"Сапалы жол жоқ, аялдайтын тұрақтар мен кемпингтер қаралмаған": Бектенов туризм саласына ден қоймаған әкімдерге шүйлікті

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Бектенов туристерге сапалы қызмет көрсетуді емес, тек ақшаны ойлайтын такси жүргізушілерін де сынады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп авиабилеттерге баға белгілеу мәселесін шешуді және танымал туристік бағыттарға пойыздар санын көбейтуді тапсырды. Сонымен қатар туристік саланы дамытуға ден қоймай келген өңір әкімдеріне де шүйлікті.

Үкімет басшысы еліміздің туристік саласына тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай арта түскені мәлімдеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 53%-ға өскен. Десе де, кейбір өңірлерде инвестиция тарту деңгейі, керісінше, төмендеп кеткен.

«Олардың қатарында Атырау, Қарағанды, Жетісу, Павлодар, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарын атап өтуге болады. Бұл өңірлерде тарихи-мәдени мұраларға бай әрі көрікті жерлер де көп. Демек әкімдіктерде бұл бағыттағы жұмысқа тиісті ықылас жоқ деген сөз. Мемлекет басшысы инфрақұрылымды кешенді түрде дамытып, сервис сапасын түбегейлі жақсартуды тапсырды. Өйткені дәл осы проблемалар туризмнің дамуына тұсау болып отыр»,- деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Премьер-Министр елімізде көздің жауын алатын көрікті жерлер көп екеніне тоқталды. Алайда оларға жетудің өзі бір мұң, әзірге жағдайдың өзгеретін түрі байқалмайды деп сынады.

«Мысалы, Шығыс Қазақстанды немесе Балқаш пен Алакөлді алып қарайтын болсақ, не сапалы жол жоқ, не аялдайтын арнайы тұрақтар мен кемпингтер қаралмаған. Туристер күйі кеткен демалыс орындары мен ондағы санитариялық талаптарға сай келмейтін қолайсыз жағдайларға мойынсұнуға мәжбүр»,- деді Премьер-Министр.

Бектенов бәсеке жоқ жерде, сервис сапасы да ақсай беретінін айта келе туристік бизнесте «демалуға қайтсе де келеді» деген қарабайыр түсінік қалыптасқанын айтады.

«Дәл осындай көзқарас еліміздің туристік имиджіне нұқсан келтіреді. Әуежайдан шыққан шетелдік турист бірден ақшаға құныққан такси жүргізушілеріне кезігеді. Олардың ойлағаны қонақты баратын жеріне қауіпсіз жеткізу емес, барынша қомақты ақша алып қалу. Вокзалдар мен әуежайларда өркениетті көлік түрімен қамтамасыз ету туралы әкімдіктерге қанша рет тапсырылды, бірақ әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Біз мұндай тәсілдерді өзгертпейінше, сыртқы туризм кеңінен танымал болып қала береді. Бұл ретте Қазақстанның табиғаты мен әсем жерлері елімізде экологиялық, мәдени, зиярат ету және емдік-сауықтыру туризмін дамытуға зор мүмкіндік береді«,- деп толықтырды Үкімет басшысы.

Сондықтан мемлекет тарапынан туристік аймақтарда инфрақұрылымды қамтамасыз етіп, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігі аталып өтті. Олжас Бектенов бизнес тарапына туристік аумақтарды ұқыпты пайдаланып, қолжетімді бағамен сапалы сервисті қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл әуе және теміржол билеттерінің бағасына да қатысты.

«Шағын азаматтық авиация мүмкіндіктерін де туризмді дамытуға пайдалануға болады. Ол үшін Көлік министрлігі инфрақұрылымды қайта қарап, әлеуетті инвесторларды тарту үшін тиісті жағдай жасауға тиіс. Сонымен қатар қауіпсіздік мәселелерін пысықтап, көршілес елдермен қатар алыс шетелдердің де тәжірибесін зерттеп көру қажет»,- деді ол.

Саладағы мәселелерді көтерген Премьер-министр өңір әкімдеріне туризмді дамытуды тікелей бақылауға алуды тапсырды.

«Көлік және Туризм министрліктері мен әкімдіктер демалыс аймақтарындағы инфрақұрылым жобаларының аяқталуын қамтамасыз етсін. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорымен бірге пойыздар санын көбейтіп, авиабилеттерге баға белгілеу мәселесін шешу қажет»,- деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар  Бектенов  Туризм және спорт министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, агро және экотуризмді дамыту мақсатында жаңа жобалар әзірлеуді тапсырды.

 «Әкімдіктер жаңа дестинация орындары мен туристерді тарту мәселесін пысықтауға тиіс. Сондай-ақ Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірге туристік объектілердің жазғы маусымға дайындығын қамтамасыз етіп, саяхаттаушылардың қауіпсіздігі шараларын қабылдауы қажет. Өңір әкімдеріне туризм саласын дамытуды тікелей бақылауға алуды тапсырамын. Барлық мәселе Туризм және спорт министрлігімен бірге шұғыл шешілуі қажет»,- деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ оқыңыз