«Қазақстанның Даму Банкі», «Нұрбанк» және «ЦентрКредит Банкі» бірлесіп синдикатталған қарыз шартына қол қойды. Бұл қаражат Pepsi, 7up сынды сусын шығаратын «RG Brands Kazakhstan» ЖШС-не өндіріс қуатын кеңейту және Өзбекстан нарығына өнім экспортын ұлғайту үшін беріледі. Бұл туралы ҚДБ баспасөз хабарламасында жазылған.
Жалпы қарыз көлемі 26,5 млрд теңгені құрайды. Оның 12,5 млрд теңге өндірістік қуатты кеңейтуге, ал 14 млрд теңге экспорт алдындағы қаржыландыруға арналған. Зауыттың өндірістік қуаты кеңейген сайын, түрлі сусын мен шай өндірісі екі есе артпақ. Бұл, өз кезегінде, сусындардың ішкі өндірісі мен экспортын ұлғайтып қана қоймай, кәсіпорында жаңа жұмыс орнын құруға ықпал етеді.
Бұл – ҚДБ-ның қазақстандық екінші деңгейлі банктерімен бірлескен алғашқы синдикатталған қарыз шарты. «ЦентрКредит Банкі» АҚ синдикат аясында транш беруді жүзеге асырып және синдикаттың бүкіл кредиторының мүдделерін білдіреді.
«Синдикатталған қарыздар бізге бірден екі мақсатқа жетуге мүмкіндік береді. Бір жағынан, біз өңдеу өнеркәсібіндегі қарыз алушыларымызға қолжетімді шарттармен ұзақ мерзімді қаржыландыру базасын кеңейтеміз, ал, екінші жағынан, экономиканың нақты секторындағы ірі жобаларды кредиттеуге жеке қаржы институттарын көбірек тартамыз», – деп түсіндірді ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаев.
2023 жылдың желтоқсанында ҚДБ, «Нұрбанк» және «Центркредит Банкі» арасында бірлескен кредит беру жөніндегі ниеттер туралы келісімге қол қойылған. 2023 жылы «Нұрбанктен» 600 млн теңге несие алған. Оның пайыздық мөлшерлемесі сол кездегі базалық мөлшерлемеден үш есе арзан болған.
Компаниясының тікелей иесі – RG Brands, ол өз кезегінде Дубайда тіркелген RG Brands Holding Limited компаниясына тиесілі. Соңғы бенефициар – бизнесмен Қайрат Мәжибаев. Оның байлығы 182 миллион долларға бағаланады. Компания сонымен қатар Mirinda, Piala, Lipton, Asu суы, Moe сүті, Gracio және DaDa шығарады.