Жаңалықтар

«АстанаГаз КМГ» компаниясы шығынының көптігінен 2023 жыл үшін дивиденд төлемейді

shutterstock, бильд-редактор: Денис Андреев

«АстанаГаз КМГ» компаниясы («Самұрық-Қазына» қоры мен Baiterek Venture Fund тиесілі) 2023 жылы тапқан 2,4 млд теңге таза пайдасынан акционерлеріне дивиденд төлемейді. Негізгі себеп – шығынның қордалануы. Компания хабарламасы қор биржасы сайтында жарияланған.

«Өткен жылдардың қорытындысы бойынша жинақталған шығындардың болуына байланысты 2023 жылғы таза кірісті бөлмеу, жай акциялар бойынша дивиденд төлемеу туралы шешім шығарылды», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ акционерлер компанияның 2023 жылға арналған қаржылық есебін бекітті. «АстанаГаз» ҚМГ акционерлері: Baiterek Venture Fund («Бәйтерек» мемлекеттік холдингінің еншілес ұйымы – «Қазына Капитал Менеджментке» тиесілі) пен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ. Қос акционер компанияның 50 пайыз акциясына иелік етеді. Компанияның түпкі басқарушы тарабы – Қазақстан Үкіметі.

Компанияның 2023 жылғы қаржы есебіне сәйкес, компания 2023 жылы 2,4 млрд теңге пайда тапқан. Ал жыл соңындағы қордалаған шығыны 33,5 млрд теңгеге тең. 2023 жылы шығын 36,6 млрд теңгеден асқан. Қазіргі шығыны ағымдағы активтерінен екі еседей асып кеткен,

Қазіргі кезде ұзақмерзімді міндеттемелерінің көлемі 160 млрд теңгеден асса, қысқамерзімді қарызы 30,3 млрд теңгені құрайды. Жиынтық активі 249 млрд теңгеге тең.

Компания «Сарыарқа» газ құбырын (Қызылорда – Жезқазған – Теміртау – Астана) салу арқылы Астанаға газ жұргізуге жауапты болған. «АстанаГаз КМГ» Астана – Көкшетау (276 км) және Көкшетау – Петропавл (177 км) учаскелерінде газ құбырының құрылысын жалғастыруды жоспарлап отыр.