Какао бағасы бір күнде 19%-ға құлдырады
Дүйсенбі, 13 мамыр күні, Нью-Йоркте какао фьючерстері бағасы тарихта болмаған деңгейде күрт түсті. Какао өсірілетін аймақтарда жаңбыр жауады деген болжам нарықтың құбылмалылығын арттырды.
Толығырақ
Нью-Йоркте ең саудасы қызу какао фьючерсі 13 мамырда 19,4%-ға құлдырады. «Бұл статистиканың 60 жылдан астам тарихындағы ең үлкен күндізгі құлдырау» деп жазады Bloomberg. «Жаңбыр егін жинау болжамын жақсартады, – делінген мақалада, – ал какао нарығындағы аздаған ашық қызығушылық (open interest), яғни әлі есептеспеген фьючерстік келісімшарттар бағаның қозғалысын арттырады».
ArrowStream сатып алу бағасын бақылау қызметінің шикізаттық тауар жөніндегі сарапшысы Джон Гудвиннің пікірінше, осы төмен көрсеткіштен ұғуға болатын нәрсе мынау: «Батыс Африкадағы ауа райы болжамындағы елеусіз ғана өзгерістің өзі немесе сұраныстың төмендеуінің белгілері бағаны қатты құбылтады».
«Батыс Африкадағы алдыңғы қатарлы какао өндірушілер плантацияларындағы ылғалдың жетіспеуі нарықтағы ұсынысқа теріс әсер етті. Өткен аптада бағалар 9%-ға өсті. Ал қаржы менеджерлері өзінің таза бұқалық мөлшерлемесін үш аптадағы ең жоғары деңгейге дейін көтерді», – деп еске алады Bloomberg. Дей тұрғанмен сәуір айының ортасында орнатылған какао бағасының тарихи рекорды таяу болашақта бұзылмайды дейтін сарапшылардың да барын айтады агенттік.
Жаңбырдан не күтуге болады?
Maxar Technologies аға метеорологы Дональд Кини Bloomberg агенттігіне: «Жаңбыр әлемдегі екінші ірі какао өндіруші – Ганадағы, сондай-ақ Индонезиядағы «жағдайды сәл жақсартса керек», – деді. «Алдыңғы қатарлы какао өндіруші – Кот-д’Ивуар да ылғалды ауаның пайдасын көреді, – деді Кини, – бірақ елдегі құрғақшылықтан құтылу үшін әлі де көп жаңбыр қажет».
Дегенмен Кот-д’Ивуардағы какао өндірушілер найзағай, дауыл какаоның гүлін үзіп, өсуін баяулатуы мүмкін деп алаңдайды. Сонымен қатар Bloomberg атап өткендей, жаңбыр Кот-д’Ивуар қалаларына бұршақ тасымалдауды қиындатады. Камерунда какао бұршақтарын ұрлау – өршіп келе жатқан мәселе. Ұрлықтың көбеюі фермерлерді бұршақты кептіру уақытын қысқартуға мәжбүрлейді. Ал бұдан оның сапасы нашарлауы мүмкін.
Контекст
Құрлықаралық биржаның (ICE) мәліметіне сілтеме жасай отырып, «Какао бағасының мұндай құбылмалылығы 1977 жылдан бері нарықта болған емес» деп жазды Bloomberg. MarketWatch мәліметтері бойынша, Нью-Йорктегі какао фьючерстерінің бағасы жыл басынан бері екі есеге жуық өсті. Оның үстіне соңғы бір айда олардың биржалық бағасы бір ширектен астамға түсті.
Акцияның жайы
Америкалық шоколад өндіруші Hershey’s акциялары Нью-Йорктегі негізгі сауда сессиясында 2,3%-ға қымбаттап, постмаркетте тағы 1,2%-ға өсті. Mondelez International бір күнде 0,6%-ға жоғарылады. Nestle компаниясының ADR көрсеткіштері негізгі сессияда 0,6%-ға төмендеді, бірақ кейін ұзартылған сағаттарда 0,2%-ға өсті.