Өзбекстан жазғы маусымда Қазақстанға 922 млн текше метр су жіберуге келісті

Жарияланды
Достық каналы арқылы су
ҚР Су ресурстары министрлігі Өзбекстанмен «Достық» каналы арқылы Қазақстанға 922 млн текше метр су жіберу туралы келісімге келді / Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Өзбекстан «Достық» каналы арқылы Қазақстанға 922 млн текше метр су жібереді. Бұл жайлы Мемлекетарылық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысы барысында айтылды.

Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 86-шы отырысына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан қатысқан.

«Кездесу қорытындысы бойынша Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы суару маусымында Қазақстанға 922 млн текше метр су беру туралы келісімге келді»,– делінген баспасөз хабарламасында.

Министрліктің хабарлауынша, Түркістан облысының Шардара су қоймасына 4,8 млрд текше метр су жиналған. Ал Қазақстанның оңтүстігіндегі егіс алқаптарын суару үшін су алынатын Қырғызстанның Тоқтоғұл су қоймасында 8 млрд текше метр су қоры бар.

«Қазір біздің басты міндетіміз – тасқын суын жинау. Оны Каспий, Балқаш, Қамыс-Самар көлдеріне, Ұлытау облысынан Қызылорда облысының көлдеріне және т.б. бағыттаймыз, бірақ сонымен қатар оңтүстік өңірлерді де сумен қамтамасыз ету маңызды. Бұл мәселеде су дипломатиясы өте маңызды», – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Сонымен бірге қатысушы елдер «Орталық Азия елдері арасында су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін құру туралы» келісім жобасын да талқылаған. Суға қатысты мәселелерді талқылау үшін Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының мүшелері қыркүйек айында Түркіменстанда кездеседі.

Айта кетейік, 2023 жылдың күзінде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қырғызстан мен Өзбекстан Қазақстанның оңтүстік облыстарына су беруді тоқтатуы мүмкін деген қауіпке қатысты пікір білдірді.

«Сырдария бассейні мен Шу, Талас өзендері бойынша арнайы құрылған комиссия бар. Осы комиссиялар аясында біз шара қабылдап, кезең бойынша суды үлестіріп отырамыз. Сондықтан су беру тоқтайды деген қауіп жоқ деп ойлаймын. Бұл мемлекетаралық ынтымақтастық қой. Қазақстанның бұл мемлекеттермен ынтымақтасатын басқа да салалары бар. Сондықтан біржақты жабылады деп айта алмаймыз», – деді Нұржігітов.

Еске сала кетсек, тамыз айында Қырғызстан Киров қоймасынан Қазақстанға егістік суаруға арналған суды беруді тоқтатты. Салдарынан Талас, Байзақ, Жамбыл облысының кей жерлерінде су тапшылығы байқалды. Қырғыз тарапы судың аздығынан өздері қиын жағдайға тап болып, егістіктер қурап қалды.  

Өз кезігінде Қырғызстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанның Жамбыл облысын сумен қамту жағдайына қатысты түсініктеме беріп, Қазақстанға су тапшылығы жайлы ескертілгенін мәлімдеді. 

Сондай-ақ оқыңыз