Салтанат Нүкенова қазасы: судья шешім шығару үшін алқабилермен бірге кеңесу бөлмесіне кетті

Жарияланды
Судья және алқабилер үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетті/Фото: ҚР Жоғарғы сот

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 13 мамырдағы сот отырысында судья Айжан Құлбаева 10 негізгі алқабимен бірге кеңесу бөлмесіне кетті.

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 99-бабы және 110-бабы бойынша айып тағылған. Ал Бақытжан Байжанов қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша айыпталып отыр.

Судья алқабилер кеңесу бөлмесінде жауап беруі керек сұрақтарды оқыды. Бишімбаевқа қатысты ҚК 110-бабы бойынша қойылатын сұрақтар:

  1. 2022 жылдың 16 желтоқсанынан 2023 жылдың 9 қарашасына дейін, 2022 жылдың наурыз, сәуір, қазанында, сондай-ақ 2023 жылдың жазында Астана және Алматы қалаларында жәбірленуші Нүкеноваға денесінің түрлі бөлігін ұру арқылы физикалық қысым жасалғаны, ар-намысына тию арқылы моральдық қысым жасалғаны дәлелденді ме?
  2. Бұл әрекетті сотталушы Бишімбаевтың жасағаны дәлелденді ме?
  3. Сотталушы Бишімбаев бұл әрекетті жасағанына кінәлі ме?
  4. Жәбірленуші Нүкенованың сотталушы Бишімбаевпен бірге тұра бастаған уақыттан бастап өз бетінше ақша табуды доғарып, оған материалдық тұрғыда тәуелді болды ма?

Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша қойылатын сұрақтар:

  1. 2023 жылдың 9 қарашасында шамамен түстен кейін Астанадағы Bau мейрамханасында жәбірленуші Нүкенова бас-ми жарақаты салдарынан және қан ұю салдарынан қайтыс болғаны дәлелденді ме?
  2. Бұл жарақат жәбірленуші Нүкеноваға басына бірнеше соққыны саналы түрде жасау арқылы мақсатты түрде өлтіргені дәлелденді ме?
  3. Бұл әрекетті сотталушы Бишімбаевтың жасағаны дәлелденді ме?
  4. Сотталушы Бишімбаев бұл әрекетті жасағанына кінәлі ме?
  5. Сотталушы Бишімбаевтың жәбірленуші Нүкенованы ұрып-соғып, оған су мен ұйқы бермей қорлап, аясусыз физикалық қысым жасау арқылы өлтіргені дәлелденді ме?
  6. Нүкенова басынан алған жарақат саналы түрде жасалғаны, оның денсаулығына аса ауыр зиян келтіргені, соның салдарынан қайтыс болғаны дәлелденді ме? Сотталушы Бишімбаевтың бұл әрекетті жасағаны дәлелденді ме және сотталушы Бишімбаев бұл әрекетті жасағаны үшін кінәлі ме?

Судья және алқабилер үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетті.

Істің мән-жайы

Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованыөлтірді деген айыппен ұсталды.

Айта кетейік, Күдікті Бишімбаев 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сондай-ақ, Президент Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын.

 11 наурызда өткен сотта Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді. Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған. Бірақ бұл айыптармен келіспеген ол істі алқабилердің қатысуы және ашық режимді қарауды сұрады

Сондай-ақ оқыңыз