау деп түсінеміз. Өйткені лас болып жүргіміз келмейді. Дәл сол сияқты деректермен алмасу саласында да тазалық аса маңызды. Интернет пайда болғалы жарты ғасырдан астам уақыт енді өтті. Қазақстанда кең ауқым алғаны одан бертінде. Сондықтан біз әлі тісін өзі жуа алмайтын бала сияқтымыз. Дижитал кеңістікте қалай тазалық сақтау керегін енді үйреніп келеміз. Тамақ жемес бұрын не үшін қол жуамыз? Не үшін сабындаймыз? Өйткені түрлі вирус барын білеміз. Онлайн кеңістікте де сондай зиянкес көп. Олардан солай қорғану қажет. 

Бір қарағанда оңай көрінетін дижитал ережелерді неге барлығы бірдей сақтамайды? Бірінші орында — білмейтіні себеп. Қарапайым ғана шарттарды орындау керегін білмеген соң, қиындыққа тап болып жатады. Вирус қалай тарайтынынан, зиянкес бағдарламалар болатынынан бейхабар болуы мүмкін. Енді бірі «менің гаджетіме вирус түсе қоймас» деген соқыр сеніммен жүре береді. Адам тамақты көп жесе, не болатынын жақсы біледі. Уланып қалуы мүмкін екені де айтпай-ақ түсінікті. Интернеттегі көретін контент те — тамақ. «Семіріп»  кеткіңіз келмесе, не қарап жатқаныңызды сүзгіден бір өткізіп алыңыз. Телефонды күніне қанша сағат қарайсыз? Қандай ақпарат көздерінен жаңалық оқисыз? Дереккөздері сенімді ме? Бәрі маңызды. Интернетте уақытты қалай өткізуді әркім өзі шешеді. Пайдалы дүние қарайсыз ба, құр босқа уақыт шығындап скролмен өткізесіз бе? Таңдайтын өзіңіз ғана.

Желіде желікпеңіз: қандай қауіп бар?

Алаяқтар. Интернет-гигиенаның басты талабы — кибершабуылдан сақтану. Ал оны алаяқтар жасайды. Қалай? Зиянкес бағдарламалар мен фишиң шабуылдап, дижитал шпионаж сынды тәсілдерді қолданады. Мұндай киберқылмыс жасайтындар адамдардың білместігін пайдаланады. Көбі тіпті қалай алданып қалғанын білмей қалады. Бұған дейін әлеуметтік инженириң жайлы жазған едік. 

Уақыт шығын. Қазір тұтынатын ақпарат ағыны өте көп әрі жылдам. Сәт сайын жаңа дүниелер салынып, шейр жасалып жатады. Әркімнің өз ережесі болмаса, скролл жасаумен қалай күніңіз өтіп кеткенін байқамай қаласыз. Жағымсыз жаңалыққа құмарту яки думскроллиңмен күресу үшін тек сенімді ақпарат көздерінен жаңалық оқуды әдетке айналдырған дұрыс. 

Денсаулыққа зиян. Интернет — түпсіз терең тұңғиық. Шегіне жету мүмкін емес. Мұндай мұхитта «серфиң» жасай алу үшін сізде әлдебір бекітілген ереже, мықты дайындық болғаны дұрыс. Себебі ол сіздің денсаулығыңызға да зиян тигізеді. Физикалық саулықтан (көз, бел ауруы және т.б.) бастап, психикалық саулыққа (мазасыздық, ұйқысыздық) да әсер етеді. Әрі интернетте сүйікті блогерлерінің табысқа толы өмірін көріп, өзінде ондай жетістік жоқ екеніне күйініп, стресске түсіп кететіндер болады. Шын мәнінде, ол жылтырақ өмірдің артында не жатқанын ойлана бермейміз. Өзін басқалардан кем көріп, күйзелістен шыға алмай өз-өзіне кесірін тигізіп жататындар бар. Сондықтан дижитал гигиенаның ең қарапайым талаптарын сақтау міндетті.  

Айнала толған фейк. Желіде фейк пен жалған ақпаратты ажырата білетін қасиет кімге болсын керек. Өкінішке қарай, бізде әлі ондай иммунитет қалыптаспаған. Сондықтан сәл болса, мессенжерлерде басқа елде болған оқиғаларды бізде өткен деп алдап, фейк ақпарат таратындар да көп, сенетіндер де аз емес. Ол үшін бірнеше негізгі әдісті атап өтейік. Тақырыбы «айқайлап» тұрса, бірден күмәндану керек. Жазған кім, дереккөзі қайдан — соған мән беріңіз. Қаншалықты беделді басылым таратып жатыр? Сапасы нашар, ескі сурет болса да күдік туғызуы керек. Екінші тараптың пікірі айтылмай, біржақты жазылып жатуы да күмәнді. Домен мекенжайы сенімсіз боп көрінсе, мәтінді қате көп болса да — ойлануға себеп.

Интернетте тазалық сақтау талаптары

  • Оңай бұзылатын құпиясөз қоймаңыз. Қосфакторлы аутентификацияны бүкіл жерде қосып қою керек. Осы екі шартты орындасаңыз, онда хакерлердің шабуылынан да қорғана аласыз. Сонымен бірге бағдарламалық жасақтамаларды уақытылы жаңартып тұрыңыз. Осындай фильтрлер арқылы алаяқтардың жеке ақпараттарыңызды бұзып алуына тосқауыл қоясыз. Әрі құпиялық сақталады. Көпшілігі әлі күнге дейін маңызды деректерді желіде жариялауға болмайтынын білмейді һәм ескермейді. Оның ішінде құжат, банк картасының нөмірлері көрініп тұрған суреттерді желіде сала салатындар болады. Бұл болса, өте қауіпті.
    • Шок контенттен мейлінше қашық жүріңіз. Әлеуметтік желілер мен жаңалық порталдарында жаңалықтан көп нәрсе жоқ. Ол ақпарат ағыны тоқтаусыз жүреді. Сондықтан дижитал гигиенаның басы ақпаратты сүзгілеуден басталады. Пікір қайсысы, факт қайсысы — ажырату керек. Негатив контенттен қашық болып, өзіңіздің психикаңызды сақтағаныңыз дұрыс. Экран уақыты функциясын қосып қойып, бақылаңыз. Қанша уақытыңызды телефонда өткізесіз. Кейде шектен тыс ақпарат ментал саулығыңызға кері әсер етуі мүмкін. Бойыңызда белгісіз үрей, сейілмейтін мазасыздық туындаса, ол осы ақпаратты сүзгілемей, көп қолданғаннан болады. Желінің «құлына» айналмаңыз. Өзіңізге керек, маңызды ақпаратқа қана фокус қойыңыз. Басқа қоқысқа әуес болмаңыз. Мұндайда сыни ойлай алу қабілетін дамыту керек. Өйткені алаяқтар көбіне critical thinking машығы жоқ адамдарды оп-оңай қақпанға түсіріп жатады. Кез келген ақпаратты тексеріп, көз жеткізіп барып тарату, қабылдау қажет. 
    • Әдеп сақтау маңызды. Дижитал гигиенаны сақтау арқылы адам онлайн ортада өзін-өзі ұстау ережесін, этиканы қалыптастырады. Яғни басқа қолданушыларға құрметпен қарап, заңға не этикаға қайшы дүние салмай, интернеттегі өткізген уақытын пайдалы дүниеге жұмсап үйренген жақсы. Экранның ар жағында отырып алып, аузыңызға келгенді жаза бермеңіз. Беделіне, ар-ұятына нұсқан келтірсеңіз, заң алдында жауап тартылатыныңызды ұмытпаңыз. Әдеп сақтаңыз. Кибербуллиңнен аулақ болған дұрыс.

Басты ережелерге шолу

  1. Құрылғыларыңызға үшінші біреудің кіруіне жол бермеңіз. Ол телефон, планшет, ноутбук және т.б гаджет болуы мүмкін. Экранын ашық тастап кетпеңіз, бұғатқа қойып жүріңіз. Танымайтын адамға телефоныңызды бермеңіз.
  2. Басқа адамдарға құпиясөзіңізді, логиніңізді айта бермеңіз. Құпиясөз ойлап тапқанда түрлі регистрлі, сан мен әріптен, белгіден тұратындай қылып құрастырыңыз. Өзіңіздің туған күніңіз, атыңыз болмағаны дұрыс. Барлық жерге бір құпиясөз қоймаңыз. Басқаларға айтпаңыз. Парольдерді қағазға жазып, әмиян не сөмкеңізде сақтамаңыз. Ақпараттық ресурсқа кіретін кезде құпиясөздерді есте сақтайтын функцияны қоспаған дұрыс. 
  3. Құпиялық режимін сақтаңыз. Интернет ресурстарға кіруге құрылғылардан берілетін рұқсатты шектеңіз. Ақпарат алмасу үшін сенімді порталдарды қолданыңыз. Хатты жібермес бұрын электрон поштаның адресі дұрыс жазылды ма, тексеріп алыңыз. Сілтемелерге оңды-солды кіре бермеңіз. Өзіңізге бейтаныс адамнан келген хаттардағы сілтемелерді баспаңыз, жіберген файлдарын ашпаңыз. Интернеттен бағдарламалар мен қолданбалар жүктеген кезде телефоныңыздағы ақпараттарды алуға рұқсат бермеңіз. Ашық тұрған  Wi-Fi сымсыз желілеріне кіруге құмартпаңыз. Сол арқылы деректеріңізді ұрлауы мүмкін. 
  4. Біреу деректеріңізді қолды қылса, не істеу керегін біліңіз. Алдымен байланыс операторына хабарласып, сим-картаны бұғаттаңыз. Содан соң құқық қорғау органдарына арыз жазыңыз.
  5. Бағдарламалық жасақтаманы жаңартып жүріңіз. Бұл сізді қорғауға көмектеседі. Бастысы, ол жасақтама сенімді, лицензиясы бар болсын. Уақытылы операциялық жүйелер жаңартуларын орнатып отырыңыз. Сенімді жерден ғана бағдарламалар жүктеңіз. Белгісіз, сенімсіз бағдарламаладан аулақ болған абзал.
  6. Антивирус бағдарламасын орнатып алыңыз. Антивирус сізді жақсы қорғайды. Базада автомат түрде жаңаратындай функция қосыңыз. Қайта-қайта тексеріп отырыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз