Жүгері мен кофе қымбаттап барады

Жарияланды
кофе жүгері
Жүгері мен кофе бағасы рекорд орнатты / Фото: kursiv.media

Биыл жүгері, кофе мен какаоның бағасы рекорд орнататын түрі бар. Сарапшылар бұның негізгі себебі – ғаламдық жылынудан деп отыр. Биыл, әсіресе, кофе мен жүгері өсіретін елдерде қыс тым жылы болды. Ал кейбір елдерде аптап ыстық ұзақ уақыт сақталған.

Жүгерінің әлемдік бағасы өсіп жатыр. Оған ірі экспортаушы елдердегі жағдай себеп. Бразилияны су басып, біраз өнім бүлінген. Алғашқы үштікке кіретін Аргентинада зиянкестер көбейген. Олар алқаптарға түсіп, түгін қалдырмай кеміріп жатыр. Салдарынан 10 миллион тонна жүгері жарамсыз боп қалды. Бұл аздай Аргентинада ереуілдер де басылмай тұр. Соның салдарынан кемежайлар жабылып, астық тасымалы қиындаған.  

Кофенің де әлемдік бағасы шарықтап барады. Мәселен, Робуста сұрпының құны кейінгі 45 жылда болмаған межеге жеткен. Оған ірі өндіруші Вьетнамдағы күннің ыстығы мен қуаңшылық себеп болған. Мұнда 2 маусым қатарынан осындай жағдай байқалып отыр. Содан өнім көлемі бірден 20%-ке азайған. Сөйтіп, сәуірде кофенің бір келісі 4,5 долларға жуықтады. Ауа райының қолайсыздығынан бөлек, бағаның өсуіне геосаяси ахуал да әсер еткен. Себебі Таяу Шығыстағы шиеленістен логистика жағы қиындай түскен.  

Бағаның өсуі какаоны айналып өтпеді. Оған Батыс Африкада орналасқан ірі өндіруші елдерді осымен үшінші жыл қатарынан қуаңшылық қыспаққа алып отыр. Содан өнім күрт көлемі азайып кеткен. Өткен айда какаоның бір тоннасы 12 мың долларға сатылып, рекорд орнатқан. Бұл, әрине, шоколад құнына әсер етпей қоймайды.

Сондай-ақ оқыңыз