Жекешелендіру комитеті «Оператор РОП-қа» тиесілі болған екі зауытты сатылымға шығарады

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
Екі зауыт қазір мемлекет меншігінде / Оператор РОП, бильд-редактор: Артур Алескеров

«Оператор РОП» компаниясынан сот ісі кезінде мемлекетке қайтарылған екі зауытты Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті сатылымға шығаруы тиіс. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз алаңында журналистердің сұрағына жауап берген экология министрі Ерлан Нысанбаев айтты.

«Оператор РОП компаниясына сот ісі қозғалғаннан кейін екі зауыт сот шешімімен мемлекеттің меншігіне өтті. Олардың біреуі ауыл шаруашылық утилизациясын жасауға арналған Қостанайда, екіншісі Қарағандыда. Бүгінгі таңда дүние-мүлік комитеті (Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті – ред.) конкурс жариялап, осы мекеме сатылады», – деді министр.

Бұдан бөлек, министр утильалыммен тек бір компания айналыспайтынын атап өтті.

«Қазіргі таңда автокөліктер мен ауыл шаруашылық көліктеріне утилизациялау туралы бағдарламаны жасадық. Ол тиісті мемлекеттік органдарға келісім алуға жіберілді. Жақын арада осы бағдарламаны қабылдасақ, нарықта монополия болмайды. Зерттеп қарағанда, қазірдің өзінде 196 мекеменің ескірген көлікті жинап, утилизация жасауға рұқсаты бар», – деді министр.

«Оператор РОП» ЖШС миллиардтаған қаржысын жымқырды деген үкіммен төрт адам түрмеге қамалды. Оларға бір жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру үкімі шықты. 

Істе күдікті деп танылған ұйымның бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұхтарова елден қашып кетті. Бір жыл іздеуде болған әйел 2023 жылдың шілдесінде БАӘ-нен елге экстрадицияланды. 2 қарашада оның 920 млн теңге көлеміндегі шығынды толық өтеп, алда тергеумен келіссөзге келуге дайын екені белгілі болды.

«Оператор РОП» утильалыммен айналысқан. 2022 жылы ұйымның активтері мемлекетке қайтарылды. Оның функциялары «Жасыл даму» АҚ мемлекеттік ұйымына берілді.

Сондай-ақ оқыңыз