Шетелдіктердің Қазақстанда ықтиярхат алуын жеңілдететін сұранысқа ие кәсіптер тізбесі бекітіліп, бұйрық ресми күшіне енді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығына сүйенсек, Қазақстанда шетелдіктердің тұрақты тұру үшін талап етілетін кәсіптер тізбесі едәуір кеңейген. Бұрын 21 мамандық болса, ендігі тізімде 51 мамандық бар.
Жаңа тізімде гинекологтар, педиатрлар, диагностика дәрігерлері, бірқатар IT-мамандықтар (мобильді қосымшалар мен компьютерлік ойындарды әзірлеуші, жасанды интеллект жөніндегі инженер, қосымшалар құрастырушы, ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі маман), сондай-ақ креативті индустрия саласының қызметкерлері (графикалық дизайнер, суретші-иллюстратор, дыбыс операторы, бейнемонтажер) және т. б. мамандық иелері бар.
Тізбеде көрсетілген мамандықтары бар шетелдіктер ішкі істер органдарында тұруға ықтиярхатты оңайлатылған тәртіппен ресімдей алады. Тұруға ықтиярхат 10 жылға не паспорттың қолданылу мерзіміне беріледі.
Шетелдіктерге жұмыс беріп отырған қазақстандық жұмыс берушілер саны – 1 657. Оларда 456 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді. Бұл қызметкерлердің жалпы санының 97,2%-ы.
Шетелден Қазақстанға келіп, жұмыс істеп жүрген 565 адам басшылар мен олардың орынбасарлары, ал 2 671 құрылымдық бөлімшелердің басшылары.
Шетелдік жұмыс күшінің негізгі бөлігі – мамандар мен білікті жұмысшылар. Олардың жалпы саны 6466 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 564 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 616 адам жұмыс істейді.