Жаңалықтар

Тасқын су кезінде күйдіргі ауруымен ауырған мал көмілген 10 орынды су шайған

күйдіргі
Күйдіргі ауруымен ауырған мал көмілген жерлерде дезинфекциялық шаралар жүргізіліп жатыр / Фото: kursiv.media

Су тасқыны кезінде Қазақстанның 3 өңірінде күйдіргі (сібір жарасы) жұқпалы ауруымен ауырған мал көмілген 10 орынды су шайған. Бұл жайлы Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты.

«3 өңірде 10 күйдіргі көмілген жерлерді (Ақтөбе-3, БҚО – 3, СҚО – 4) су басқан. Тиісті қызметтер жергілікті жерлерде жедел дезинфекциялық іс-шаралар жүргізуде»,– деді Бозымбаев.

Ары қарай вице-премьер елдегі су тасқыны жағдайы жөнінде баяндады. Айтуынша, Қазақстанның бірнеше өңірінде әлі де төтенше жағдай режимі сақталған. Ал Атырау облысындағы жағдай күрделі. Қазір Жайық өзеніндегі су деңгейі Индербор және Махамбет су бекеттерінде қауіпті белгілерден асып түскен.

Сонымен қатар су тасқынына байланысты Ақтөбе облысындағы 2 елдімекенге әлі де көлік қатынай алмайды. Дегенмен ол ауылдар қажетті азық-түлікпен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілгені айтылды.

Су тасқынына байланысты 120 мыңға жуық адам эвакуацияланған

Су басу аймақтарынан 119 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Оның 44 мыңы балалар екен. Бүгінгі таңда өз үйлеріне 55,6 мың адам оралған. 58 мыңнан астам адам туыстарына орналасқан болса, 5 мың адам эвакопункттерде тұрып жатыр.

Су тасқыны жағдайының қорытындысы бойынша елімізде 12 908 тұрғын үй су астында қалған. 3 өңірде, Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында 264 үй әлі де су астында.

Сондай-ақ, 25 921 саяжай учаскесі су астында қалған. Оның ішінде 6016 үй зардап шеккендердің жалғыз тұрғын үйі саналады.

«Бүгінгі таңда 20 600 отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем алды. Төленген қаражаттың жалпы сомасы 7,5 млрд теңге. 680 отбасы келтірілген материалдық шығын үшін 362,5 млн теңге сомасында өтемақы алды. 568 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге 710 млн теңге сомасында өтемақы алды. Өңірлерде залалды бағалау және оны өтеу жұмыстары жалғасуда. Жағдай тұрақты бақылауда»,- деді Бозымбаев.

Еске сала кетсек, бүгін 14 мамырда ТЖМ су тасқыны қаупіне байланысты Атырау облысындағы Талдыкөл ауылының тұрғындары эвакуацияланғанын хабарлады. Құтқарушылар Махамбет ауданы Талдыкөл ауылынан 129 адамды, оның ішінде 102 баланы қауіпсіз жерге көшірген. Тұрғындар Атыраудағы эвакуациялық орталықтарға жіберілген.