Жаңадан құрылатын көлік және логистика институтына Үкімет резервінен 184 млн теңге бөлінеді

Жарияланды
Көлік министрлігі жанынан көлік және логистика институты құрылады / shutterstock, бильд редактор: Аружан Махсотова

Қазақстанда жаңа акционерлік қоғам – «Қазақстан Көлік және логистика институты» АҚ құрылмақ. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасынан белгілі болды. 

Жаңа институттың жарғылық капиталын қалыптастыру үшін Көлік министрлігіне 2024 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген Үкімет резервінен 184 млн 600 мың теңге бөлінеді.

Көлік министрлігінің түсіндіруінше, мұндай шешім 2023 жылы 16 қарашада көлік саласын дамыту мәселелері бойынша өткен кеңесте қабылданған. 

«Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында ел аумағы бойынша жүк ағындарын бағалау және болжау, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту тәсілдерін әзірлеу жөніндегі нысаналы ғылыми жобаларды қалыптастыруды, сондай-ақ тиісті мамандандырылған ғылыми-зерттеу (жобалау) құрылымын құрудың орындылығын қарауды тапсырды», – делінген түсіндірме жазбада.

Жаңа акционерлік қоғам құрылған жағдайда ол Көлік министрлігіне тікелей қарайтын екі компанияның бірі болмақ. Екіншісі – «Нұрcұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамы. 

Сондай-ақ оқыңыз