Жаңалықтар

Электронды коммерция нарығында қандай жаңаша үрдістер жүріп жатыр? Отандық компания өкілдерін не толғандырады?

Электронды коммерция нарығында қандай жаңаша үрдістер жүріп жатыр? /shutterstock

PwC Қазақстан және Цифрлы Қазақстан қауымдастығы бірлесіп, 2023 жылдың 12 айын қорытындылаған «Бөлшек электронды коммерция нарығына талдау» атты зерттеудің нәтижелерін жария етті. Деректер талдауын қатарына деректер аналитиктері, дата-инженерлер мен индустриалды экспертиза консультанттары кіретін Data & Analytics командасы жүргізген.  

Зерттеуге Kaspi.kz, Halyk Market, Forte Market и басқа да респонденттер қатысқан. Strategy& серіктесі және Еуразия өңіріндегі консультациялық практика көшбасшысы Наталья Лимнің айтуынша, бөлшек электронды коммерция нарығы осыдан екі жыл бұрын туындаған қиын ахуалдардың салдарын жеңе алды.

Қазіргі уақытта сектордағы табыстың жалпы көлемі 2,4 трлн теңгеге жетіп отыр. Ал электронды коммерцияның нарыққа кірігуі 12,6 пайызды құраған.

«Осылайша, Қазақстан электронды коммерцияны қолданысқа енгізу бойынша әлемде ТОП-10 қатарына кіруге үлкен мүмкіндік алып отыр. Бұл жағынан Канаданың өзін басып озды. Бөлшек электронды коммерцияның дамуына бірнеше фактор оң әсер етті, олар: қаржы секторының цифрландырылуы, тауар мен қызметті интернет арқылы сатып алу тәжірибесі бар интернет-пайдаланушылар мен тұтынушылар үлесінің артуы, елге келетін инвестиция ағыны және жалпы ішкі өнім көрсеткішінің екінші жыл қатарынан өсімі. Геосаяси тұрақсыздық жағдайында логистикамен қиындықтардың туындауы секілді тежеуші факторлардың ықпалы керісінше, әліреді. Өйткені нарық жаңа қауіптерге бейімделе бастады.

Қазақстандағы электронды коммерция нарығындағы бәсеке артып келе жатыр. Жергілікті лидерлер мен халықаралық маркетплейстер нарықты белсенді дамытуда. Соның өзінде Қазақстандағы e-commerce секторында өсуге қатысты үлкен әлеует бар. Ал секторды дамыту үшін жасалатын жағдай оң қалыптасып жатыр. Қиындықтарды оңтайландыруға және үлкен аудиторияға қолжетімділік алуға талпынған жергілікті бизнес өз өнімдерін маркетплейстер арқылы ілгерілетуге тырысуда. Өз кезегінде, маркетплейстердің дамуы тұтынушыларға да оң әсер етуде. Себебі, сатып алушы үшін туындайтын бәсеке нәтижесінде сатушылар бағаны төмендетеді немесе бөліп-төлеу мүмкіндігін ұсынады»,–дейді Наталья Лим.

Сарапшылардың айтуынша, бөлшек электронды сауда нарығы ақшалай мәнде де, сатып алу саны бойынша да сенімді өсім көрсетіп отыр. 2023 жылы сатылым көлемі 2 418 млрд теңгені құраған. Бұл 5,3 млрд долларға тең. Транзакция саны – 90,2 млн. Ал орташа чек 26,8 мың теңгеге немесе 58,8 долларға дейін төмендеген.

Орташа чек көрсеткішінің төмендеуі нарықтағы жергілікті және халықаралық ойыншылар қатынасының өзгерісін, сондай-ақ маркетплейстер мен бөлшек онлайн-дүкендер арасындағы арақатынас өзгерісін көрсетеді.

Forte Market басшылығының айтуынша, онлайн сауда нарығы әлі де болса несие берумен тікелей байланысты.

Forte Market:

«Клиенттер сатып алуды кредит немесе бөліп-төлеу есебінен жүзеге асыруға әдеттенді. Бұл ірі онлайн платформалардың несиелеу бойынша банктермен серіктестік орнатуына жол ашады. Сонымен қатар жеткізу мерзіміне қатысты да талап күшейді. Клиенттер тапсырысты әрі кетсе 1-2 сағатта жеткізгенге үйренді».

Kaspi.kz:

«Сатып алушылар күнделікті сұранысқа қажетті тауарлардың онлайн-сатылымына жиі ұмтылыс таныта бастады. Жыл сайын онлайн дүкеніміздегі сатып алу саны кемі 2 есеге өсіп келеді. Миллиондаған қазақстандықтар үшін онлайн сауда өмірлерінің ажырамас бөлігіне айналды. Оған біздің Kaspi Postomat құрылғысының желісі де әсер етті. Тауарды алудың бұл тәсілі біздің тұтынушыларымыз арасында аса танымал болды. Қазіргі уақытта ел бойынша осындай 6000-ға жуық құрылғы орнатылған».

Сарапшылардың айтуынша, 2023 жылы елдегі электронды коммерцияның дамуына айырықша ықпал еткен факторлар мыналар:

  • Жалпы модернизация;
  • Цифрландыру үрдісі;
  • IT-инфрақұрылымның дамуы;
  • Цифрлық төлем құралдары санының артуы;
  • Бөліп-төлеу, микронесие ұсынатын сервистердің таралуы;
  • Қойма және транспорттық логистикаға айтарлықтай инвестиция ағынының ұлғаюы;
  • Онлайн дүкендердің көбеюі;
  • Фулфилмент-орталықтардың ашылуы;
  • Тапсырыстарды беру бекеттері мен постоматтар санының көбеюі.

Forte Market өкілдерінің айтуынша, қалай болғанда да онлайн сауда нарығының айналымы үлкен қарқынмен артып келе жатыр. Логистикалық қызметтер саны артты және банк, басқа да қаржы ұйымдарымен серіктестік кеңінен өріс алды. Маркетплейстердің айналасында сервистік компаниялардың біртұтас экожүйесі құрыла бастады. Жалпы алғанда, нарықтың алдағы уақыттағы өсу әлеуеті өте жоғары.

2023 жылдың қорытындысы бойынша, маркетплейс арқылы сатылым көлемі жалпы бөлшек электронды сауда көлемінің 89 пайызына жетті. Ал транзакция үлесі барлық электронды сатып алулардың 93 пайызына жетті.

  • Абсолютті мәнде маркетплейс арқылы сатылым көлемі 2 есе көбейді (алдыңғы жылмен 92 пайызға артты);
  • Агрегаторлар арқылы сатылым саны 126 пайызға көбейді;
  • Бөлшек онлайн-дүкендердегі сатылым өсімі 15 пайызды құрады;
  • Бөлшек онлайн-дүкендердегі сатылым көлемі 46 пайызға қысқарды (2022 жылмен салыстырғанда);
  • Маркетплейс арқылы операциялардың орташа чегі 15 пайызға төмендеді;
  • Онлайн-дүкендердің орташа чегі 113 пайызға өсті;
  • Өсімнің басты драйверлері – халықаралық (3,7 пайызға өскен) және жергілікті (1,7 есе өскен) маркетплейстер.

Kaspi.kz басшылығының айтуынша, электронды коммерция нарығының қазіргі даму тенденциясы бұл саладағы барьерлердің тым аз екендігін білдіреді:

«Жол сапасының жақсаруы қалада және бүкіл елде тапсырыстарды жеткізу мүмкіндігін айтарлықтай күшейтеді».

Forte Market:

«Нарықтағы алпауыт маркетплейстердің белсенді дамуы нәтижесінде нарықтағы бәсекелестік өте жоғарғы деңгейге жетті. Мұны барьер деп айтуға келмейді, бұл – бәсекелестіктің күшеюінің қайнар көзі және нарық дамуының драйвері».

2023 жылы нарықтағы халықаралық және жергілікті ойыншылардың табысы өсім көрсетті. Бірақ маркетплейстер мен онлайн-дүкендердің арасындағы ара-қатынас трансформацияға ұшырады.

«Жергілікті ойыншылардың сатылым көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 55 пайызға артты. Транзакция алдыңғы жылмен салыстырғанда 44 пайызға көбейді. Халықаралық ойыншылар ақшалай мәнде 3,4 есе, тапсырыс түрінде 2,6 есе өсім көрсетті. Нарықтың жергілікті қатыушыларының орташа чегі аздап ғана өсті (+8 пайыз), ал халықаралық алаңқайлардың орташа чегінің өсімі 32 пайызды құрады. Жергілікті бөлшек онлайн-дүкендердегі сатылым көлемі бір жылда 12 пайызға төмендеген. Ал сатылым саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 53 пайызға құлдырады. Есесіне халықаралық онлайн-дүкендер айтарлықтай табыс өсіміне ие болды (+130 пайыз). Олардағы операция саны 2022 жылмен салыстырғанда 62 пайызға артық болды»,– делінеді зерттеуде.

Маркетплейстер бәсі артып келеді дегенді жоғарыда айттық. Былтыр жергілікті және халықаралық маркетплейстер сенімді өсім көрсеткішіне қол жеткізген. Жергілікті маркетплейстердің сатылымы ақшалай мәнде – 1,7 есе, транзакция түрінде 2 есе өскен. Шетелдік маркетплейстердегі сатылым көлемінің өсімі – 3,7 есе, тапсырыс саны 2,6 есе өскен.

«Орташа баға диапазонындағы жергілікті тауар сатушылар өз тауарын саудалауда дамуға инвестиция салу және жекеменшік онлайн-дүкендерін қолдаудың орнына маркетплейс мүмкіндігіне көбірек сүйенеді. Маркетплейс алаңына кіру оларға жылдам бастап кету, сатып алушылардың кең ауқымды аудиториясына қол жеткізу, жеткізіп беруде үнемдей отыра логистикалық ресурс алаңдарын пайдалану мүмкіндігін береді. Жергілікті ойыншылар онлайн-дүкендер арқылы әлдеқайда қымбат және салалық тауарларды сатуды ыңғайлы санайды. Бұл олардағы орташа чектің 2022 жылмен салыстырғанда 44 пайызға өсуіне алып келді»,– деп мәлімдейді зерттеу авторлары.

Forte Market өкілдерінің сөзінше, шетелдік маркетплейстер тарапынан отандық нарыққа салынып жатқан үлкен көлемдегі инвестицияны байқауға болады:

«Әсіресе, ресейлік маркетплейстер тарапынан. Сонымен қатар шетелдік маркетплейстерден тауарларды жеткізу бойынша логистикалық процестер жақсара бастады. Мұның бәрі нарықтағы бәсекені арттырады».

Kaspi.kz:

«Дамыған нарықтармен салыстырғанда Қазақстандағы электронды коммерцияның кірігу деңгейі 2-3 есе төмен. Бұл нарықтағы барлық ойыншылар үшін әлі де үлкен өсу әлеуеті бар екенін аңғартады».

«Қазақстандағы электронды коммерция нарығының үлкен жолы енді ғана басталды. Күн санап артып келе жатқан онлайн жасалатын тапсырыстар саны осыны көрсетеді. Соңғы төрт жылда онлайн сатылым саны 4,3 есе өскен. Тек соңғы жылдың өзінде тапсырыс санының өсімі 84 пайызға артты. Былтырғыдай транзакцияның 40 пайызға жуығы жылдың бірінші жартысына тиесілі болды. Ал сатылым саны жыл соңына қарай күшейе түседі. 2023 жылдың соңында орташа чек 26,8 мың теңге болды. Бұл соңғы үш жылдағы әлдеқайда салмақты нәтиже болып есептеледі. Қазіргі уақытта орташа чектің көлемі мен динамикасына негізінен, нарық пен интернет-дүкендердің танымалдылығының арақатынасындағы, сондай-ақ жергілікті және халықаралық ойыншылардың арақатынасындағы түбегейлі өзгерістер әсер етеді. 2019-2020 жылдарда айқын көрініс тапқан маусымдық динамика бұл көрсеткішті қалыптастыруда шешуші рөл атқаруды тоқтатты және орташа есепшоттың тоқсан сайынғы ауытқуы орташа жылдық мәндердің +/- 15 пайыз шегінде бола бастады.

Орташа чек динамикасы ақылға қонымды үнемдеуге ұмтылатын тұтынушылардың мінез-құлқындағы түбегейлі өзгерістерді жанама түрде көрсетеді. Сатып алушылар үйден шықпай-ақ кең ассортиментті, қолайлы бағаларды және таңдау ыңғайлылығын қамтамасыз ететін агрегаторларда сатып алуды көбірек іздейді», – дейді авторлар.