Morgan Stanley адамның өмірін ұзартатын және болашақта инвесторларға көп пайда әкелетін бес инновациялық технологияны атады. Тізімде қант диабетімен ауыратын және артық салмақтан жапа шегетін адамға арналған бұрыннан таныс дәрілерден басқа, зертханада жасанды интеллект пен ДНҚ синтезін қолдана отырып жаңа дәрі-дәрмек жасау жолын іздеу әдістері енгізілген.
Morgan Stanley ол технологияларды «лоң шот» деп атады:
«Бұл – ұзақ өмір сүруге кедергі келтіретін негізгі мәселелерді шешуге бағытталған озық әзірлемелер» деп хабарлады Finimize қаржылық ақпарат қызметі. Мұндай технологияларға, мысалы, өмірлік маңызы бар мүшелерді 3D басып шығару жатады. Банктің пікірінше, келешегі зор осы әзірлемелерде айтарлықтай қаржылық пайда табу мүмкіндігі бар. «Бірақ инвесторлар жоғары құбылмалылыққа және сәтсіздікке ұшырау мүмкіндігіне дайын болуы керек», – деп ескертті Finimize.
Morgan Stanleyдің айтуынша, ең келешегі зор бес лоң шот мынау:
— Семіздік және қант диабетімен ауыратындарға арналған дәрі-дәрмек. Бұл препараттар қандағы қант мөлшері мен тәбетті реттейді және салмақты азайтып қана қоймай, сонымен қатар содан бастау алатын кеселдермен, яғни қант диабетімен және жүрек ауруларымен күреседі. Мұндай дәрі-дәрмекке сұраныстың жоғары болуына байланысты Morgan Stanley жақында осы нарыққа қатысты болжамын шамамен үштен бір деңгейге көтерді: жаңа бағалау бойынша, 2030 жылға қарай сатылым көлемі 105 миллиард долларға жетуі мүмкін. «2023 жылы семіздікке қарсы бренд инъекция сатылымы 17,5 есе аз, яғни 6 миллиард доллар болды» деп атап өтті банк.
«Инвесторлар үшін, мәселен, осы нарықтағы қос көшбасшы: Novo Nordisk даниялық фармацевтикалық компаниясы мен америкалық Eli Lilly акциялары ашық» деп жазды Finimize.
— Жасанды интеллект арқылы дәрі іздеу. Қазір бір жаңа дәріні нарыққа шығаруға 1 миллиард доллардан астам шығын мен 10 жылдан астам уақыт қажет, соның өзінде табысқа жету ықтималдығы 10 пайыз ғана. «Жасанды интеллект осы уақыт (шамамен 75 пайызға) пен шығынды айтарлықтай қысқартуы мүмкін: алгоритмдер ағзаның дәріні қалай қабылдайтынын алдын ала есептеп, клиникаға дейінгі сынақты өнімдірек етеді» деп жазады Finimize.
«Нарыққа қатысушылардың осы салаға Recursion Pharmaceuticals, Evotec және Exscientia PLC акциялары арқылы инвестиция салуға мүмкіндігі бар» деп атап өтті Finimize. Google DeepMind зертханасы да мамыр айында осы саладағы әзірлемелерін таныстырды. «Ірі технологиялық компаниялар процеске қажет ЖИ қуатын беру арқылы пайда көреді» деп қосты Finimize.
— Ақылды химиотерапия және антидене-препарат конъюгаттар (ADC). Morgan Stanleyдің айтуынша, дәстүрлі химиотерапияда көбіне дәлдік жетіспейді, міне осы кемшілікті ақылды терапия мен антидене-препарат конъюгаттар жояды. «Олар сау жасушаларға тиіспей, обыр жасушаларын көздейді» деп атап өтті банк. Бұл ауыр обыр дертінен емдеу хаттамасындағы төңкеріс болуы мүмкін, бірақ бұл салада венчурлық қаржыландыру әлі де аз, ал технологиясы күрделі де қымбат. Morgan Stanley оны 140 миллиард долларды құрайтын әлеуетті нарық болатындықтан ерекше атап өтті.
«Seagen, AstraZeneca, Daiichi-Sankyo, ADC Therapeutics және AbbVie сияқты қоғамдық компаниялар ADC зерттеулеріне қызығушылық танытып отыр» дейді Finimize.
— ДНҚ синтезі және биоқауіпсіздік. Адамдар зертханада «өмір құрылысының кірпіштерін», яғни ДНҚ жасауды үйреніп жатыр. Бұл, мысалы, ауруға төзімді өсімдіктер шығаруға және көбірек азық-түлік өндіріп, ашаршылықты болдырмауға көмектеседі. Немесе жанама әсерлердің қаупін азайтатын қауіпсіз де тиімді препараттар жасауға болады. «Morgan Stanley этикалық мәселелер мен қатаң реттеу секілді процесті бәсеңдетуі мүмкін елеулі кедергілердің барын айтады. Дей тұрғанмен бұл технологияларды қолдану нарығы қарқындай ұлғайып келеді: 2025 жылға қарай, шамамен, $58 миллиардқа жетеді» деп атап өтті банк.
Finimize осы салада жұмыс істейтін компаниялардың арасында Ginkgo, Codexis, WuXi Biologics және AbCellera, сондай-ақ зертханалық жабдық шығаратын әрі жеткізетін Thermo Fisher компанияларын атап өтті.
— Психоделиктер. «Бұлар жүйке-психикалық ауытқуларды емдеуге революциялық тәсіл ұсынады және бірнеше дозадан кейін-ақ депрессия, жарақат алғаннан кейінгі күйзеліс пен алаңдаушылық қинаған адамдардың жағдайын айтарлықтай жақсарта алады, – дейді Morgan Stanley. – Бірақ бұл салаға инвестиция салу ісі оны реттеу және қоғамның қабылдауы мәселелерімен, сондай-ақ барлық зерттеудің әлі бастапқы кезеңде тұрғанымен қиын шаруаға айналады. Олардың алғашқы нәтижелері келешегінен үлкен үміт күттіріп, психоделиктерді медициналық қоғамдастықтың біртіндеп қабылдауы қаржыландыру мен зерттеулердің артуына алып барады. Бірақ нарық көлемі басқа технологиялардікіндей үлкен болмауы мүмкін, тіпті мұндай нарық енді-енді пайда болуы ықтимал», – деді Morgan Stanley.
«Емдеу хаттамасында психоделик қолдану жөнінен Compass Pathways бен Indivior – алғашқы қарлығаштар» деп атап өтті Finimize. к