Үкімет су тасқыны салдарынан келген шығынды әлі есептеп бітпеді
Үкімет су тасқыны салдарынан өңірлерге келген шығынды екі айдан бері әлі есептеп бітпеді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз алаңында журналистер сұрауына жауап берген төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов айтты.
«Қазір шығындарды облыстық әкімдіктер жанында құрылған комиссия есептеп жатыр. Әлі көп өңірде судың тартылмағанын ескерген жөн. Сондықтан нақты қанша шығын келгені туралы ақпарат әлі толық есептеліп біткен жоқ», – деді вице-министр.
Сыздықов қазір шығынды жергілікті әкімдіктер мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі есептеп жатқанын айтады. Ол қазірге дейін есептелген шығын көлемінде нақты айта алмайтынын атап өтті.
«Суды әлі толық сорып болмадық. Нақты мына кезде аяқтаймыз деп айта алмаймыз. Сондықтан шығынның нақты көлемі қашан есептеліп бітетінін айту да қиын», – деді Сыздықов.
Су тасқынына байланысты 120 мыңға жуық адам эвакуацияланған
Су басу аймақтарынан 119 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Оның 44 мыңы балалар екен. Бүгінгі таңда өз үйлеріне 55,6 мың адам оралған. 58 мыңнан астам адам туыстарына орналасқан болса, 5 мың адам эвакопункттерде тұрып жатыр.
Су тасқыны жағдайының қорытындысы бойынша елімізде 12 908 тұрғын үй су астында қалған. 3 өңірде, Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында 264 үй әлі де су астында.
Сондай-ақ, 25 921 саяжай учаскесі су астында қалған. Оның ішінде 6016 үй зардап шеккендердің жалғыз тұрғын үйі саналады.
«Бүгінгі таңда 20 600 отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем алды. Төленген қаражаттың жалпы сомасы 7,5 млрд теңге. 680 отбасы келтірілген материалдық шығын үшін 362,5 млн теңге сомасында өтемақы алды. 568 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге 710 млн теңге сомасында өтемақы алды. Өңірлерде залалды бағалау және оны өтеу жұмыстары жалғасуда. Жағдай тұрақты бақылауда»,- деді вице-премьер Қанат Бозымбаев.
Еске сала кетсек, бүгін 14 мамырда ТЖМ су тасқыны қаупіне байланысты Атырау облысындағы Талдыкөл ауылының тұрғындары эвакуацияланғанын хабарлады. Құтқарушылар Махамбет ауданы Талдыкөл ауылынан 129 адамды, оның ішінде 102 баланы қауіпсіз жерге көшірген. Тұрғындар Атыраудағы эвакуациялық орталықтарға жіберілген.