Жаңалықтар

Шымкент мешітінде әртүрлі мазhабтың өкілдері төбелесті: ҚМДБ түсініктеме берді

Шымкент мешітінде әр түрлі мазhабтың өкілдері төбелесті/Фото:ҚМДБ

Шымкентке өзге өңірден келіп, жамағат намазын бұзған жігіт жергілікті намазханнан таяқ жеді.

Оқиға 12 мамырда кешкі ақшам намазы кезінде болған. Бұл сәттің видеосы желіде пайда болды. Онда өзгелермен қатар намаз оқып тұрған ер адамды екінші бір азаматтың жұдырықпен ұрып жібергенін байқауға болады.

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының мәліметінше, өзге мәзһабта намаз оқыған бір топ адам имамның өтінішіне құлақ аспай, мешіт ережесін өрескел бұзған.

Намаз кезінде «Әмин» дұғасын қатты дауыспен айтқан жандардың әрекетіне төзбеген мешітке тұрақты келуші азамат олардың біріне қол жұмсаған. Нәтижесінде имам жамағат намазын тоқтатуға мәжбүр болған.

«Оқыс оқиға дер кезінде тоқтатылып, полиция қызметкерлері анықтау жұмысын жүргізген. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы мешітке келуші жамағатты мешіт ережесіне бағынуға, сонымен қатар құлшылық үйінде сабыр сақтап, көркем мінез танытуға шақырады», – делінген ҚМДБ мәліметінде.

Айта кетсек, ҚМДБ бекіткен «Мешіт ережесі» бойынша Қазақстан мұсылмандарының ауызбіршілігі мен біртұтастығын қамтамасыз ету үшін намаз бен діни рәсімдер Әбу Ханифа мәзһабы бойынша орындалады.