Үкімет шағын кәсіпкер алатын несие мен шағын кредит пайызын субсидиялайды
Үкімет шағын, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері мен микрокредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін портфельдік субсидиялауды және ішінара кепілдік беру қағидаларын әзірледі. Тиісті құжат Ашық НҚА порталында жарияланды.
Бұрынғы субсидиялау ережелері осы жылдың қаңтарына дейін белгіленген. Қоғамдық талқылауға шығарылған 407 беттен тұратын құжатта қаржыландыру жергілікті және республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылатыны айтылған. Жеңілдікті шағын бизнес субъектілері ала алады.
Атап айтқанда, несие мөлшерлемесін мемлекет есебінен субсидиялау – банктен немесе микроқаржы ұйымынан негізгі капиталды сатып алуға, жаңғыртуға, реконструкциялауға, күрделі жөндеуге немесе биологиялық және материалдық емес объектілерді сатып алу үшін несие алу үшін қажет.
Мемлекеттiк субсидияларды алу үшiн инвестициялық жоба екiншi деңгейдегi банк немесе микроқаржы ұйымы шешiм қабылдаған күннен бастап екi жылдан кейiн кемiнде бiр жұмыс орнын құруға тиiс.
Құжатқа сүйенсек, инвестициялық мақсаттарға арналған кредиттің ең жоғары сомасы 20 млн теңгеден аспайды. Ал айналым қаражатын толықтыруға 5 млн теңге беріледі.
«Айналым қаражатын толықтыруға кредиттер жаңартылатын немесе жаңартылмайтын негізде берілетін кредиттік желі түрінде беріледі. Бір қарыз алушыға арналған лимит 20 млн теңгені құрайды. Кредит бойынша негізгі борыш мерзімінен бұрын өтелген кезде Қағидаларда белгіленген лимит шегінде қарызды қайталап алуға болады», – деп жазылған құжатта.
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін субсидиялау және қаржыландыру бойынша кепілдік беру салалық шектеулерсіз және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген және 7 (жеті) пайыздық тармаққа ұлғайтылған. Оның 7%-ын кәсіпкер төлейді. Ал айырмасын мемлекет субсидиялайтын базалық мөлшерлемеден аспайтын номиналды сыйақы мөлшерлемесімен жүзеге асырылады.
«Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін портфельдік субсидиялау және ішінара кепілдік беру номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 28%-дан аспайды. Оның ішінде номиналды сыйақы мөлшерлемесінің 50%-ын мемлекет субсидиялайтын МҚҰ микрокредиттері бойынша ғана жүзеге асырылады», – деп жазылған құжатта.
Еске сала кетсек, Ауыл шаруашылығы министрлігі көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға қосымша 400 млрд теңге тартылатынын хабарлады.