«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша төлемдерді тағы бір банктен алуға болады
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша тағы бір уәкілетті оператор қосылды. Алдағы уақытта жинақ төлемдерін алу үшін «Отбасы банкі» «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-дан бөлек, БЖЗҚ келісімшарт жасасқан «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ға жүгінуге болады.
Тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатына төлемдерді алу үшін «Отбасы Банкі» жалғыз уәкілетті оператор болып қала береді.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың шотына аударуды ұсынған. Президенттің ұсынысы биыл жүзеге асып, Қазақстан балаларының есепшотына алғашқы жарна түсті.
Баланың бағдарламаға қатысқанын және қанша ақша есептелгенін ата-анасы kids.enpf.kz сайтынан тексере алады. Сайтта баланың ЖСН номерін теру керек. Сондай-ақ есептелген қаржы туралы деректерді egov.kz порталындағы Жеке кабинеттен де көруге болады
Балаларға жыл сайын қатысудың әр жылы үшін инвестициялық кірісті қоса алғанда, нысаналы талаптар түрінде Ұлттық қордан қаражат есептеледі. 18 жасқа толған атаулы жинақтарды алушылар немесе олардың заңды өкілдері уәкілетті операторлардың біріне хабарласып, қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға және/немесе оқу ақысын төлеуге пайдалана алады.