Жаңалықтар

Apple Еуропа мен Азияда Vision Pro-ны сатуға дайындық үстінде – Bloomberg

Халықаралық деңгейде кеңею Vision Pro сатылымын жақсартуы мүмкін / Фото: Unsplash/Roméo A.

Bloomberg осы мәселемен таныс дереккөздерге сілтеме жасай отырып, «Apple АҚШ-тан тыс жерлерде Vision Pro-ны сата бастауға дайындалып жатыр» деп жазады. Компания Германия, Франция, Аустралия, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур және Қытайдан келген сатушыларды үйрету үшін төрт күндік курс бастады. Дүйсенбіде компания акциялары 1,8%-ға қымбаттады.

Толығырақ

«Apple тренинг өткізе бастады және сатып алушыларға Vision Pro-ны көрсетуді үйрету үшін өзінің халықаралық дүкендерінен жүздеген қызметкерді Купертиноға жіберді. Үйрету төрт күнді алады. Ал курстар өткен аптада басталды», – деп хабарлады Bloomberg. Apple тренингте қызметкерлерге Vision Pro қай жерлерде сатылымға түсетінін айтпады. Бірақ компания Германия, Франция, Аустралия, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур және Қытайдағы қызметкерлерін дайындап жатыр. Осы секілді курстар ақпан айының басында АҚШ-та Vision Pro сатылымының басталуына бірнеше апта қалғанда Купертинода өткен болатын.

Bloomberg агенттігіне түсініктеме беруден Apple бас тартты. Компания бұған дейін құрылғыны биылғы жылдың соңында АҚШ-тан тыс жерлерде сататынын мәлімдеген. Ал Тим Кук Vision Pro-ның Қытайда 2024 жылы сатылатынын айтқан еді.

Vision Pro АҚШ-тан тыс жерде қашан сатылады?

Қазір Vision Pro толықтырылған шынайылық көзілдірігі тек АҚШ-та ғана 3 499 долларға сатылуда. «Бағасының жоғарылығы мен тартымды қосымшалардың жоқтығы құрылғыны көп адамның қолы жете бермейтін өнімге айналдырды» деп атап өтті агенттік. АҚШ-тан тыс жерлерге кеңею Apple-ге тәнті адамдарды тағы бір сүйіндіру мүмкіндігін береді. «Компания келесі айдың басында Дүниежүзілік әзірлеушілер конференциясынан кейін Vision Pro-ны халықаралық нарықтарға шығаруды жоспарлап отыр» деп хабарлады Bloomberg дереккөздері.

Нарық жаңа девайс күте ме?

Шетелдік сатып алушылар Vision Pro-ны көптеген бейресми реселлер арқылы сатып алып жатты. Бірінші рет осы арналардың арқасында сұраныс күрт жоғарылады. Содан кейін Гонконг сияқты қалаларда жұрт гаджетті бөлшек сауда бағасынан төмен бағамен алып-сата бастады.

Apple өз веб-сайтында көзілдірікті белсендірек жарнамалап, тұтынушының неге сатып алмағанын анықтау мақсатында тауарды таныстырған қызметкерлермен сұхбат жүргізе бастады. Vision Pro маркетингісі жөніндегі директор өткен айда қызметінен кетті.

Apple бірінші тоқсандағы кіріс туралы есебінде көзілдірік сатылымы туралы ештеңе айтпады. Бірақ осы көзілдірік те құзырына кіретін, адам өзімен бірге алып жүретін және үй бұйымдары, аксессуарлармен айналысатын бизнес бөлімінде сатылым 10%-ға төмендеді. Қытай мен Жапониядағы пайдаланушылар виртуалдық шынайылыққа көбірек қызығатқандықтан, халықаралық дәрежеде кеңею көзілдірік сатылымын жақсартуы мүмкін. «Маусым айында Apple осы құрылғыға арналған VisionOS операциялық жүйесінің екінші нұсқасын ұсынған кезде Vision Pro тағы бір серпін алуы ықтимал» деп хабарлайды Bloomberg.

Компанияның жағдайы қалай?

The Wall Street Journal «Былтыр мегакапиталданған технологиялық компаниялардың арасында Apple акциялары ең арзаны болды» деп жазады. 2 мамырда компания екінші тоқсанның қаржылық есебін беріп, рекордтық байбэк туралы жариялағаннан кейін акциялары «қайта тірілді». Содан бері акциялары 8%-ға дерлік өсті. Мұны компанияның өз өнімдеріне ЖИ енгізу жоспарына қатысты дүрлігіспен түсіндіруге болады. Бұл жаңалығын Apple 10 маусымда өтетін Worldwide Developers конференциясында мәлімдемек.

Өткен аптаның соңында Bloomberg-тің хабарламасы шықты. Ол жерде Apple компаниясы өзінің iOS мобильдік операциялық жүйесіне ChatGPT-ті қосу туралы OpenAI-мен келісімшарт жасасуға жақын екені айтылған.

Bernstein сарапшысы Тони Сакконаги дүйсенбіде, 13 мамыр күні, жариялаған есебінде Apple акциясы 235 долларға жетуі мүмкін екенін айтты. Сол кезде акция бағасы қазіргі деңгейден 25% жоғары болмақ. Ол үшін жасанды интеллект «келесі iPhone легіне елеулі жаңарту циклін енгізуге көмектесуі керек» деп жазды WSJ.

Акцияның мән-жайы

Дүйсенбідегі саудада Apple акциясы 1,76%-ға қымбаттап, 186,28 долларға барды. Жыл басынан бері компания акциялары 3,3%-ға арзандаса, соңғы 12 айда 8,3%-ға қымбаттады. MarketWatch мәліметтері бойынша, компания акцияларын бақылайтын 45 сарапшының 29-ы оны сатып алуға кеңес береді (20 Buy және 9 Overweight). 13-і Apple қағаздарын ұстап отыр деген ұсыныс айтады. Үш сарапшы компанияға күмәнмен қарап, акциясын сатуға кеңес береді (екі Sell рейтингісі, біреуі Underweight). Apple акциясының консенсустық болжамдағы бағасы 201,44 доллар. Бұдан дүйсенбі күнгі негізгі сауда сессиясы жабылғандағы бағасынан 8%-ға өскені білінеді. к