Үкімет тұрғындарға мал шығыны үшін 1,1 млрд теңгеден астам өтемақы төледі
Мемлекет су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға залалды өтеу жұмысын жалғастыруда.
Елдегі 20 601 отбасы 7,4 млрд теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Мал шығыны үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 1,1 млрд теңгеден асты.
«130 отбасы ескі тұрғын үйлерінің орнына жаңа баспанаға ие болды. Бұл ретте Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында зардап шеккен азаматтарға берілетін 239 жаңа үй салынып жатыр. Сонымен қатар 568 отбасы 710 млн теңгеден астам сомаға тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы алды. Жалпы алғанда зардап шеккен өңірлерде 9995 тұрғын үй тексеріліп, 7522 нысанда бағалау жұмыстары жүргізілді», – деп хабарлады Үкімет сайты.
Төтенше жағдай министрлігінің мәліметіне сүйенсек, республика бойынша 54703 адам өз үйлеріне оралды. 5291 адам, оның ішінде 2239 бала эвакуациялау пункттерінде.
Айта кетейік, Үкімет резерві мен демеушілік қаражат есебінен Қостанай мен Арқалық қалаларында зардап шеккен тұрғындар үшін 101 пәтер сатып алынды.
Қазақстанға басқа елдер де көмектестуде. Жуырда «Қазақстан халқына» қорына Сербия үкіметі бір миллион еуро аударды.