Медицина қызметкерінің адам өліміне немесе мүгедектікке әкеп соқтырған қателігі үшін мемлекет қанша ақша төлейді?
Қазақстанда медицина қызметкерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру қағидалары әзірленді. Тиісті құжат Ашық НҚА порталында жария талқыға шығарылды. Оған сүйенсек, медициналық қызмет нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін сақтандыру енгізілген.
Мәселен науқас мүгедектігі үшін:
- үшінші топ – 500 АЕК;
- екінші топ – 600 АЕК;
- бірінші топ – 800 АЕК;
- мүгедектігі бар бала – 500 АЕК белгіленген.
Ал медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде науқас қайтыс болса – үш мың еселенген айлық есептік көрсеткіш төленеді.
«Медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде науқастың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін – ауруға байланысты нақты шығыстар мөлшерінде, бірақ айлық есептік көрсеткіштің үш жүз еселенген мөлшерінен аспайды», – деп жазылған құжатта.
Мүгедектік белгіленбеген сақтандыру төлемінің мөлшері келтірілген зиянға тікелей байланысты шығыстардың мынадай түрлерін қамтиды:
1) дәрілік заттарды сатып алу;
2) қосымша тексеру және емдеу, оның ішінде ақылы қызметтер;
3) оңалту қызметтері;
4) жалақыны жоғалтуға байланысты шығындар;
5) Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен тыс және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде.
«Медицина қызметкерлер кәсіби қызметті жүзеге асырған кезде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру ықтималдығы сақтандыру тәуекелі деп танылады», – деп жазылған құжатта.
Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру жөніндегі бірыңғай сақтандыру пулы құрылады. Ол Қазақстандағы медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру үшін құрылған, заңды тұлға құрмайтын компаниялар тобының бірлестігі.
Медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісін тәуелсіз сараптама комиссиясының қорытындысымен белгіленеді және расталады. Дерек расталған жағдайда жоғарыда келтірілген сома төленеді.
Сақтандыру төлемінің мөлшерін есептеу үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш пайдаланылады.
Еске сала кетсек, Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Заңда медицина қызметкерлерін құқықтық тұрғыдан қорғау және қаржылай қолдау шаралары қарастырылды. Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі енгізілді (Заң ресми жарияланғаннан кейін 6 ай өткен соң қолданысқа енеді).