Биотехнологиялық Novo Nordisk компаниясы өндірісті кеңейту үшін облигация шығармақ – Bloomberg

Жарияланды
Wegovy дәрісін өндіретін компания орта мерзімді облигациялар бағдарламасын 20 млрд еуроға дейін кеңейтуге ниетті / Фото Reuters/Том Литтл

«Қант диабетіне қарсы Ozempic дәрісі мен семіздікке қарсы Wegovy дәрісін шығаратын даниялық биотехнологиялық компания Novo Nordisk екі жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет облигация сатуды жоспарлап отыр. Ондағы мақсаты – өзінің өндірісін кеңейту бағдарламасын қаржыландыру» деп жазады Bloomberg. Атап айтқанда, ақша Catalent иелігінде болған зауыттарды сатып алуға жұмсалады. Осы мәлімдемеден кейін Novo Nordisk акциялары 3%-ға қымбаттады.

Толығырақ

«Novo Nordisk фармацевтикалық компаниясы Ozempic деген қант диабетіне қарсы дәрісі ерекше сұранысқа ие болуы себебімен Еуропадағы ең құнды компанияға әрі поп-мәдениет құбылысына айналғалы бері алғаш рет облигациялар шығаруды жоспарлап отыр»,– деп жазады Bloomberg.

Агенттік дереккөзінің хабарлауынша, Novo Нидерландыдағы еншілес компаниясы арқылы BNP Paribas, Deutsche Bank, HSBC Holdings және ING Groep банктеріне жүгінген. Еуроға байланған облигацияларының өтеу мерзімі нарық жағдайына байланысты 2 жылдан 10 жылға дейін. «Deutsche Bank роуд-шоу логистикасымен айналыспақ» деп хабарлайды Bloomberg.

Өткен аптада Novo Nordisk өзінің еуро валютасындағы орта мерзімді облигациялар бағдарламасын, жалпы сомасын 20 млрд етіп, екі есе ұлғайтуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Компания Bloomberg-тің жолдаған сұрауына жауап бермеді.

Ақша қайда жұмсалмақ?

Novo Nordisk жұмыс істеп тұрған және жаңа өндіріс орындарына үлкен қаржы салу үстінде. Атап айтқанда, бастапқыда америкалық фармацевтикалық компания Catalent-ке тиесілі үш зауытты 11 миллиард долларға сатып алуды жоспарлап отыр. Bloomberg дереккөздерінің айтуынша, облигацияларды орналастырудан түскен қаражат «жалпы корпоративтік мақсаттарға, соның ішінде Catalent-ті сатып алуға» жұмсалады. Мәміле биылғы жылдың соңына қарай аяқталмақ.

Акция жайы

Дүйсенбі күнгі Копенгагендегі саудада Novo Nordisk акциялары 3%-ға қымбаттап, 909,9 дат кронына (шамамен 131,53 доллар) жетті. Жыл басынан бері компанияның бағалы қағаздары 30,34%-ға, ал соңғы 12 айда 57,5%-ға қымбаттады.

Wegovy және Ozempic препараттарының сатылымы қарқындап, Novo-ның нарықтық капитализациясы 500 млрд доллардан асты. Алайда семіздікке қарсы препараттар нарығындағы барған сайын күшейген бәсеке компания акцияларына қысым жасап жатыр. Novo үшін 3 мамыр қазан айынан бергі ең жаман күн болды. Себебі сол күні Amgen биотехнологиялық компаниясы Novo-ның суперхиттеріне бәсеке туғызатын дәрі жасап жатқанын айтып жұртты елең еткізді.

Ал одан бір күн бұрын компания 2024 жылдың бірінші қаржылық тоқсанының есебін берді. Оның кірісі бір жылда 22%-ға, операциялық пайдасы 27%-ға, ал таза пайдасы 28%-ға ұлғайса да, бұл нәтижелер инвесторлардың көңілін көншітпей, акциялар бағасы құлдырады.

FactSet мәліметі бойынша, Novo Nordisk қағаздарын бақылаған 31 сарапшының 20-сы оны сатып алуға кеңес береді (17 Buy рейтингісі, 3 Overweight рейтингісі). Сегіз сарапшы (Hold) ұстап отыру керек деп біледі. Тек үш сарапшы ғана пессимистік баға берді (2 Underweight, 1 Sell).

Сондай-ақ оқыңыз