800 мың бала уақтылы екпе алмаған: Үкімет резервінен қауіпті ауруларға қарсы екпе егуге 5,8 млрд теңге бөлінеді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
800 мыңнан аса бала уақытылы екпе алмаған. Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда 800 мыңнана аса бала уақытында екпе алмаған. Енді Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, 18 жасқа дейінгі балаларды иммундауға Үкімет резервінен 5, 8 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржыға 747 720 доза вакцина мен 542 592 бірлік шприц сатып алынбақ. Премьер-министр Олжас Бектенов қаулыға қол қойған.

«Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов елімізде қолайлы эпидемиологиялық жағдайды қамтамасыз ету және балалардың денсаулығын қорғау үшін вакциналар мен медициналық бұйымдардың қосымша көлемін сатып алуға қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойды», – делінген Үкімет хабарламасында.

Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген талдау нәтижесінде Қазақстанда 800 мыңнан астам баланың екпе алмағаны анықталған. Көкжөтел, дифтерия, А және В вирусты гепатиттері, қызылша, қызамық, сіреспе, полиомиелит, паротит және гемофильді инфекция сияқты қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы толықтыра иммундау жүргізілмек.

«Қаражат облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдіктеріне 747 720 доза вакцина мен 542 592 бірлік шприц сатып алуға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер түрінде аударылады. Ал Шығыс Қазақстан облысында балаларды қолда бар препараттар көлемі есебінен толықтыра вакциналау жоспарланып отыр», – делінген хабарламада,

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып келеді. Соңғы 2 айда сырқаттанушылық деңгейі 32%-ға төмендеді. Қосымша жаппай иммундау аясында шамамен 1,3 млн адам екпе алған. Бұл вакцина алуға жататын халықтың 91%-ын құрайды. Есесіне басқа да вакцинамен басқарылатын инфекциялармен сырқаттану жағдайы артқаны байқалады. Мәселен, 2023 жылы көкжөтел бойынша кері динамика тіркеліп, бұл ретте науқастардың 91%-ы – екпе алмаған балалар. Сондай-ақ қызамық, эпидемиялық паротит және А вирусты гепатитінде де өсім тіркелген.

Денсаулық сақтау экс-министрі Ажар Ғинаят  елде екпе алмағандар қатарының артуына 2015 жылы заңға ата-аналар баласына екпе салдырудан бас тарта алады деген норманың енгізілуі әсер етті деп мәлімдеген болатын.

Сол кезде ДСМ басшысы соңғы 15 жылда елімізде қызылша үш рет: 2005, 2015 және 2019 жылдары таралғанын айтты. Былтыр қызылша қайта тарала басталды. 2023 жылдың соңына қарай 29 648 адам қызылша жұқтырса, оның 80 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. 2023 жылы желтоқсан айында Астана қаласы мен Шығыс Қазақстан облысында бір жасқа толмаған 2 сәби қызылшадан қайтыс болды. 

Сондай-ақ оқыңыз