Жаңалықтар

ЕАЭО жанынан құрылған қорға Қазақстан донор ретінде 500 млн доллар құюға тиіс

Қорға жалпы 1 млрд доллар бөлу жоспарланған / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстан 2010 жылдан бері Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорына 500 млн доллар құйған, әлі 500 млн доллар жіберуі керек. Бұл қаржы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорындағы елдерді, яғни Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанды дағдарыс жағдайында демеуге жұмсалған. Бұл туралы Қаржы министрілігінің «Курсивтің» ресми сауалына берген жауабында жазылған.

«Қордың миссиясы – қатысушы мемлекеттерге жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарын еңсеруге, ұзақмерзімді экономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және олардың арасындағы экономикалық интеграцияны дамытуға жәрдемдесу»,– делінген жауапта. 

Министрлік ақпаратына сүйенсек, ЕТДҚ жарғылық капиталы 8,5 млрд доллар. Оның ішінде елдермен қаражаттың 10%-ы ақшалай нысанда, қалған 90%-ы вексель түрінде беріледі. Қазақстанның ақшалай нысандағы жарнасы – 100 млн доллар 2010 жылы төлеген. Ал вексель түріндегі 900 млн доллардың 400 млн доллары 2013-2014 жылдары өтелген. Қаржы министрлігі қалған 500 млн доллар өтеуге тиіс қалдық екенін жазған.

Бұл қаржы Қазақстан Республикасының республикалық бюджетінен алынады. Қазақстан мен Ресей қордың доноры ретінде ең көп қаржы құяды. 

Бұл қаржыны қорға мүше елдердің барлығы әлеуметтік саладағы мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру үшін грант ретінде ала алады. Алайда министрлік осы кезге дейін Қазақстанның қордан қанша грант алғанын, қандай жобаларды іске асырғанын нақты көрсетпеген.

Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры — 2009 жылы Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдері құрған көлемі 9 млрд долларға жететін өңірлік қаржы тетігі. Қор теріс дағдарыстық салдарларды еңсеру, ұзақ мерзімді орнықтылықты қамтамасыз ету мақсатында құрылған.

Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы тұрақтандыру және даму қоры Қырғызстанның салық жүйесін жетілдіру үшін салық қызметіне 1,45 млн доллар грант бөлген еді.