Жаңалықтар

АҚШ-тағы бағалардың өсуі және Walmart пен Cisco есептері: инвесторларды осы аптада не күтеді?

Экономистер сәуір айында жылдық инфляция аздап төмендейді деп күтіп отыр/ Фото: Unsplash/Jess Torre

«Осы аптада нарықтың назары АҚШ-тағы тұтынушылық баға жөніндегі сәуір статистикасында болады» деп жазады The Wall Street Journal. «Мәліметтер АҚШ Федералдық резервтік жүйесі (ФРЖ) қыркүйекте пайыздық мөлшерлемелерді төмендетеді деген инвесторлар үмітінің қаншалықты ақталатынын көрсетеді» деп жазады газет. ФРЖ-ға қарағанда, Еуропалық орталық банк өз саясатын жұмсартуға әлдеқайда бейіл. Еуроаймақта мөлшерлеме алғаш маусым айында төмендеуі мүмкін деген үміттің ақталған-ақталмағанын инфляция статистикасы көрсетеді.

«Бұл аптада корпоративтік есептердің кезекті бір легі де жұрттың назарында болады, мысалы: Alibaba, Cisco және Walmart есептері» деп атап өтті Barron’s. Азияда инвесторларды Аустралия бюджетінің жобасы, бірінші тоқсандағы жапон экономикасының өсуі туралы алдын ала мәлімет және Қытай Халық банкінің несие мөлшерлемесі туралы хабарландыру қызықтыратын болады.

Осы аптада бақылауға тұрарлық дүниелер:

Дүйсенбі, 13 мамырда, Нью-Йорктің Федералдық резервтік банкі тұтынушылардың келер жылдағы инфляциялық болжамы туралы сәуір айындағы сауалнамасының нәтижесін жариялайды. Соңғы үш айда болжам межесі 3 % болды. Мичиган университетінің өткен аптадағы осы секілді сауалнамасы инфляциялық болжамның сәуірдегі 3,2 %-дан мамыр айының басында 3,5 %-ға дейін өскенін көрсетті.

CNBC жүргізушісі Джим Крамер инвесторларға дүйсенбіде Федералдық резервтік банк президенті Кливленд Лоретта Местердің пікіріне құлақ асуға кеңес берді.

«Осы ФРЖ шенеуніктері бізді сұмдық түсініктемелерімен қаншалықты алдаусыратса, […] соншалықты ФРЖ көп ұзамай мөлшерлемелерді төмендетуі мүмкін», – деді Крамер. Оның пікірінше, ФРЖ-ның пессимистік мәлімдемелері экономиканы бәсеңдетеді, реттеушіге де керегі – сол.

Сейсенбі, 14 мамырда, қытайлық онлайн алпауыт – Alibaba Group, жапондық Sony Group технологиялық компаниясы және америкалық құрылыс материалдары мен құрал-сайман сатушы Home Depot-тың қаржылық есептері жарияланады деп күтіп отыр. «Егер Alibaba-ның есебі жақсы болса, Уолл-стрит инвесторлары акцияларын сатып алуға ниеттене бастауы мүмкін», – деп ескертті Крамер. Дәл сол күні АҚШ-та сәуір айындағы өндірушілер бағасының индексі шығады: экономистер оны жылдық мәнде 2,2 пайызға дейін шамалы баяулайды деп күтеді.

«Германия мен Испания сейсенбіде сәуір айындағы инфляция туралы мәлімет жариялайды. Ұлыбритания еңбек нарығының мәліметін шығарады, онысы жалақы мен жұмысбастылықтың өсу қарқыны Англия банкі алдағы айларда мөлшерлемелерді төмендете бастайтындай деңгейде баулай ма, жоқ па, соны көрсетеді» деп жазады WSJ. Аустралия үкіметі 2024–2025 жылдарға арналған бюджетін жариялайды. АҚШ-тағы сауда-саттық аяқталғаннан кейін күн технологиясымен айналысатын Nextracker компаниясы есеп береді: Крамер одан жақсы нәтиже күтеді.

Сәрсенбі, 15 мамырда АҚШ-та сәуір айындағы тұтынушылық бағалар туралы статистика жарияланады. Бұл – инфляцияның негізгі көрсеткіштерінің бірі. «Қатарынан үш ай мәліметтер күткен межеден асып түсті, енді соның себебімен баға төмендей бастады ма, жоқ па, нарықтарға сол қызық» деп атап өтті WSJ. «Экономистердің консенсустік болжамы бойынша, баға жылдық мәнде 3,4 пайызға көтерілуге, яғни, наурыз айымен салыстырғанда, 0,1 пайыздық тармаққа төмен болуға тиіс», – деп хабарлады Barron’s.

Сонымен бірге «сәуір айындағы АҚШ-тағы бөлшек сауда туралы мәлімет сәрсенбіде жарияланады, онда өсім наурыздағыдан аздау болады деп болжанған» деп жазады Barron’s. Сәрсенбіде Cisco Systems телекоммуникациялық жабдықтар өндірушісі де өз есебін жариялайды: «егер компания оптимистік болжам ұсынбаса, «ұяттау» болады» дегенді айтады Джим Крамер. Еуропада еуроаймақ елдерінің өнеркәсіптік өндірісі туралы мәлімет наурыз айында жарияланады. Қытайда жергілікті орталық банк ипотекалық және басқа да несиелердің мөлшерлемесіне әсер ететін орта мерзімді несие желісінің мөлшерлемесін ұсынады. Ал Жапония жылдың бірінші тоқсанындағы ЖІӨ-нің алдын ала бағалауын жариялайды.

Бейсенбіде, 16 мамырда Walmart, Applied Materials, Copart, Deere және Take-Two Interactive Software өзінің қаржылық нәтижелерін ұсынады. «Егер компания бағаны төмендететінін жарияласа, Walmart акциялары күрт қымбаттап кетуі мүмкін», – дейді Джим Крамер. «Applied Materials есебі жап-жақсы болуы мүмкін, себебі оның бәсекелесі Taiwan Semiconductor алдында ғана сатылымның жақсы болғаны туралы хабарлаған болатын», – деп сөз қосты CNBC жүргізушісі. Сонымен қатар бейсенбіде АҚШ Халық санағы бюросы жаңа тұрғын үй құрылысы жөнінен сәуір айының статистикасын ұсынады.

«Жұма күні, 17 мамырда АҚШ-та The Conference Board коммерциялық емес ұйымы «экономикадағы елеулі бетбұрыстар мен таяу келешектегі экономиканың бағытын» көрсететін өзінің алдағы көрсеткіштер индексін ұсынады. Еуростат еуроаймақтағы инфляция жөнінде сәуір статистикасын жариялайды. Еуропалық орталық банк өз мөлшерлемелерін төмендетудің алдында, сондықтан нарық аймақтағы баға динамикасын мұқият бақылап отыр» деп біледі WSJ