Илон Маск Starship кемесін тағы да ұшыруға дайындалуда
SpaceX компаниясы алдағы 3-5 апта ішінде Starship ғарыш кемесінің прототипі болып есептелінетін зымыран тасығышының төртінші сынақ кезеңіне дайындалуда. Компания басшысы Илон Маск Х желісінің (бұрынғы Twitter) парақшасында кеме суретін жариялап, оны ұшыруға қамданып жатқаны туралы жазған еді. Желі қолданушысының бірі осы жобаның мақсатын, жүзеге асатын уақытын сұраған.
«3-5 аптадан кейін ұшуы мүмкін. Бұл жолы кеменің өте жоғары қыздыру аймағынан өтіп кетуін немесе өткен жолғыдан ұзағырақ ұшуын көздеп отырмыз», – деп жауап берді кәсіпкер.
Биыл мамыр айында SpaceX үшінші сынақта кеменің күшін сынады. Бірақ аппарат ұшқаннан кейін 77 шақырым биіктіктен құлады. Бұған дейінгі екі сынақ та сәтсіз аяқталды.
Компания Starship зымыраны 3-4 жылдан кейін Марсқа ұшады деп жоспарлап отыр. Америкалық кәсіпкер сол ғаламшардан жұмыс базасын құратынын мәлімдеген еді.
Илон Маск интернет кеңістігінде де бірқатар жобаны жүзеге асыруда. Fortune журналы жуырда оның X әлеуметтік желісі негізінде теледидарларға арналған YouTube-тің баламасын іске қосатынын хабарлады.