«Азиялық онлайн ретейлер – Shein Лондон қор биржасындағы листингке дайындықты күшейтті» – деп хабарлады Reuters дереккөздері. Shein бастапқыда акцияларын Нью-Йоркте орналастыруды жоспарлаған еді. Бірақ оның бұл ниеті АҚШ заң шығарушыларының қарсылығына тап болды. Shein-дікі соңғы онжылдықтағы ең ірі IPO-ның бірі болуы мүмкін.
Толығырақ
«Мамырда Shein Қытай реттеушісін IPO алаңқайын өзгерткені туралы хабардар етіп, Лондон қор биржасындағы (LSE) листингке өтініш беруді көздеп отыр», – деп хабарлайды Reuters дереккөздерінің бірі. IPO өтетін елді ауыстыруға Бейжіңнің рұқсаты қажет екенін айтты Reuters-дің тағы бір сұхбаттасы. «Ретейлер бұдан бұрын 2024 жылдың басында жергілікті қаржылық және заң кеңесшілерімен Лондон листингінің мүмкіндігін талқылай бастаған», – деді Reuters-дің келесі бір дереккөзі. Агенттіктің тағы бір сұхбаттасы: «Компания акцияларын орналастыру алдында танысу-білісу кездесулерін өткізу мақсатында Лондондағы қор басшыларына да хабарласқан», – дейді.
«Shein Лондондағы листингке дайындалып жатқанымен, ол үшін Нью-Йорк IPO өткізер аңсаулы орын болып қала бермек. Реттеушілер ұстанымын өзгерте қалса деп компания АҚШ Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясына (SEC) берген өтінішін күшінде қалдыруды жоспарлап отыр», – деп хабарлады Reuters дереккөздерінің бірі. «Лондондағы IPO-дан кейін Shein, АҚШ-тағы саяси ахуал қолайлы деп тапса, Нью-Йоркте де бір листинг өткізіп жіберуі мүмкін», – деп қосып қойды агенттіктің сұхбаттасы.
Shein мен LSE Reuters агенттігіне түсініктеме беруден бас тартты. Қытайдың бағалы қағаздарды реттеу жөніндегі комиссиясы (CSRC) мен SEC агенттік салған сұрауға жауап бермеді.
АҚШ-та IPO өткізудің мәселелері
Shein 2023 жылдың қарашасында АҚШ-та IPO өткізуге құпия түрде өтініш берді. «Бұл соңғы онжылдықта Нью-Йоркте өткен ең ірі листингтің бірі болуы мүмкін» деп жазды сол кезде Financial Times.
Негізгі көздегені Нью-Йорк болса да, Shein LSE-мен листинг жайын талқылап жатыр дегенді Sky News 2023 жылдың желтоқсанында-ақ хабарлаған еді. Ақпан айында Bloomberg дереккөздері, АҚШ-тағы листингке билік кедергі болғандықтан, ретейлердің Лондонға назар аударғанын айтты. Агенттік сұхбаттастарының айтуынша, Shein листингімді SEC-тің бекітуі екіталай деп санаған. Себебі ықпалды сенатор Марко Рубио оның өтінішін блоктауға шақырған.
Акциялардың Нью-Йоркте орналастырылуы сауда саласындағы Қытай мен АҚШ-тың қайшылығын күшейтеді. 2024 жылдың қаңтарында Reuters дереккөздері Shein-нің Қытай билігінен АҚШ-та IPO өткізуге рұқсат сұрағанын айтқан еді. Қытайдың жаңа ережесі бойынша бұған Бейжіңнің келісімі қажет. Shein қазір Сингапурда тіркелгенімен, ол бизнесті қытайлық компания ретінде бастаған. Бүгін де осы елден киім-кешек алады. Natixis аға экономисі Гэри Эн Bloomberg-ке берген сұхбатында: «Қытаймен тығыз байланысы бар бизнес үшін бір мезгілде қытайлық реттеушінің де, америкалық реттеушінің де талабын орындау қиын», – деген болатын.
IPO барысындағы орналастыру көлемі мен Shein-нің әлеуетті бағасы әлі жарияланған жоқ. «2023 жылы Shein 66 миллиард долларға бағаланды. Ал бұл жолы Shein IPO арқылы әлдеқайда жоғары – 80-90 млрд долларға бағалануды ойлайды» деп жазған еді кезінде Bloomberg. 2022 жылы бағасы биікке шарықтап, 100 млрд долларға барды. Ол кезде бұл H&M және Inditex-ті (Zara мен Bershka иелері) қоса алғанда, екеуінің нарықтық құнынан да жоғары баға болатын. к