Жаңалықтар

Алматы-Нүкіс бағытында жаңа әуе рейсі ашылды

Қазақстаннан халықаралық рейстердің жалпы саны 567-ге жетті/Фото: shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Өзбекстанмен арада тағы бір жаңа бағытта әуе рейсі ашылды. Осылайша Қазақстаннан халықаралық рейстердің жалпы саны 121 әуе бағыты бойынша аптасына 567-ге жетті. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі рейстер географиясын одан әрі кеңейтіп, рейстер санын арттыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. 

«Осылайша, «Uzbekistan Airways» әуе компаниясы осы жылдың 1 маусымынан бастап жаңа Алматы-Нүкіс бағыты бойынша тұрақты рейстерді орындай бастайды. Рейстер аптасына екі рет (сәрсенбі және сенбі күндері) 174 орындық Эйрбас – А320 ұшағында орындалады», – делінген хабарламада.

Жаңа әуе жолының ашылуы екі ел арасындағы сауда-саттық, іскерлік байланыстар мен туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Ал жалпы осы күндері Қазақстан мен Өзбекстан арасында мынадай бағыттарда әуе қатынасы жұмыс істеп тұр.

Алматы – Ташкент:

FlyArystan – аптасына 4-5 рет;

Air Astana – аптасына 7 рет;

Uzbekistan Airways – аптасына 7 рет.

Астана – Ташкент:

FlyArystan – аптасына 3 рет;

Air Astana – аптасына 3 рет;

Uzbekistan Airways – аптасына 5 рет.

Алматы – Самарқанд:

FlyArystan – аптасына 2 рет.

Өзбекстанда 30 күн визасыз жүруге болады. Алайда бес күннен кейін жергілікті құзырлы органға барып тіркелу қажет.

Сонымен қатар Qazaq Air 2024 жылдың 15 наурызынан бастап Түркістан-Самарқанд бағыты бойынша рейстер ашатынын жазғанбыз. Рейстер аптасына екі рет – жұма және жексенбі күндері De-Havilland Dash 8-Q400 ұшағында орындалады