Air Astana акцияларын кері сатып алу басталған 2 апта ішінде жасалған мәміле санын жария етті
Air Astana компаниясы қазақстандық биржалар арқылы нарыққа сатылған құнды қағаздарын кері сатып алуды бастағанын хабарлаған. 288 мың доллардан астам сомаға жасалған алғашқы сауда-саттық Halyk Finance арқылы жүзеге асқан.
Қазақстан қор нарығында жарияланған ақпаратқа сәйкес, қайта сатып алу туралы хабарландырудан кейінгі алғашқы екі аптада 288,6 мың долларға 112 530 акция мен 4 651 жаһандық депозитарлық қолхаттар сатып алынған.
Қайта сатып алу бағдарламасының бірінші бөлігі 2024 жылдың 30 сәуірінен басталған еді. Ол 2025 жылдың 8 ақпанынан кешіктірілмей аяқталады.
Бұл туралы компания 30 сәуірде хабарлап, Қазақстан биржаларында сатылған қарапайым акцияларын және жаһандық депозитарлық қолхаттарын сатып алуды бастайтынын жария етті.
«Бағдарламаның мақсаты – компанияның қызметкерлердi көтермелеу бағдарламаларынан туындайтын мiндеттемелерiн орындау. Компания 4 786 800 акцияға (акциялар және ЖДҚ нысанында) дейін сатып алуға ниетті. Бұл қазіргі уақытта 12 миллион АҚШ доллары мөлшеріндегі ең жоғары сыйақыға (ілеспе шығыстарды қоса алғанда) компанияның орналастырылған акцияларының жалпы санының шамамен 1,3% -ын құрайды. Бағдарлама 2024 жылғы [30 сәуірден] басталады және 2025 жылғы 8 ақпаннан кешіктірілмей аяқталады», – делінген 30 сәуірде жарияланған Air Astana хабарламасында.
3 мамыр мен 13 мамыр аралығында өткен бағдарламаның бірінші кезеңінде сатып алынған қоғамның қарапайым акциялары мен жаһандық депозитарлық қолхаттар саны Air Astana сайтында жарияланған.
Айта кетейік, ақпан айының ортасында IPO-ға шыққан Air Astana тобы – акцияларын бір мезгілде үш биржада (LSE, KASЕ мен AIХ) орналастырылған алғашқы қазақстандық компания. Жария орналастыру барысында сұраныс ұсыныстан асып түскен. Қазақстан нарығындағы жалпы сұраныс 483 млн доллардан асты. Жеке инвесторлар жалпы сомасы 216 млн долларға 60 мыңға жуық өтінім беріп, сұраныстың шамамен 53%-ы қанағаттандырылған.
Жария орналастыру шеңберінде 3 сатушы тарап: «Самұрық-Қазына» АҚ, BAE Systems PLC және компанияның өзі 370 млн доллар қаржы тартқан. Жеке инвесторлардан түскен өтінімдердің 97,8 %-ы қанағаттандырылды. IPO барысында компания құны шамамен 847 миллион долларды құрады.