Жаңалықтар

TikTok-ты бұғаттау: Ақпарат министрлігі желідегі қандай видеоларға шағымданады

Ақпарат министрлігі TikTok-ты бұғаттағысы келмейді / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Мәдениет және ақпарат министрлігі TikTok желісіндегі 1 348 бейне жазбаға қатысты шағым түсірген. Платформа тек 206 бейнені өшіруге келіскен. Қазақстан әлеуметтік желіні қандай жағдайда бұғаттауы мүмкін? «Курсивтің» ресми сауалына министрлік жауап берді.

Ведомствоның жазуынша, Қазақстан желіні бұғаттағысы келмейді. Алайда компания органның сұраныстарын қанағаттандырып, ынтымақтастыққа келмесе, бұғаттау қажет болады.

Қазір министрлік компаниямен келіссөздер жүргізіп жатыр. Әлеуметтік желінің шағымдарға тезірек жауап беруін және заңға қайшы ақпаратты бұғаттауын қалайды. Қазір қабылданған шаралар жеткіліксіз. Сондықтан министрлік ел аумағында TikTok-қа толық тыйым салуды қарастыруды жоспарлап отыр.

Министрлік 3 мамырға дейін әртүрлі арналарда 1 348 бейнені жоюды сұрайтын 172 хабарлама жібергенін жазады. Платформа тек 206 жазбаны жоюға келіскен.

Көбінесе орган экстремизмді насихаттайтын 727 бейнені (оның 30-ы жойылған), қаржы пирамидаларын жарнамалайтын 317 бейнені (43-і жойылған) және елдегі жиналыстар, митингілер, шерулер мен пикеттер туралы ақпарат тараған 67 бейнежазбаны (23-і жойылған) өшіруге шағымданған.

Министрлік әлеуметтік желіде балаларға теріс әсер ететін және ҚР заңдарын бұзатын мазмұн көбейіп кеткенін жазады.

Еске сала кетсек, 22 сәуір күні Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде Тик-Ток платформасын бұғаттау мәселесі қаралатынын мәлімдеді. 

«(Tik-tok) бұғаттау мәселесінде көрші елдердің тәжірибесін қарап отырмыз. Шынымен де, қазіргі таңда әлеуметтік желідегі материалдарда құқық бұзушылық фактілер өте көбейіп кетті. Оның барлығы біздің ұлттық қауіпсіздігімізге ықпал етеді. Әлбетте, осындай шараларды қабылдауға болады», – деді Аида Балаева.   

TikTok өкілі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қосымшаны шектеуге қатысты пікіріне жауап берген

«Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің елде TikTok-ты бұғаттау мүмкіндігін қарастырып жатқанына қатты таңқалдық. Өйткені министрлік біздің Қазақстандағы Наурыз онлайн-фестивалі және шығармашылық қысқа бейнефильмдер байқауы сияқты көптеген бастамамызды белсенді түрде қолдап келді. Мәселен, өткен жұмада Алматыдағы іс-шарамызда министрліктің өкілі сөз сөйлеп, TikTok-ты мәдениет пен басқа да пайдалы контентті насихаттауға көмектесетін платформа ретінде жоғары бағалады»,– дейді компания өкілі.

Ал бұған дейін Сенат отырысында депутат Алишер Сатыбалдиев Үкімет басшысына сауал жолдап, Tik-tok желісіне шектеу енгізуді сұрады. Айтуынша, бұл платформа балалардың тәрбиесіне теріс әсер етіп жатыр.

Сондай-ақ Қазақстан үкіметі TikTok пен Meta қосымшаларын пайдалануға қатысты жаңа талаптар қоятынын хабарлаған едік. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр қазір Қазақстан TikTok платформасын реттеу және пайдалану саласындағы халықаралық тәжірибені зерттеп жатқанын айтты. Осы орайда үкіметте желіні ұлттық ерекшеліктерге сай бейімдеу мақсатында арнайы жұмыс кеңестері өткізіліп тұрады.