«Шымбұлақ» тау курорты ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу үшін аспалы жолдарды уақытша жабады
Қысқы маусымның аяқталуына байланысты Алматы қаласындағы «Шымбұлақ» тау курорты ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізбек. Жазғы маусымның ашылуына дайындалу үшін аспалы жолдарды уақытша жауып жатыр.
13 мамыр мен 2 маусым аралығында «Медеу-Шымбұлақ» аспалы жолы жабық болады. Ал 13 мамыр мен 31 мамыр аралығында «Комби-1» және «Комби-2» аспалы жолдары жұмысын тоқтатады. ККД-4 аспалы жолы әдеттегідей жұмыс істейді.
«19 мамыр мен 24 мамыр аралығында Медеу-Шымбұлақ жартылай жолының жүк-тартқыш арқанын қысқарту жұмысы жүргізіледі. Осыған байланысты қозғалысқа шектеу қоюы мүмкін. Шымбұлаққа шығу үшін студенттер жолымен жүруге болады. Алдын алу жұмыстары алдағы жазғы маусымда аспалы жолдардың қауіпсіз және үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған», – делінген Алматы қаласы әкімдігінің хабарламасында.
Жұмыс кестесіндегі өзгерістер мен аспалы жолдарды қалпына келтіру жұмысы қашан аяқталатыны жуырда белгілі болады.
Шымбұлақ – өте танымал туристік нысан. Былтыр бұл кешен түнгі ең биік тау шаңғы курорты ретінде Гиннес рекордтар кітабына енді.