Қазақстанда су тасқынын алдын ала ескертетін IT-шешімдер енгізіліп, hydro.gov.kz платформасы іске қосылады. Бұл жайлы вице-премьер Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен жиын барысында айтылды.
«Жаңа Су кодексі және басқа да бірқатар стратегиялық мемлекеттік бағдарлама су тасқынын болжау және алдын алу жөніндегі шараларды күшейту мақсатында қайта қаралады»,- делінген Үкімет үйі таратқан хабарламада.
Атап айтқанда, Үкімет бұл салаға қатысты бірнеше IT-шешімдер әзірлеп жатыр. Біріншісі – жедел хабарлау және құтқару қызметтерін ТЖ аймағына жөнелтетін SKYMAX су тасқынының алдын алу жүйесі болса, екіншісі – тасқын сулардың өтетін жерлердің цифрлық карта-схемасы.
Сонымен қатар hydro.gov.kz платформасы әзірленіп жатыр. Бұл платформа су қорғау аймақтарында жер учаскелеріне бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл жүйе көмегімен әкімдіктер су қорғау аймақтарында орналасқан құрылыстарға тексеру жүргізіп, оларды жою немесе көшіруді қамтамасыз етеді.
Су тасқыны қаупі жоғары аймақтарда гидромониторинг күшейтіледі. Бұл мақсатта елде гидропосттар санын арттыру көзделген. Қазіргі уақытта қолданыста 377 гидропост бар. Оған қосымша жаңа 139 нысан қосылады. Бұл гибробекеттер су тасқыны қаупі бар аумақтар мен трансшекаралық өзендерде орналастыралады.
Сондай-ақ су тасқынын болжау үшін халықаралық сараптамалар жүргізілген. Нақтырақ айтқанда, елдегі апаттың алғашқы күндерінен бастап елімізде Нидерландыдан келген ғалымдар тобы жұмыс істеген. Олар жақын арада су тасқыны қаупін басқарудың бірлескен жоспарын ұсынбақ.
Жиын барысында Қанат Бозымбаев жергілікті атқарушы органдарға су қорғау аймақтары мен белдеулері белгіленбеген су объектісінің жағалау аймағынан 500 метр қашықтықта жер учаскелерін бермеу қажеттігін айтты.
Сонымен бірге кеңесте «Қазгидромет» РМК жанындағы гидрологиялық қызметі Президент тапсырмасы бойынша жаңадан құрылған «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметіне тапсыру мәселесі да талқыланды. Үкімет үйінің хабарлауынша, бұл мәселе әзірше талқылау сатысында.
Еске сала кетсек, елде су ресурстарын басқаратын «Қазгидрогеология» ұлттық акционерлік қоғамы құрылды. Мекеме жерасты су ресурстарын басқаруды цифрландырумен айналысады. Сонымен бірге бұл компания деректер қорын және гидрогеология және геофильтрациялық модельдер, цифрлық және картографиялық деректер қоры саласындағы тұрақты жұмыс істейтін геоақпараттық жүйелерді және жерді қашықтықтан зондтау деректерін қолдана отырып, оларды басқару жүйелерін құруға тиіс.