БАӘ-дегі Қазақстан консулдығында қызметтік тексеріс жүргізіліп, шетелдегі қызметкерлердің психо-эмоционалдық жағдайы тексеріледі – СІМ
Сыртқы істер министрлігі БАӘ-дегі Қазақстан елшісінің кеңесшісі Сәкен Мамаштың әйелі Карина Мамашқа қолдау көрсетіп жатқанын мәлімдеді. СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров дипломаттың әйелімен кездесіп, жағдайымен танысқанын жеткізді.
«Мен Каринамен жеке кездесіп, жағдайын білдім. Біз оған барынша қолдау көрсетіп жатырмыз. Карина ештеңеден қорықпау керек. Біз оны қолдаймыз және барынша көмек көрсетеміз»,- деді Смадияров.
Ол сонымен бірге бұл істің анық-қанығынан бейхабар екенін, бұл істі Ішкі істер министрлігі өз қадағалауына алғанын мәлімдеді.
«Сыртқы істер министрлігі бұл істі өз бақылауына алды. Карина Мамаштың күйеуі жедел түрде Қазақстанға қайтарылды. 6 мамыр күні ол Қазақстанға қарай шықты. 9 мамыр күні шекарадан өткен соң, заңға сәйкес өзінің қызметінен босатылды. Өздеріңіз білесіздер, оған қатысты құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Бұл істің анық-қанығын біз білмейміз. Онымен ІІМ айналысады»,- деді министрлік өкілі.
Журналистер сонымен бірге Біріккен Араб Әмірліктеріндегі консулдық қызметкерлері Каринаның жағдайымен таныс бола тұра көмек көрсетпегені жайлы айтты.
«Жақында Карина Мамаш елшілік қызметкерлері күйеуінің зорлық-зомбылық көрсетіп келгенін білетінін, бірақ ешқандай әрекет жасамағанын мәлімдеді. Олар Қазақстанның иммиджіне нұқсан келе ме деп қорыққан. Консул Каринаның соққыға жығылғанын көре тұра жедел жәрдем шақырмаған. Осыған байланысты консулдыққа министрлік қызметтік тексеріс жүргізе ме?»- деп сұрады.
Айбек Смадияров мұның қарапайым жағдай еместігін, сол себепті міндетті түрде қызметтік тексеріс жүргізілетінін жеткізді. Сонымен бірге шетелдегі қызметкерлердің психо-эмоционалдық жағдайы тексерілетінін мәлімдеді.
«Иә, расында бұл қарапайым жағдай емес. Міндетті түрде біз қызметтік тексеріс жүргіземіз. Жыл сайын министрлік шетелдегі елшіліктерде істейтін қызметкерлерін медициналық тексерістен өткізеді. Ал жақында біз қызметкерлердің психо-эмционалдық жағдайын тексеру үшін арнайы тестілеу бағдарламасын енгіздік. Өйткені шетелде жұмыс істеу үшін қызметкерлеріміз мұқият бақылануы керек»,- деді Садияров.
Карина Мамаш мәлімдемесі
Еске сала кетсек, дипломаттың әйелінің үндеуі «НеМолчи» қоғамдық қорының әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған. Онда БАӘ Елшілігінің кеңесшісінің әйелін үнемі ұрып-соққаны, ал 5 мамырда әйелдің үлкен әпкесіне де күш қолданғаны туралы жазылған.
«Мен, Мамаш Карина Госманқызы, БАӘ елшісінің кеңесшісі Мамаш Сәкен Ташкенбайұлының әйелімін. 10 жыл бойы зорлық-зомбылық көріп келемін. Мен жұбайымның маған көрсеткен бүкіл қорлығы үшін дипломат мәртебесінен айырылып, түрмеге жабылғанын қалаймын. Ол маған физикалық, жыныстық, эмоционалды, экономикалық, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетті», – дейді зәбір көрген әйел.
Осы орайда «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Президентке, Ішкі және сыртқы істер министрліктеріне үндеу жасады.
Жақында әлеуметтік желіде Карина Мамаштың сұхбаты жарияланды. Онда ол отбасындағы зорлық-зомбылықты ұзақ жылдар бойы жасырып келгенін мәлімдеді. Айтуынша, күйеуі неке құрған кезінен бастап қол көтерген. Бұл жайында жақын құрбылары ғана білетін. Ол бұл жайында ғаламтор арқылы бәріне жариялайтынын мәлімдеген. Алайда күйеуі Сәкен Мамаш «Маған бәрібір» де, ештеңеден қорықпайтынын жеткізген. Астанадағы дағдарыс орталығына орналасқан жәбірленуші қазіргі уақытта өзін қауіпсіз сезінетінін, балалары мен анасы, әпкесі жанында екенін айтты.
Ал мымыр күні ІІМ Әйеліне қатысты зорлық-зомбылық жасады деген күдікпен қазақстандық дипломат Сәкен Мамаштың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.