Қазақстандық әуе компаниялары жыл басынан бері 4,2 млн жолаушы тасымалдаған

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстандық әуе компаниялары
Биыл әуе компаниялары жолаушыларының саны 18,4% артты / Архив: kursiv.media

2024 жылғы қаңтар-сәуірде қазақстандық әуе компанияларының жолаушылар саны рекордтық деңгейде – 18,4%-ға өсіп, 4,2 млн адамға жетті. Алайда олардың табысы айтарлықтай өскен жоқ. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

Аталған кезеңде 549,1 млн жолаушы тасымалданды. Бұл 2023 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда 8,4%-ға жоғары.

Жетісу облысында жүк айналымы төмендеді

Өңірлік бөліністе 2024 жылғы қаңтар-сәуірде жүк айналымының төмендеуі Жетісу (21,2%), Шығыс-Қазақстан (13,9%), Солтүстік Қазақстан (13,8%), Абай (10,6%), Ұлытау (10,5%), Қостанай (9,2%), Ақтөбе (8,5%), Қарағанды (8,3%), Ақмола (7,8%), Түркістан (6,8%), Батыс Қазақстан (4,8%), Алматы (3,7%), Қызылорда (1,5%) және Маңғыстау (0,7%) облыстарында байқалады.

Алматы мен Астанада жолаушылар саны артты

Жолаушылар айналымы Алматы (21%), Астана (18,8%), Шымкент (8,4%) қалаларында және Алматы (30%), Қостанай (23,9%), Маңғыстау (23,3%), Ұлытау (22,9%), Жамбыл (21,6%), Қызылорда (9,4%), Павлодар (7,6%), Атырау (6,3%), Түркістан (1,4%) және Ақмола (1,1%) облыстарында ең көп ұлғайды.

2024 жылғы қаңтар-сәуірде республика темір жол көлігімен 128,7 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл 2023 жылғы қаңтар-сәуір деңгейінен 4,1%-ға аз.

2024 жылғы қаңтар-сәуірде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда автомобиль көлігімен жүк тасымалдау 16,3%-ға өсті және жүк айналымы 17,6%-ға ұлғайғаны байқалады. Бұл ретте жолаушыларды тасымалдау және жолаушылар айналымы тиісінше 8,3% және 14,4%-ға ұлғайды.

Ал әуе көлігімен 4,2 млн жолаушы тасымалданды. 2023 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 18,4%-ға ұлғайды. Бұл ретте әуе компанияларының табысы 6,3% ғана өсіп, 225,3 млрд теңгені құрады.

2024 жылғы қаңтар-сәуірде теңіз көлігімен 891,6 мың тонна жүк тасымалданды, 2023 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 3,1 есеге ұлғайғаны байқалады.

2023 жылы әлемдік әуежайлардағы жолаушылар ағыны 27 пайызға өсіп, 8,5 млрд адамды құраған. Халықаралық әуежайлар кеңесі (Airports Council International, ACI) әлемдегі үздік 10 әуежай рейтингін жариялады.

Сондай-ақ оқыңыз