Қазақстанда шетелдік туристер үшін жаңа виза енгізіледі

Жарияланды
виза
Жаңа виза шетел азаматтары үшін ұзақ уақыт бойы елде болуға рұқсат етуге бағытталған / Фото: Shutterstock

Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев айтты.

Ведомство басшысының сөзінше, туристерден визалық-көші-қон режиміне қатысты көптеген шағым түседі. Сондай-ақ ол виза алуды жеңілдетіп, визалық және көші-қон режимін цифрландыру арқылы дамыту керек деп есептейді.

«Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, шетел азаматтары үшін заман талабына сай көшпенділерге арналған визаны енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Оның қолданыстағы атауы – Neo Nomad Visa. Бұл жоба шетел азаматтары үшін ұзақ уақыт бойы елде болуға рұқсат етуге бағытталған. Мұны жүзеге асырудан экономика саласында оң нәтиже – жыл сайын 3 млрд теңгеден астам табыс күтіледі. Қазіргі уақытта Neo Nomad Visa жүйесін енгізу механизмі әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдарға жолданды», – деді министр.

Еске сала кетсек, былтыр елдегі қонақүйлер 8,1 млн адамды қабылдаған. Бұл Қазақстан үшін жоғары көрсеткіш саналады. Бір жылда Қазақстанға қызығушылық танытқан туристер саны 156,9 адамға артқан.

Шетелдік туристер ішінде Қытай (+59,4 мың), Үндістан (+32,5 мың), Оңтүстік Корея (+13,9 мың), Германия (+10,9 мың), АҚШ (10,3 мың) үлесі зор. Ал көршілес Ресей елінен (-64,6 мың адам) келетіндер саны едәуір кеміген. Соның өзінде көрші елден келгендер саны шетелдік туристердің 40%-ын құрайды.

2023 жылы туризм бойынша бюджетке 450 млрд теңге салық түскен.

Сондай-ақ оқыңыз