Туристерге арналған sos-батырмасы іске қосылады

Жарияланды
Туристерге арналған sos-батырмасы іске қосылады/shutterstock

Еліміз бойынша интернет жететін аймақтарда «Туристке арналған sos-батырма» қауіпсіздік жүйесі енгізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев айтты.

«Экотуризмге сұраныстың артуын ескере отырып, ұлттық саябақтарға бару көрсеткіштерінің өсуі байқалады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ұлттық саябақтарға 2,4 миллионнан астам адам келді.  Бүгінде Қазақстан бойынша 16 визит-орталық жұмыс істейді, оның ішінде 7-уі ұлттық парктер аумағында орналасқан. Өткен жылы Алтын-Емел, Шарын және Іле-Алатауы ұлттық парктері жалпы құны 3 млрд теңгеге жуық 3 жаңа визит-орталықпен толықтырылды», – деді ол.

Министр алдағы жазғы маусым қарсаңында азаматтар мен туристер үшін қауіпсіздікті сақтау өте маңызды екендігін атап өтті.

«Сондықтан жергілікті атқарушы органдар судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу, су айдындары мен таулы жерлерде қауіпсіздікті арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Министрлік интернетпен қамтылмаған аймақтарда жұмыс істейтін «Туристке арналған SOS-батырма» қауіпсіздік жүйесін енгізу мәселесін пысықтауда. Бұл отандық әзірлеме саналады», – деді Ермек Маржықпаев.

Оның айтуынша, жүйе толықтай іске қосылғанда интернетпен қамтылған аймақтарға саяхаттауға шығатын туристерге арнайы қол сағат берілетін болады. Егер де әлдекімге қандай да бір көмек керек бола қалса, сағаттағы батырманы басып, белгі бере алады.

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда шетелдік туристерден міндетті жарна — bed tax енгізілген еді. Былтыр ол алынбады, ал 2023 жылдың басынан еліміздің 30-дан астам қалалары мен аудандарында 1-5 пайыз аралығында бекітілген еді. Енді ол жарна пайызбен емес, АЕК-ке сай есептелмек. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында bed tax 0,5 АЕК болса, қалған өңірлерде 0,2 АЕК-ті құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз