Google келесі жылы 2021 жылдан бері дайындап жатқан Starline 3D бейнеконференция технологиясын нарыққа шығарады. Компанияның айтуынша, бұл технология сөйлесуші адаммен бір бөлмеде отырғандай әсер тудырады. Дүйсенбі күні таңертеңнен бері бағасы құлдырай бастаған Google-дың бас компаниясының акциялары осы жаңалықтан кейін беті бері қарап, саудасын елеусіз өсіммен жапты.
Толығырақ
Өзінің блогында Project Starline бас директоры Эндрю Нарткер «Google төрт жылдық әзірлемеден кейін Starline 3D бейнеконференция байланыс жобасын зертханадан шығаруға ниетті» деп жазды.
«Жасанды интеллект, 3D визуализация және басқа да технологиялардағы жетістіктерді пайдалана отырып, Starline «сиқырлы терезе» сияқты жұмыс істейді. Өзге адаммен бір бөлмеде отырғандай сөйлесіп, ымдасып, көзге-көз түйістіре аласыз», – деп жазды Нарткер. «Google кеңселерінде және корпоративтік серіктестермен бірге мыңдаған сағаттық сынақтан өткізгеннен кейін, біз Starline-дағы кездесудің дәстүрлі бейнеқоңыраудай емес, сөйлесуші адамыңмен бір бөлмеде отырғанға ұқсайтынын анықтадық».
2025 жылы Starline-ды саудаға шығару үшін Google компаниясы HP-мен серіктесетінін айтты. Google сонымен қатар Starline-ды Zoom және Google Meet сияқты танымал бейнеконференция қызметтерімен біріктіру үстінде екенін хабарлады.
«Google былтыр WeWork, T-Mobile және Salesforce, сондай-ақ 100-ге жуық басқа да корпоративтік серіктес осы технологияның прототиптік нұсқасын сынақтан өткізіп жатқанын айтты», – деп жазады Techcrunch.
НР-дің қызметі
Google ұсынған құрылғы – қосымша көзілдірікті немесе гарнитураны қажет етпейтін келесі буынның мультимедиялық экраны.
«Біздің жарыққа сезімтал дисплей көлем мен тереңдік сезімін тудырады, бұрын-соңды көрмеген ахуалда сөйлесесіз» делінген жобаның тұсаукесерлік хабарламасында.
«Дисплейді өндіру және таратумен «тиісті тәжірибесі бар» HP компаниясы айналысады», – деп жазды Нарткер.
Компания акцияларына әсері
Дүйсенбі, 13 мамырда, Нью-Йорктегі Alphabet-те акцияларының саудасы 2,66 пайызға құлдыраумен ашылды. Бірақ жаңалық жарияланғаннан кейін акциялардың бағасы 0,36 пайызға көтеріліп, күнді аздаған өсіммен аяқтады.
Жыл басынан бері компанияның бағалы қағаздары 21 %-ға, ал 12 айда 45 %-ға қымбаттады. FactSet мәліметтері бойынша, Alphabet қорын қамтитын 64 сарапшының 50-і сатып алуға кеңес береді. Ал сатуға кеңес берген ешқайсысы жоқ. Google-дың бас компаниясы акцияларының бағасына қатысты Уолл-стриттің консенсустық болжамы – 191,21 доллар. Яғни 12 %-ға өседі деп біледі.
HP акциялары дүйсенбі күнгі саудада 0,7 %-ға қымбаттады. Жыл басынан бері компания акциялары 0,5 %-ға арзандаса, 12 айда 1,25 %-ға қымбаттады. FactSet мәліметтері бойынша, HP акцияларын бақылайтын 18 сарапшының сегізі сатып алуға, сегізі сақтауға және екеуі сатуға кеңес береді. HP акцияларының бағасына қатысты Уолл-стриттің консенсустық болжамы – 31,75 доллар, яғни 6 %-ға өседі деп біледі. к