Реформалар мен жыныстық зорлық: Канн фестивалінің жетекшісі даулы мәселелерге жауап берді
77-ші Канн фестивалінің ашылу салтанаты қарсаңында фестивальдің бас делегаты Тьерри Фремо халықаралық журналистердің толассыз сұрағы мен наразылығына жауап берді. Даудың басы неден басталғанын түсіндіріп көрейік.
Бұған дейін Еуропаның бірқатар елінде фрилансерлерге салық салуға қатысты заңға қарсы наразылық туындап жатқанын жазған едік. Кино индустриясы ғана үшін емес қарапайым халық та көз тіккен маңызды іс-шара қарсаңында қосымша жұмысы үшін де салық төлеуге міндеттелген азаматтар өз жағдайына назар аударту үшін фестиваль алаңын барынша қолданып жатыр. Одан бөлек, жақында кино саласында жүрген бірқатар шеңді және танымал азаматтардың жыныстық зорлық көрсеткені туралы деректер таралып, айыпталған болатын.
Құрамына киномеханиктер, көлік жүргізушілері, асхана қызметкерлері мен фестивальде басқа да қызмет атқаратындар кіретін Кинофестивальдердің штаттан тыс қызметкерлерінің ұжымы (Collectif Des Précaires des Festivals de Cinéma) «Экран артындағы кедейлер» деп аталатын кампания бастады. Қызметкерлер Франция үкіметі қабылдаған жұмыссыз азаматтарға берілетін жәрдемақының азаюына алып келетін еңбек реформаларына наразы екенін айтып, жұмысқа шықпайтынын жеткізді. Фестиваль қызметкерлері ұжымы, әсіресе, Францияның жұмыссыздарды сақтандыру жүйесіне енгізілетін өзгеріске қарсы. 2024 жылғы 1 маусымда күшіне енетін жаңа заң бойынша фрилансерлер жәрдемақы алып отыруы үшін белгілі бір сағат еңбек етуі керек, ал ол сағаттарды жинаса жәрдемақы көлемі азаяды. Аталған ұжымның бірқатар мүшесі Канн сияқты Францияда өтетін бірнеше киноға қатысты іс-шараларда қысқа мерзімді қызмет етеді.
Осы ретте салтанатты шара алдындағы баспасөз жиынында фестиваль жетекшісі Тьерри Фремо Канн қандай да бір полемикаға ашық екенін, бірақ фестивальдің даусыз өткенін қалайтынын мәлімдеді.
Ал жұмысшылардың жұмыссыздықтан қорғауға қатысты талабына «Білікті техникалық мамандар керек. Біз де, олар да наразылық қаламайды» деп жауап берді. Фремоның айтуынша, кадр мамандары олармен күнделікті байланысып отырады. «Олармен байланысты үзбедік. Келіссөздер де нәтижелі өтіп, қос тарапты қанағаттандыратынына сенемін», – деп қысқа қайырды.
Фестиваль жетекшісінің бұл мәселеге қатысты бір ауыз сөзі журналистерді қанағаттандырмады. Сондықтан 77-жиынның қалай өтері әлі күнге дейін көпшілікке қызық болып отыр.
Ұжым фестивальдің алғашқы аптасында Канн фестивалінің басшылығы мен Экономика министрлігінің өкілдерімен кездесуді талап етіп отыр. Ал Фремо жиын кезінде наразылық акциясы ұйымдастырылса, қандай әрекетке көшетінін хабарламады. Мұндай келеңсіздік жалпы салтанатты жиынға, логистика мен әкімшілік жұмыстарға әсер ететіні сөзсіз.
Жұмысшылар мәселесіне қатысты ашылып сөйлемеген бас делегат #МенДе кампаниясына қатысты да енжар жауап қайырды. Журналистердің осы кампания айналасындағы мәселені шешу үшін арнайы кризис менеджерлерді жалдауын анықтауды мақсат еткен сұрағына жауап бере алмайтынын мәлімдеді.
«Бұған дейін фестиваль қарсаңында кино туралы әңгіме болатын. Біз де кино ұнар ма, ұнамас па деп уайымдайтынбыз. Кейінгі 20 жылда өзгеріске ұшыраған нәрсе – журналистер сұрағы. Биыл полемика жоқ. Фестиваль сыртында бар, әрине, бірақ оның киноға қатысы шамалы», – деді Тьерри Фремо.
Француз БАҚ бетінде әлі де бірқатар актер, режиссер мен продюсерді әшкерелейтінін мәлімдегені туралы хабарлар бар. Тіпті салтанатты жиында #МенДе кампаниясының таныстырылымы ұйымдастырылып, жыныстық зорлық жасаған кино саласының 10 майталманының аты жарияланады деген болжам бар.