Қазақстан Қытай және Ресей компанияларымен бірлесіп, Жамбыл облысында ірі химия кешенін салады

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
«ЕвроХим» компаниясы Жамбыл облысында химиялық кешен салмақ / Фото: архив
kursiv.media

Ресейлік инвестор «ЕвроХим» компаниясы Қазақстанда минералды тыңайтқыштар шығаратын ірі зауыт салады. «ЕвроХим» минералды-химиялық компаниясы мен Қытайдың «China National Engineering Company» (CNCEC) компаниясы келісімшартқа қол қойды.

Аталған келісімшарт Жамбыл облысы, Жаңатас қаласындағы химия кешенін жобалау, салу және пайдалануға беру жөнінде болған. Жоспарланған минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыттың қуаттылығы жылына кемінде 1 млн тонна құрайды. «ЕвроХим» компаниясының Қазақстандағы инвестициялық жобасы 3 кезеңде жүзеге асырылуда. Химиялық кешен құру – соңғы кезең. Инвестицияның жалпы көлемі 1 млрд долларды құрайды. Кәсіпорын сонымен қатар 2400 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз етеді.

 «Азық-түлік қауіпсіздігі жер мен судың болуымен басталмайды. Бұл оның негізгі тірегі, бірақ, шын мәнінде, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тыңайтқыштар қажет. Сондықтан бұл біз үшін өте маңызды жоба. Оны «ЕвроХим» және қытайлық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырып жатырмыз. Бұл өте үлкен Еуразиялық ынтымақтастықтың ең жақсы үлгісі және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін өте үлкен оқиға», – деп атап өтті жиынға қатысқан Қанат Шарлапаев.

Айта кетейік, «ЕвроХим» – минералды тыңайтқыштар сегментінің ірі инвесторы. Компанияның химия және тау-кен салаларындағы ауқымды жобаларды сәтті жүзеге асыру тәжірибесі де бар. Сондай-ақ «CNCEC» де өнеркәсіптік инжинирингтік компания ретінде белгілі. Олардың қызмет бағыттарына химия, мұнай-химия, фармацевтика, көмір және энергетика өнеркәсібі салаларындағы жобалар үшін консалтинг, жобалау, құрылыс және инфрақұрылымды құру кіреді.

Еске салсақ бұған дейін «ҚазМұнайГаз» SINOPEC және СИБУР компанияларымен бірлесіп, құны 7,7 млрд долларды құрайтын газ-химия кешенін салынатыны туралы хабарлаған едік. Үкімет басшысы әлемнің ірі мұнай-химия компанияларының басшылары – SINOPEC Қытай мұнай-химия корпорациясының президенті Джао Донгпен және «СИБУР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасы Михаил Карисаловпен кездескен.

Кездесу барысында қуаттылығы жылына 1,25 млн тоннаны, ал жалпы құны шамамен 7,7 млрд долларды құрайтын полиэтилен өндіру бойынша алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенін бірлесіп салу мәселесі талқыланған. Бұл кешен полиэтилен өндіру бойынша әлемдік қуаттың 1%-ын өндіретін болады. Салынатын зауыт үлесі үш компанияға тиесілі болады. Онда «ҚазМұнайГаз үлесі» – 40%, SINOPEC үлесі – 30%, СИБУР үлесі– 30% құрайды. Кездесу барысында Sinopec-тің жоба қатысушыларының құрамына кіруін ресми түрде аяқтайтын үшжақты хаттамаға қол қойылған. 

Сондай-ақ оқыңыз