АҚШ-тағы инфляция болжамдары, компаниялардың тоқсандық есептері, Сауд Арабиясындағы жаңа IPO-лар

Жарияланды
БАҚ-тың шолуы / Фото: архив kursiv.media

Жылдың қалған бөлігіндегі нарықтың қозғалысы сәуір айындағы АҚШ инфляциясы деректеріне орай өзгеруі мүмкін. Олар осы аптада жарияланады деп күтіп отыр, ал болжамдарға келер болсақ, олардың беті бері қараған. Яғни тұтынушылық бағалар наурызға қарай бәсеңдеген. Сонымен қатар S&P 500 қатарындағы компанияның көбі бірінші тоқсанда күткенінен жоғары пайда түскені туралы хабарлады. Ьұл да нарық үшін жақсы нышан. Осы және басқа да тақырыптарды өткен демалыс күнгі әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

АҚШ қор нарығы 2024 жылғы ең маңызды көрсеткіші – тұтынушылық бағалар индексінің жариялануын күтіп отыр

Осы аптада АҚШ-та сәуір айындағы тұтынушылық бағалар туралы деректер жарияланады және бұл статистика қор нарығының болашақ қозғалысын анықтауда ең маңызды тетік болуы мүмкін, деп жазады MarketWatch. Бірінші тоқсанда елдегі инфляция жеделдеп, сол себепті ФРЖ мөлшерлемелерді төмендету циклінде қайтадан үзіліс жасады.

Инфляцияға қарсы күрес тоқтап қалғандай болса да, ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл мамыр айының басында пайыздық мөлшерлеме бойынша реттеушінің келесі қадамы кезекті көтеру емес, төмендету болады деп болжап, инвесторларды иландырды. Дегенмен өткен аптада тұтынушылық бағалар сәуір айында төмендей бастауы мүмкін, деп жазды Morgan Stanley экономика тобы, зерттеу жазбасында.

«Егер осы болжам шындыққа айналса, биыл ФРЖ мөлшерлемесі үш рет төмендетіледі деп үміттенуге болады», – деп жазады Yahoo Finance сарапшылары.

Fundstrat зерттеу бөлімінің басшысы Том Лидің айтуынша, сәуір айындағы АҚШ инфляциясының деректері «нарықтарды зарықтырған жақсылықтың нышаны» болмақ.

S&P 500 компанияларының көбі бірінші тоқсанда күткенінен жоғары пайда түскені туралы хабарлады

Солтүстік Американың ірі компаниялары құлдырауға қатты дайындалып, шығындарды қысқартқаны сонша, кем дегенде, соңғы екі жылдағы ең үздік тоқсандық табысына жақын қалып отыр. Bloomberg жинаған мәліметтерге сәйкес, бірінші тоқсанда есеп беретін S&P 500 индексінің 459 компаниясы, орта есеппен, кірістің күткенінен 8,4 %-ға жоғары екенін хабарлады. Өткен тоқсанда 76 % болса, бұл жолы компаниялардың шамамен 79 %-ның пайдасы күткенінен асып түсті.

Экономикалық құлдырау туа қалса деген оймен компаниялар шығындарды қысқарту және қолма-қол ақша жинақтау арқылы пайданы арттырады. Lombard Odier Asset Management компаниясы макрозерттеу бөлімінің басшысы Флориан Иэлпо: «Аз шығын жұмсап, көп нәрсе жасау» стратегиясы көптеген компанияға қарыштап өсу әлеуетін берді», – дейді.

Ойда жоқта түсе қалған пайда сарапшылардың көкейінде үміт отын жағып, соңғы екі жылдағы ең жылдам қарқынмен пайда болжамдарын көтеруге итермеледі.

Bloomberg Intelligence мәліметтері көрсеткендей, бірінші тоқсанның көңіл тоғайтар нәтижелері Уолл-стритті екінші тоқсандағы болжамды пайда мөлшерін көтеруге итермеледі. «АҚШ-тағы акциялар үшін бұл – жақсылықтың нышаны», – деді BI аға сарапшысы Венди Сонг. Дегенмен сарапшылар 2024 жылға арналған пайда болжамын өзгерткен жоқ деуге болады: компаниялардың басым бөлігі өз болжамдарын бермейінше, сарапшылар екінші жартыжылдыққа арналған болжамдарын қайта қараудан тартынып отыр.

Акцияларға нақты пайда нәтижелері емес, болжамдар көбірек әсер етеді, тарихи тұрғыда солай қалыптасқан.

Rasan IPO-ға шығып жатыр

Сауд Арабиясындағы Rasan Information Technology қаржы-техникалық компаниясы Эр-Риядтағы IPO барысында 841 миллионға дейін риал (224 миллион доллар) жинауды жоспарлап отыр, баға диапазоны бір акция үшін 35-37 риал деңгейінде белгіленген, деп хабарлайды Bloomberg.

Компанияның өзі 5,3 млн акция сатып жатса, ал оның акционерлері тағы 17,4 млн акция ұсынып отыр. Институционалдық инвесторларға арналған букбилдинг 16 мамырға дейін жалғасады.

Rasan – соңғы апталарда Сауд Арабиясында IPO өткізген төртінші компания. Корольдіктің қор биржасы белсенділіктің дүмпуі жалғасады деп күтеді. Биыл тағы 10-ға жуық жергілікті компания IPO өткізуді жоспарлап отыр. Rasan-нан басқа Tabby деген «қазір сатып ал, кейінірек төле» қағидасымен жұмыс істейтін компания листингке дайындалып жатыр.

Қысқа қайырғанда

13 мамырда Қытай құрлықтық биржаларындағы шетелдік акциялардың қозғалысы туралы деректердің тікелей трансляциясы тоқтатылады, деп хабарлайды Bloomberg. Оның орнына күнде айналым мен ең көп сатылатын 10 акция туралы толық ақпарат жарияланады. Осылайша, Қытайдағы билік «дүрбелеңді жаппай сатуды тоқтатып», «инвесторларды тыныштандырғысы келеді».

Қытайдың бағалы қағаздарды қадағалау қызметі заңсыз әрекет жасады деген күдікпен Zhejiang Ruifengda Asset Management Co хедж қорын тергеп жатырмыз деп мәлімдеме жасады. Бұл хедж қор 2 миллиард юаньнан (277 миллион доллар) асатын сомадағы активтерді басқарады.

Сейсенбі, 14 мамыр күні АҚШ Ақ үйі Қытайға қатысты антидемпингтік тергеудің нәтижесін жариялайды деп күтіп отыр, дейді Yahoo Finance. Осы екі жылдық тергеудің негізінде АҚШ үкіметі «қорғау баж салығына» қатысты шешім қабылдайды. Атап айтқанда, Қытайдың электрлік көлігі, күн батареясы және аккумуляторына салынатын баж салығы төрт есе көтеріледі деп күтіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз