Миллиардер Құлыбаевқа тиесілі «Шұбаркөл Премиум» еншілес компания құрып, оның директорына ең төменгі жалақы төлемек

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Shubarkol logistic компаниясының басшысына 85 мың теңге төленбек/Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

«Шұбаркөл Премиум» еншілес Shubarkol logistic компаниясын құрып, оның директорына айына 85 мың теңге жалақы төлемек. Бұл туралы «Шұбаркөл Премиумның» Қазақстан қор биржасына жолдаған хабарламасында жазылған.

Бұл шешім акционерлердің 10 мамырда өткен жалпы жиналысында қабылданған. Қарағанды ​​қаласында орналасатын еншілес кәсіпорынның жарғылық капиталы 369,2 мың теңгені құрайды. Shubarkol logistic директоры болып Мадина Хишина тағайындалады. Ақпаратта оның айлығы ең төменгі жалақы мөлшерінде белгіленеді делінген. Ал қазір Қазақстандағы ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрайды.

Ақпан айында Индустрия және құрылыс министрлігі «Шұбаркөл премиум» компаниясы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт талаптарын бұзғанын және бір ай ішінде кемшіліктерді жоймаса, айыппұл төлеуі тиіс екенін ескерткен. Министрлік талабы орындалмаса, компаниямен көмір өндіру келісімшарты біржақты тәртіпте бұзылмақ. Компания 2020-2022 жылдары келісімшарт міндеттемелерін орындамаған.

«Шұбаркөл Премиум» көмір экспорттауда айрықша құқық иеленген 33 компания қатарына кіреді.

KASE деректеріне сәйкес, «Шұбаркөл Премиум» акцияларының 67%-ы Joint Resources компаниясына тиесілі. Ал бұл компания Тимур Құлыбаевқа тиесілі. Тағы 16,5% акциясы FCI Management және Trans Coal Investment Group компанияларының иелігінде. Алайда е-gov сервисінде Joint Resources құрылтайшыларының тізімі көрсетілмеген.

2023 жылдың алғашқы үш тоқсан қорытындысы бойынша «Шұбаркөл Премиум» 60,2 млрд теңге кіріспен 4,8 млрд теңге таза пайда алды. Компанияның активтері – 74,7 млрд теңгені, капиталы – 49 млрд теңгені құрады.

Сонымен қатар былтыр компания көмір өндіруді 52%-ға, экспортты 18,8%-ға қысқартты. Оған себеп ретінде кенші «Қазақстан темір жолы» компаниясынан вагондардың жеткізілмеуін көрсеткен. Былтыр Тимур Құлыбаев көмір компаниясынан 21 млрд теңгеге жуық дивиденд алды.

Тимур Құлыбаев жұбайы Динарамен бірге иелік ететін «Халық банктің» 69,5% және «Алтын банктің» 40% акцияларынан бөлек, «Қамқор Менеджмент», PetroRetail (QazaqOil жанармай құю станциялары желісі), SilkwayTransit, PTC Holding, Petrolex Group акциялары, Астана мен Қазақстанның өзге қалаларындағы коммерциялық жылжымайтын мүлікке иелік етеді.

Сондай-ақ оқыңыз