Қазақстан Палестинаның БҰҰ-дағы құқықтарын кеңейту үшін дауыс берді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Құжатты 143 ел қолдады / Фото: shutterstock

БҰҰ Бас Ассамблеясы Палестинаның БҰҰ-дағы құқықтарын кеңейтетін қарар қабылдады. Құжатты 143 ел қолдады, олардың арасында Қазақстан бар. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми сайтында жарияланды.

Құжат Палестинаның бас Ассамблеядағы құқықтарын кеңейтеді, бірақ оған дауыс беру немесе БҰҰ органдарына кандидатурасын ұсыну құқығын бермейді. Осылайша, 2024 жылдың 10 қыркүйегінен бастап Палестинада:

  • Палестина және Таяу Шығыс мәселелерімен байланысты емес күн тәртібіндегі тармақтар бойынша спикерлер тізіміне енгізу құқығы;
  • кез келген топтың атынан мәлімдеме жасау құқығы;
  • құжаттарға ұсыныстар мен түзетулер енгізу құқығы болады.

Жарғыға сәйкес, Бас Ассамблея БҰҰ-ға толыққанды мүше мәртебесін бере алмайды – ол үшін Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынысы қажет. Кеңес сәуірде өткен отырыста АҚШ-тың ветосына байланысты мұндай ұсыныс жасай алмады.

Қабылданған қарарда Бас Ассамблея Палестина мемлекетінің мүшелікке қойылатын талаптарға сай екенін атап өтіп, Қауіпсіздік кеңесіне «бұл мәселені оң шешім қабылданатындай қайта қарауды» ұсынып отыр.

Құжатты 143 ел қолдап, тоғызы қарсы дауыс берді және 25 делегация қалыс қалды. Қазақстан қарарды «қолдап» дауыс бергендердің қатарында болды. Сонымен қатар, құжатты Орталық Азияның қалған елдері де қолдады.

Жақында АҚШ Конгресінің төменгі палатасы Палестинаны қолдауға бағытталған шерулерге тыйым салу мақсатында арнайы заң жобасын қабылдады. Заң жобасына 320 конгрессмен дауыс берген. 91 конгрессмен бұл бастамаға қарсы болған. 

Газадағы қақтығыс

Еске сала кетейік, 7 қазан күні Газа аумағында билік құрып келе жатқан «Хамас» ұйымы Израильге шабуыл жасады. Кейіннен Израиль әскерилері «Хамас» ұйымының шабуылына жауап ретінде арнайы операция бастады.  

7 қарашада Антониу Гутерриш Газадағы жағдайды «адамгершілік қағидаларының дағдарысы» деп бағалады. Қарулы қақтығыстың жалғасуы жазықсыз адамдардың өмірін жалмап жатқанын айтқан. БҰҰ хабарлауынша, Газа аймағында 10 000-ға жуық адам қайтыс болған.

1 наурызда Палестина-Израиль қақтығысы басталғалы бері Газа аймағында қайтыс болған азаматтардың саны 5 ай ішінде 30 000 асты. Ақпаратты Газа денсаулық сақтау органдарының өкілдері жариялаған. 29 ақпанда гуманитарлық көмекті күткен 100-ден астам палестиналық азаматты Израиль әскері атып өлтірген. Алайда Израиль билігі қайтыс болғандардың көпшілігін гуманитарлық көмекті алып келген көліктер жаншып өлтіргенін айтады. Медициналық бригадаларға жарақаттанғандар саны мен олардың жарақатының ауыр болуына байланысты адамдарды құтқару қиын болған. Ондаған жаралы адам израильдік рейдтен кейін жартылай ғана жұмыс істеп тұрған әл-Шифа ауруханасына жеткізілді. 

Сондай-ақ оқыңыз