Санкт-Петербургте автобус көпірден құлады. Қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматы бар ма?
Ресейдің Санкт-Петербург қаласында жолаушылар автобусы көпірден құлады.
Қайғылы оқиға қаланың ортасында болған: жолаушылар мінген автобус бірнеше автокөлікке соғылып, көпір қоршауын қиратып, Мойка өзеніне құлаған.
Fontanka.ru басылымының мәліметі бойынша, автобустың жеті жолаушысы қаза тапқан. Оның ішінде 28 жастағы Марина Ю. есімді Көкшетаудың тумасы екені айтылған. Ол Санкт-Петербургте Васильевский аралының Косой жерінде тұрған. Марқұм табиғи косметика сатумен айналысып, әлеуметтік желіде блог жүргізген.
Апат болған кезде салонда 20-ға жуық адам болған. БАҚ-та олардың кейбіреулері өз бетінше жағаға шыққаны, тоғыз адамды құтқарушылардың алып шыққаны хабарланады.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жағдайға қатысты пікір білдірді. Ресми өкіл қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматы болған деген ақпаратты жоққа шығарды. Қаза тапқан 28 жастағы жолаушы Ресей азаматы болып шыққан.
«Қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ», – деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Ресей тергеу комитеті қылмыстық кодекстің 238-бабының 3-бөлігі (қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған қызмет) бойынша қозғалғанын мәлім етті.
Алматыдағы жантүршігерлік автобус апаты
Еске салсақ, 2023 жылғы 22 желтоқсанда Алматыда жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болған еді. 18 сағат 15 минутта 47-бағыттағы қоғамдық көліктің жолаушысы жүргізушімен жанжалдасып, жүргізушіні ұрып есінен тандырған. Осының салдарынан жүргізуші көлікті басқара алмай қалған.
Сондай-ақ жақында үш адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты іс бойынша сот үкімі шықты. Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты автобус жүргізушісін ұрған Дархан Ахмеджанов кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырды.